СЫР ЕЛІ – ХАЛЫҚТАР ДОСТЫҒЫНЫҢ МЕКЕНІ

455

0

Егемендіктің алғашқы жылдарында-ақ еліміздегі ұлтаралық қатынастар мәселесі бойынша Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев: «… ішкі саясаттың іргелі қағидасы ұлтаралық келісім принципі болуға тиіс. Міне, осының өзі демократиялық құқықтық мемлекет құрудағы қазақстандық жолдың және біздің дүниежүзілік қауымдастыққа енуіміздің ерекшелігін айқындайды», деп атап көрсеткен еді. Осы орайда, Қазақстан Республикасында этносаралық қарым-қатынастар ерекше көңіл аударуды қажет ететін өзекті мәселелер қатарына жатады. Елімізді мекендейтін барша 140 этнос өкілдерін біріктіретін ортақ тарихи тағдыр, достық, туысқандық бірдейлік қазіргі таңда бір мақсатқа, бір мүддеге, бір болашаққа жетелейтін «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясын жүзеге асыру бағытында күш біріктіруде.

 Кеңес Одағының ыдырауы мен тәуелсіздіктің ақ таңы атқан алғашқы жылдары елімізде этностық толқулар күшейді. Бұл аумалы-төкпелі уақыт туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев «Ғасырлар тоғысында» атты кітабында: «Ең қауіптісі – олар таза ұлттық сипат ала бастады. Ұлт мәселесінің соншалық асқындауы әуелі теориялық дәрменсіздіктен етек алады», деп жазған еді. ХХ ғасырдың соңында еліміздегі бұл үрдістер тек Кеңес мемлекетінде ғана емес, сонымен қатар, бүкіл әлемде орын алған ауқымды ұлттық оянудың көріністері болатын. Осы ретте, Елбасы ел бірлігін басты назарда ұстай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құруды қолға алды. Мемлекет басшысының көреген идеясы 1995 жылы жүзеге асып, ұлт пен ұлысты бір арнаға тоғыстырған саяси ұйым дүниеге келді.

 Әрбір қазақстандық өзін, ең алдымен, қазақстандық екендігін, сонан кейін өз ұлтының перзенті екендігін сезінгенде ғана этносаралық қарым-қатынастың жоғары мәдениеті қалыптасады. Сонда ғана ұлттық келесім мен шынайы саяси және қоғамдық тұрақтылыққа қол жеткізуге болады. Ол жаңа қазақстандық патриотизмге негізделуі қажет. Этностық топтар арасындағы келісім – барша азаматтардың нәсіліне, ұлтына, діни сеніміне қарамастан қашанда бір-біріне қол ұшын созуға деген психологиялық тұрғыдан дайындығы, достық қарым қатынасын бейнелейді.

 Қызылорда облысы бойынша тарихи мәліметтерге сүйенер болсақ, Сыр елінде ежелден түрлі этностар қоныстана бастады. Оған себеп, ХІХ ғасырда орыс халқының құрылыс нысандарының салуына байланысты келе бастағаны. Алғашқыда түрлі этностар құрамын Ресей азаматтығын иеленген бұхар еврейлері, Қазан көпестігінің татарлары құрды. Кейін 1866 жылы Жөлек форты маңында орыс халқынан құралған елі мекендер қоныстанды. 1875-1876 жылдары екі мыңға жуық орал казактары Қазалыға айдауға жіберілді, 1867 жылы айдалған казактардың жанұясымен санағанда бес мыңға жуықтады, осылайша 1867 жылы Қазалыға қала дәрежесі берілді. 1897 жылы Перовск уезінде 133 663 адам, Қазалы уезінде – 140541 адам тұрды. Этностарға бөлер болсақ, Перовскіде 1084 орыстар, 117 украиндік, Қазалыда 2821 орыстар, 95 укаридік, 3357 қазақ, 352 тәжік, 627 татарлар, 435 сарттар, 42 өзбек тұрды. Ең көп қоныстаударушылар ХХ ғасырдың басында Столыпин реформасының бастамасы аясында Ресей, Белоруссия елдерінен көптеп келе бастады. Осылайша, Перовск уезінде 1917 жылы 184,5 мың адам тұрды, оның 5,7 мыңын орыс халқы құрады. Ал Қазалы уезінде 256,3 мың халықтың 14,8 мыңы орыстар. Екі уездегі халық саны 441,1 мың адамды құрады. Бұл санақ осымен тұрақтамады, себебі 1937 жылы Қиыр Шығыстан департацияланған 98454 корейлердің екі мыңға жуығы Қызылорда қаласында орналасты. Бұл қиын қыстау уақыт қазақ халқына да корей халқына да оңайға тиген жоқ. Ал ІІ дүниежүзілік соғысы басталғаннан кейін Кеңес өкіметі департацияны доғара қойған жоқ, осы жолы неміс халқы ұшырады. Соғысқа дейінгі кезеңде Қазақстанда 92 мың неміс халқы тұрса, 1941 жылы Қазақстанға 467 мың неміс департацияланды, оның ішіндегі 1291 Аралда, 1854-і Қазалы ауданында және Қызылордада қоныстанды. Осынау тарихи жағдайлар өзіндік із қалдырып, қазіргі таңда еліміздегі барлық этностардың шынайы келісім мен бірлікте өмір сүруі, ең алдымен, қазақ халқының дәстүрі және кеңпейілдігі, ұлттық ділінің кеңдігі арқасында екендігінде дау жоқ.

   Дегенмен Қазақстан тәуелсіздік алған кезде ел басшылығы алдында халықтың келісімін сақтап қалу, қоғамның барлық күш-әлеуетін бір мақсатқа жұмылдыру басты назарда ұсталуда. Тарихи деректерді өскелең ұрпаққа жеткізу, таныстыру мақсатында Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің ролі ерекше, себебі музейдің «Қызылорда облысы тәуелсіздік жылдарында» залындағы Қазақстан халқы Ассамблеясына арналған экспозицияда 11 этно-мәдени бірлестіктер жайлы материалдар қойылған, сонымен бірге әр ұлттың ерекшелігін, тарихын сипаттайтын заттай құнды экспонаттар орын алған. Бүгінгі күні музей қызметкерлері экспозицияны толықтыру үшін аталмыш бірлестіктердің өкілдерімен тығыз шығармашылық байланыста болуда.

А.Мұқанова, 

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<