«Шағын мемлекет» қайткенде шайқалмайды?

400

0

Отбасының тыныш, ағайын-туыстың тату болғанына ештеңе жетпейді. Отанымыздың тұрақ­тылығы әрбір шағын мемлекеттің шайқалмауына тікелей тәуелді.

Қай-қайсымызды да бүгін үйленіп, ертең ажырасатындардың статистикасы алаңдатады. Оған әсер ететін бірнеше фактор бар. Біріншісі – жұмыссыздық мәселесі. Үйде бос жатқан соң әйел адам «ақша таппадың» деп күйеуін түртпектейді. Ол қайтеді? Көшеге шығады, өзі сияқты екі қолға бір күрек таппағандарға қосылады. Ішімдікке құмартады немесе басқа зиянды әдеттерге әуестігі оянады. Тұрмыс тауқыметі әлеуметтік мәселеге әкеп тірейді. Ал бұлар елдің саяси ахуалына әсер етпей қоймасы анық.

Қазақтың әйелдері жеті-сегіз баладан тапқан уақыт алыстап бара жатыр. Ол кезде қандай еді?! Балалар бір-бірімен бауырмал, біріне-бірі бас-көз болды. Бірінің киімін бірі киіп өсті. Тұрмыс тапшылығын сезінбеді емес, бір кісідей сезінді. Бірақ көңіл кең еді, «әр баланың өз несібесі бар» деп, барға қанағат қылды. Қазір екі-үш баламен шектеледі, бірақ бәрібір жетпейді. Өйткені екі баланың «еркелігі», «ананы әпер», «мынаны әпер» дейтін талабы таусылмайды.

Бала санының аздығы тағы елдің саясатына кедергі. Өйткені өндіріс қарқынды дамып, қазір­гіден көп жұмыс орындары ашыл­ғанда адам күші жетпеуі мүмкін. Сондайда сырттан жұмыс күшін тартуға тура келеді.

Біз болашақты ойлауымыз керек. Қазақстанның жері қазба бай­лыққа толы. Әсіресе, соны ұқсатып пайдаланатын, өндірісті өркендететін мамандар даярлау жағын. Олар біз бен сіздің шаңы­рағымызда өсіп келеді. Отбасы­лардың баспаналы болуына кө­мектесу, басқа да мәселелерін шешу бойынша мемлекет қолдауы үзілмесе екен. Отбасылық кәсіпті дамытуға Үкімет басымдық берсе, құба-құп. Өйткені жақын адамдар бір-біріне сенеді, иек артады, бірлесе іс бітіреді. Елдің жағдайы, бет-бейнесі әрбіріміздің үйіміздегі тыныштықпен, ондағы адамдардың сыйластығымен етене байланысты деуімнің себебі – осы.

Айтжан ОРАЗБАҚОВ,

тарих ғылымдарының

кандидаты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз