Жақын болашақта әлем елдерінің есінен шыға қоюы екіталай – Кеңес одағы деген алып мемлекеттің билік тұтқасын ұстаған тұста дүниеге келгендердің өмір деректерінің бір-бірінен соншалықты айырмашылығы болмаған. Өйткені, озып кеткенді орнына қойып отыратын, қалыс қалғанды қалт жібермей қадағалап тұратын, темір тәртіпке негізделген тоталитарлық жүйе теңдік деген теңеуді желеу етіп, тұтас қоғамның еркін өмір кешуіне мұрша бермеген.
Оразалы Сармантаев та, ақ пен қызыл арпалысып атой салып жатқан 1918 жылдың аласапыранында, кейінірек аудан атанған Қазалының «Табанкөл» колхозына қарасты «Жаңа-арық» ауылында өз замандастары сияқты шаруа отбасында өмірге келген. Шағын ғана шаруашылығы, ұсақ малы бар әкесі Сармантай мен анасы Қуатқан сол кезеңнің саясатымен бес баласын жетелеп колхозға мүше болды. Ашаршылық басталып, балапан басына, тұрымтай тұсына кеткен ақтаңдақта «бір Құдайға тәуекел» деп, орындарынан қозғалмай отырып қалды да, әкесінен өзгесі көпке ортақ болған нәубеттен аман шықты. Елдің жағдайы жөнделе қоймағасын, анасы аман алып қалуды мақсат етіп, бес ер баласының екі кішісін балалар үйіне өткізуге мәжбүр болды. Олардың біреуі қашып келді де, ең кіші інісін Оразалы содан қайтып көрген жоқ. Кейінірек, заман түзелгесін іздеу салып көргенімен, еш жерден дерегі шықпады.
1936 жылы Оразалы Сармантаев орта мектепті тәмамдап, екі жылдан соң әскери борышын өтеуге Қызыл Армия қатарына шақырылды. Екінші дүниежүзілік соғыс фашистік Германияның 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Польшаға басып кіруінен бастау алса, Кеңес одағы да одан қалысқысы келмей, сол жылдың 17 қыркүйегінде Батыс Белоруссия мен Батыс Украинаны, Литва республикасының Вилен аймағын азат етуді желеу етіп, Польшаға соғыс жариялады. Германия Польшаны санаулы күнде ың-шыңсыз басып алса, Кеңес одағы аталған аймақтағы бар болғаны жиырма күнге созылған соғыста, едәуір әскери техникасынан, бір жарым мың адамынан айырылды. Қызыләскер Оразалы Сармантаев 1-атқыштар полкінің құрамында Польшамен болған соғысқа қатысып, алғаш рет жау әскерімен бетпе-бет келді. Оң қолының шынтағынан жоғары, бұлшық етінен алған терең жарақатын емдеу екі айға созылып, өзіне-өзі келгеннен кейін, әскери борышын өтеуді бастаған 1-ші атқыштар полкінің құрамына қайта оралды.
Полк 1939 жылдың 26 қарашасында Кеңес одағы мен Финляндия арасындағы шекаралық аймақ үшін басталған соғысқа жіберілді. 1940 жылдың 13 наурызына дейін созылған бұл соғыста, «маскировка», немесе дұшпан көзін алдау үшін аппақ қар мен сұрғылт түсті орман ағаштарының түсіне сәйкес әскери киім үлгісімен қамтамасыз етілген, шаңғымен аса жылдам қозғалуды жетік меңгерген, «көкектер» деген атау алған фин снайпер-мергендері совет әскерлерін үлкен қырғынға ұшыратып, майдан тағдырын шешті десе де болады.
Тарихи деректер бойынша жау әскерінен сегіз есеге көп шығынға ұшыраған Кеңес үкіметі, қазіргі Мурманск облысына кіретін шағын ауданды басып алғанымен, екі жақ та бұл соғыстың абырой әпермейтінін ескеріп, бітімге келуге мәжбүр болды. Шайқас барысында Қазалының қазағы Оразалы Сармантаев шеберлігін шыңдады, атыс қаруын бір адамдай меңгеріп шықты. Ойламаған тұстан жер астынан шыға келіп оқты қарша боратып, лезде шаңғысын жүйткітіп көзден ғайып болатын фин мергендерінен қалай қорғануды үйренді. Қанша сақтық жасағанымен, осы соғыста көздегенін мүлт жібермейтін мергендердің оғынан ауыр жарақат алды. Госпитальда жатып емделіп, жарақатынан айыққанымен, екінші топ соғыс мүгедегі атанып, аға сержант шенімен елге оралды. Елге келгесін Оразалы Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп шықты. Сол тұста Кеңес одағы мен Германияның текетіресінен басталған екінші дүниежүзілік соғыстың күшіне міне бастаған кезі болғандықтан, алған білімін бейбіт өмірмен байланыстырудың мүмкіндігі бұйырмады.
1942 жылдың наурыз айының соңында әскерге шақырылып, 64-атқыштар полкінің құрамында Сталинград шайқасына қатысты. 1943 жылы 9-армияның 70-ші полкінен 234-атқыштар полкіне ауысып, бөлімше командирі ретінде, Севастополь майданындағы қанды шайқастарға қатысты. Сонда жүріп партия қатарына қабылданды. Севастополь майданында оң аяғынан жарақат алып, Грузиядағы госпитальда емделіп шығады.
1944 жылдың қыркүйек айынан бастап, НКВД-ның соғыс жағдайында әрекет ететін конвой әскерінің құрамында қызметке кірісті. Соғыс тұтқындарын, аса қауіпті қылмыскерлерді, әскерден қашқандарды тиісті жерлерге жеткізу, орман аралап, із кесу сияқты сәт сайын қауіп-қатерге толы жаңа міндеті майдан машақатымен бетпе-бет келетін ашық соғыстан әлдеқайда қиын болып шықты. Жеңіс күнін осында жүріп қарсы алды.
1948 жылдың желтоқсан айында елге оралды. Қазалы ауданының ішкі істер саласының басшылығы әскерден келген Оразалыға сәл демалыс алуға мұрсат бермей, аға сержант шенін, соғыс кезіндегі ішкі істер әскері қатарындағы құнды тәжірибесін ескеріп, Қазалы қаласындағы түрмеге қызмет етуге жіберді. Тумысынан жүрегі жұмсақ, орынсыз қаталдық жанына жат Оразалы әлі де болса қылышынан қан тамып тұрған Кеңес үкіметінің НКВД құрылымының түрмедегі жазалау тәртібін күнделікті көріп жүруге жаны шыдамай, екі жылдан соң соғыс мүгедегі ретіндегі денсаулығын себеп қылып, басқа салаға сұранды. Басшылық түсіністікпен қарап, 1949 жылы аудандағы мемлекеттік банкке инкссатор қызметіне тағайындады. Соғыс енді ғана аяқталған, елсіз жерлерді ұры-қары, қашқындар мекен еткен қауіп-қатерлі уақытта белінде табельдік қаруы, иығында ақша салатын қоржын, қаражаттың алыс-беріс құжаттарын асып алып поселкені, қаланы, ауылдық жерлерді ат-арбамен аралап, мезгілсіз, мекенсіз қазынаның қаржысын тасымалдаудың қаншалықты жауапкершілікті керек ететінін егжей-тегжейлі түсіндіріп жатудың қажеті де шамалы шығар. Осы инкассатор қызметінде табан аудармастан отыз төрт жыл жұмыс істеген соң, 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Соғыстан кейін тағдырын қосып, шаңырақ көтерген жары, Бекарыстан би ауылының тумасы Шайхан Имашева екеуі он перзентті болды. Олардың екеуі тағдыр жазуымен өмірден өтсе де, қалған сегізінің бәрі де түрлі салада еңбек етіп, зейнетке шығып ұл-қыз, немере тәрбиелеп отыр.
– Әкем 2000-жылы өмірден өтті, – дейді бүгінгі күні теміржол саласынан зейнетке шыққан қарашаңырақтағы ұлы Бердібек Оразалыұлы Сармантаев. – Мен есімді білген алпысыншы жылдардан бері дүниеден өткенше, қызметтен тыс, тыным таппай, үй тірлігінен қол үзбей кетті. Мал ұстады, пішен орды, бақша екті, үнемі жаяу жүрді. «Соғыс мүгедегісің ғой әке, өзіңіз сияқты майдангерлер үй, көлік алып жатыр. Сіздің де еңбегіңіз бар шығар, ең болмаса бейнетіңіздің зейнетіне пайдалануға көлік сұрап, үкіметке өтініш жасасаңызшы» дегенімізде: «Соғысқа қатысқан, қан төккен жалғыз мен бе? Талай боздақтар майдан даласында көмусіз де қалған жоқ па?! Өзімнен үлкен ағам соғыста хабарсыз кетті, інім соғыстан алған жарақатынан қайтыс болды. Солардан жаным артық емес. Аллаға шүкір, бар байлығым сендерсіңдер, ешкімге міндетім жоқ. Мұндай әңгімені доғарыңдар» деп, тыйып тастаған.
Үш соғыстың соқпағында табанының табы қалған, қан-қасабында сынақтан өткен, «Отан соғысы», «Жеңіс» орденінің, «Германияны жеңгені үшін», Ұлы Жеңістің 20, 25, 30 жылдығына арналған және бейбіт өмірдегі адал еңбегі үшін берілген төсбелгілер мен есепсіз Алғыс хаттарының иегері Оразалы Сармантаевтың өмір жолы мен адамгершілік ұстанымы бүгінгі ұрпақ үшін үлгі тұтуға тұрарлық.
Әлімжан ҚИЯС.
Қазалы ауданы