Парасат биігі

6

0

«Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы,

Таңдайды құз-қияны.

Шын тектілер халқы үшін,

Өлімге басын қияды.

Жақсы-жаман деместен,

Жанына жұртын жияды…»

Бекасыл әулие осылай деп­ті. Бұл жолдар Сыр бойы­ның тумасы, белгілі қоғам қайраткері, кезінде нақақ «ха­лық жауы» атанған, қиянат­тың құрбаны болған атам Те­мір Камалов пен оның тұяғы, әкем Болат Темірұлына арнал­ғандай.

Болат – Темір мен оның туған немере інісі Ыбырайым Тәжиевтің өнегелі ісін жал­ғастырушы. Әкесі жала же­бе­сіне ілініп, ұсталып кеткенде бар-жоғы алты айлық сәбидің пешенесіне балалық бал шақ қиял боп бұйырды. Қатира әжем Болаты мен Еркінін аты жаман теңеуден арашалай ал­­маған кезінде жаны талай ышқын­ған. Көз жасына ғана ерік бергенмен, ешкімнің мү­сір­кеуін қажетсінбеген қай­ратты һәм нәзік әйелдің бір ғана арманы болды. Ол – Те­мірінің көзі Болат пен Еркінді азамат етіп өсіру, әуелі Құдай, жар аманатына титтей де қиянат етпеу.

Шүкір! Ана арманы, әке аманаты толығымен орын­дал­ды. Жастайынан білім де­се ішкен асын жерге қой­ған әкем мектепті өте жақ­сы оқы­ған, үздік бітірген. Бір­ден-ақ Алатау баурайын­да­ғы Алматы ауыл шаруа­шы­лығы институтына оқуға қа­был­данған. Сонда оқып жү­ріп, арына дақ, бетіне са­лық, сү­йекке таңба болған «ха­лық жауының баласы» деген ат­тан арылды. Әкесі ақталды. Бұрыннан да оқуға зерек, ғы­­лымға ұмты­лған жастың бұл қуа­ныштан соң зейіні одан сайын ашыла түсті. Жаңа ты­ныс, жа­ңа леп әкесінің жаңа аты­мен бірге келді.

Ес білгенде әкем Болат ұлт жақсылары И.Тоқтыбаев, Т.Жүргенов, Ә.Құдабаев, С.Ес­­қараев, Ғ.Мұратбаев, С.Са­­парбеков, С.Қожанов, Т.Рыс­­құловпен қатар жүрген, қазақ халқы келе­шегінің ке­мелденуіне жас өмі­рін құрбан еткен әкесі Те­мірдің қалайша «халық жауы» болғанына тү­сіне алмаған. Бұл жайын­дағы барлық деректі құ­жаттарды іздеп тапты. Осы­лайша 1938 жылдың 28 ақпа­нында Ал­матыда атылған әкесінің ақ­талғаны туралы хабар 20 жыл­дан соң, 1958 жылы жетті.

Тектілік ата жолы, әке қаны мен ана тәрбиесінен бойына қуат боп құйылған әкем туған жерінде ауыл шаруашылығы саласында еңбек етті. Көп жыл бойы қазіргі Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­­ситеті, сол кездегі Қызыл­орда политехникалық инсти­тутында оқытушылық қызмет атқарды. Құрылыс және ме­лио­ративті машиналар кафед­расының меңгерушісі, доцент, механика факультетінің де­каны бола жүріп, тәрбиесіз бе­рілген білім ұрпақтың қас жауы екенін жанымен түй­сінді. Түйсінді де, тегін­дегі инабат, иба, мейірім мен жү­рек жылуын өзі оқы­тып, тәрбиелеп жатқан бі­лім­­гер­лерге барынша бе­руге ты­рысты. Осылайша абы­ройы мен жауап­кершілігі ал­дында па­йым-парасат биі­гінде тұ­рақ­таған ол мүйізі қа­ра­ғайдай ғалымдар, профес­сор-док­тор­лардың жоғары баға­сына ие болды. 1990 жыл­дың қазан айында Мәскеу қала­­сын­дағы Е.Алексеевский атындағы Су шаруашылығы және егістікті суландыру жүйе­лерінің бүкіл­одақтық мемле­кеттік жобалау мен зерттеу институтының ар­найы ғылыми кеңесінде «Егін шаруашылығын сулан­дыру» мамандығы бойын­ша «Қызылорда облысы­ның күріш егу жүйесіндегі канал­дар мен карталық сулан­дыруды пайдалану» та­қы­ры­­бындағы кандидаттық дис­сер­тация­сын профессор В.Су­ри­ков­тың жетекшілігі­мен қор­ғап шықты.

Ыбырай Жақаев баладай мәпелеген дақыл – Сыр күрі­шінің береке мен бірліктің те­тігіне айналуына арда аза­маттармен бірге тізе қосып, аянбай еңбек еткендер қата­рында әкем Болаттың да есі­мі құрметпен аталады. Қа­зақ күріш ғылыми-зерттеу инс­ти­тутының механика­ландыру секторы меңгерушісі бола жүріп, бірнеше ғылыми зерт­теу жұмысына жетекшілік жа­сап үлгірді. Күріштің ауыс­палы егістіктегі су жүретін арналары мен қашыртқы ка­налдарды тазартуды механи­каландыру және канал та­зарт­қыш техникалардың жұ­мыс істеу технологиясын жетіл­діру үшін барын салды, білімін жетілдіріп отырды. Сондай-ақ Сыр бойы ғана емес, Қа­зақстан үшін тиімді болған күріш өндірісін меха­ника­лан­дыруда жер өңдеу, тұқым себу, арам шөптен тазарту, егін­ді жинау мен сұрыптау, т.б. технологияларды пайда­ла­­нудың қыр-сырын білді, үй­ретті, нәтижеге қол жеткіз­ді. Нақты ғылымның ша­руа үшін қызмет етуіне мұ­рындық болды, қызу еңбектің бел ор­тасында жүрді.

Күрішті тек тағам ғана емес, ғылыми негізі бар, бүкіл әлем мойындаған жау­һар деңгейіне көтеруде де ға­лым Болат Темірұлының ең­бегі айрықша. Өндіру мен же­тілдіру үшін қажетті ме­ха­ника тетіктерін ғылы­ми айналымға түсірген бірнеше ғылыми зерттеу жұмыс­ы­на жетекшілік етті. Шәкірт­те­рі­нен ұстаздық, аға, әкелік қам­қорлығын аянып қалмады. Содан да болса керек, оны «ұс­тазым» деп үлгі тұтып, құр­­меттейтін шәкірті көп. М.То­башев, Д.Әубәкіров әкем­нің ғылыми кеңесшілі­гі­мен Мәскеу гидромелио­ра­тив­тік институтының ма­ман­­дан­дырылған кеңе­сін­де кан­­­ди­даттық диссер­тация­ла­рын сәтті қорғап шықты. Ол К.Ша­киев, Н.Әбілдаев, Е.Ыс­қақов, Е.Қодаровтың ғылыми жұмыстарына жетекшілік жа­сады.

Жұмысында қандай тия­нақты болса, үйде сонша­лық­ты талапшыл, десе де жү­регі мейірімге толы жан еді. Ба­лаларының өздері қала­ған ма­мандық иесі болуы үшін жі­гер, қайрат берді. Қиын­дық­қа мойымауды, барға қана­ғат, жоққа шүкір етуді үйретті. Нау­қасы жанына батса да, ме­йірімге толы жанары бізді аялап жатты. Соңғы демі қал­ғанша анама деген құрмет, махаббаты зор болды. Анам­ның ыстық алақа­нын өзінің ауру меңдесе де, қайраты қайт­паған сау­сақ­тарымен ая­лай ұстап, қош­тасқаны әлі күнге дейін көз алдымда. Әкенің бала үшін осыншалықты қымбат еке­нін сөзімен ғана емес, бар болмысымен ұқтырған жан­ның жарқын бейнесі күннен күнге биіктей түсуде.

Болат Темірұлы жұмыста профессор, іс үстінде маман, ел ішінде қадірлі азамат, үй­де әке болу өмірдегі ең үл­кен жауапкершілік екенін бір сәт есінен шығармады. Айна­ла­сы­на сыйлы, салмақты, ақ­еден, ақжарқын, асыл азамат бей­несі күн өткен сайын жа­қын­дар жадында жаңғыра бер­мек. Жаңғыртатын – өзі сүйген ісі, артында қалған өшпес ізі, әке аманатына адал ұрпағы, ұжымы мен жақын-жуық, іздеушілері.

Ақмарал ТЕМІРОВА,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің корпоративтік хатшысы,

қауымдастырылған профессор