Конституция

Тіл мәртебесі қолданылу қуатымен өлшенеді

5

0

Фото: ЖИ

Қазақ тілі туралы сөз болғанда біз көбіне оның мәртебесін, қолданылу аясын немесе оны меңгерген азаматтардың үлесін талқылаймыз. Алайда бүгінгі ақпараттық қоғамда тілдің өміршеңдігін анықтайтын өлшемдер өзгерді. Енді тілдің қуаты оны қанша адамның білетінімен ғана емес, сол тілдің ақпараттық кеңістіктегі ықпалымен, цифрлық технологиялардағы қолданысымен және әлемдік аудиторияға қаншалықты жетіп жатқанымен өлшенеді. Сондықтан мемлекеттік тіл мәселесіне бұрынғы көзқараспен қарау жеткіліксіз. Бүгінгі таңда қазақ тілінің болашағы сынып бөлмесінде немесе ресми құжаттарда ғана емес, әлеуметтік желілерде, медиаплатформаларда, жасанды интеллект жүйелерінде және халықаралық коммуникация кеңістігінде шешіліп жатыр.

Кейінгі жылдары мемлекеттік тілдің дамуына қатысты жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы мем­лекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың барлық саласында кеңінен қолданылуын көздейді. Құжатта қазақ тілінің цифр­лық ортадағы үлесін арттыру, жаңа тех­нологияларға бейімдеу және сапалы кон­­тент көлемін ұлғайту міндеттері белгі­лен­ген.

Бұл бағыттардың кездейсоқ таңдал­мағаны анық. Себебі қазіргі әлемде тіл үшін күрес аудитория үшін күреске ай­налды. Кім ақпараттық кеңістікті игерсе, сол қоғамдық санаға ықпал етеді.

Жуырда Үкімет жанындағы Мем­лекеттік тіл саясатын жүзеге асыру жөнін­дегі комиссияның отырысында Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекеттік тілдің ақпараттық кеңіс­тіктегі үлесін арттыру мәселесіне арнайы тоқталды. Министрлік ұсынған мәліметке сәйкес, бүгінде бұқаралық ақпа­рат құралдарындағы қазақ тіліндегі онлайн-контенттің үлесі 78 пайызға жет­­кен. Мемлекеттік тілдегі интернет-ресурстардың үлесі шамамен 60 пайызды құрайды. Сонымен қатар отандық теле­визиялық өнімдердің 70 пайыздан астамы қазақ тілінде эфирге шығуда.

Бұл көрсеткіштер мемлекеттік тілдің медиакеңістіктегі орны жылдан-жылға ны­ғайып келе жатқанын көрсетеді. Соны­мен бірге мемлекеттік тілдегі ақпарат пен сапалы контентке деген сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Әсіресе жастар арасында қазақ тіліндегі цифрлық контентті тұтыну көлемінің өсуі байқалады. Өңірлік ақпарат құралдарында да қазақ тіліндегі цифрлық контенттің сапасына қойылатын талап күшейіп, аудиторияның сұранысы бұрынғыдан әлдеқайда арта түсті. Осы­ған байланысты министр бұқаралық ақ­па­рат құралдарында мемлекеттік тіл саясаты талаптарының сақталуын тұрақ­ты бақылауда ұстауды, қазақ тілін­дегі контенттің сапасы мен бәсекеге қабі­леттілігін арттыруды тапсырды.

Бүгінде ақпараттық кеңістіктегі бәсеке тілдердің де бәсекесіне айналды. Азаматтардың басым бөлігі жаңалықты әлеуметтік желілерден оқып, қажетті ақпаратты интернеттен іздейді. Сондықтан тілдің өміршеңдігі оның интернеттегі үлесімен ғана емес, сапалы контент өндіру мүмкіндігімен де өлшенеді.

Қазақ тіліндегі контент көлемі айтар­лықтай артқанымен, ғылыми-сарап­тамалық материалдар, деректі жобалар, тех­нологиялық өнімдер мен жасанды ин­теллект жүйелеріне қажетті деректер қоры әлі де жеткіліксіз. Бұл жағдай мемлекеттік тілдің цифрлық ықпалын толық жүзеге асыруға кедергі келтіреді.

Мемлекеттік тілдің даму мәселесі ғы­лыми ортада да кеңінен талқыланып келеді. Филология ғылымдарының кан­дидаты Аман Абасиловтың айтуынша, қазақ тілі өзінің фонетикалық жүйесі, лек­сикалық байлығы және грамматикалық құрылысы жағынан дүниежүзіндегі ешбір тілден кем емес.

«Қазақ тілінің ақсап тұрған жері қоғамдық өмір салаларындағы қолданысы мен сөйлеушілерінің санына байланысты. Жалпы қандай да бір тілдің мықты тілге айналуы оның сөйлеушілер санымен өл­шенеді», – дейді ғалым.

Социолингвист-ғалым Аман Абасилов әлемдік тілдік тәжірибеде тіл дамуын жоспарлаудың төрт негізгі бағыты бар екенін атап өтеді. Олар:

1.Тілге мәртебе беру арқылы дамытуды жоспарлау.

2.Тіл дамуын корпустық жоспарлау.

3.Тілдің қолданыс өрісін кеңейтуді жоспарлау.

4.Тіл беделін арттыруды жоспарлау.

Ғалымның пікірінше, тілді оқыту, тіл меңгерту, тіл білудің экономикалық тұр­ғыдан тиімді болу бағыттары мемлекеттік тілдің болашағы үшін маңызды. Әсіресе қазіргі цифрлық дәуірде қазақ тілінің қолданылу өрісін кеңейтіп, оның беделін арттыру мәселесі өзекті болып отыр. Себебі тілдің өміршеңдігі заңмен ғана емес, оның қоғамдағы сұранысымен, ақ­параттық кеңістіктегі ықпалымен және сапалы контент арқылы өлшенеді.

Бүгінде әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тіл тек мәдени құндылық қана емес, экономикалық ресурсқа да айналып отыр. Нарық қай тілде сөйлесе, бизнес те сол тілде қызмет көрсетуге ұмтылады. Қазақстанда қазақ тілінде қызмет көрсететін кәсіп­орындардың, қазақтілді цифрлық өнім­дердің және ұлттық брендтердің көбеюі мемлекеттік тілдің экономикалық әлеуеті­нің артып келе жатқанын аңғартады. Сон­дықтан қазақ тілін дамыту шығын емес, елдің адами капиталы мен болашақ эко­номикасына салынған инвестиция ретінде қарастырылуы тиіс.

Қазақ тілінің болашағы туралы айт­қанда бір маңызды жайтты ескерген жөн. Қазақстанда мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың саны жыл сайын артып ке­леді. Бірақ тілдің нақты күші оны күн­делікті өмірде қолдану деңгейімен өлше­неді. Егер азамат ақпаратты басқа тілде іздеп, жаңалықты басқа тілде оқып, ойын басқа тілде жеткізсе, онда тілдің қоғамдық ықпалы әлсірей береді.

Осы тұрғыдан алғанда қазақтілді кон­тенттің сапасы мен көлемі стратегиялық маңызға ие. Бүгінде жастардың негізгі ақпарат көзі – әлеуметтік желілер. TikTok, Instagram, YouTube, Telegram және түрлі стриминг платформалары қоғамдық пі­кір қалыптастыратын негізгі алаңдарға айналды. Сондықтан қазақ тілінің келешегі осы кеңістіктегі бәсекеге қабілеттілігіне байланысты.

Қазақ тілін әлемге таныту мәселесінде мәдени дипломатияның орны ерекше. Со­ның айқын бір ғана мысалы – Димаш Құдай­бергеннің шығармашылығы. Оның өнері арқылы миллиондаған адам қазақ тіліндегі әндерді тыңдап, қазақ мәдениеті­мен танысты. Бұрын қазақ тілін ешқашан естімеген аудитория қазақ әндерін іздеп, мәтіндерінің мағынасын зерттей бастады. Бұл – мемлекеттік тілді халықаралық дең­гейде насихаттаудың ең тиімді үлгілерінің бірі.

Димаштың жетістігі бізге маңызды сабақ береді. Тілді әлемге таныту үшін тек ресми бағдарламалар жеткіліксіз. Әлем назарын сапалы мәдени өнім ғана аудара алады. Егер қазақ тілінде халықаралық деңгейдегі фильмдер, деректі жобалар, музыкалық өнімдер мен цифрлық контент көбейсе, мемлекеттік тілдің жаһандық ықпалы да арта түседі.

Тілдің беделі көбіне оны насихаттау көлемімен емес, сол тілде жетістікке жет­кен тұлғалардың ықпалымен қалыптасады. Жастар белгілі бір тілді міндет бол­ғандықтан емес, сол тіл арқылы білім алып, мансап құрып, әлемдік деңгейде таны­луға мүмкіндік бар екенін көргенде үйренеді. Сондықтан мемлекеттік тілдің беделін арттыру үшін оны табыстың, кәсібиліктің және жаңа мүмкіндіктердің тіліне айналдыру маңызды.

Қазақ тілінің халықаралық кеңістік­тегі әлеуетін арттыруда шетелдегі қан­дастардың да үлесі ерекше. Әлемнің көп­теген мемлекеттерінде өмір сүріп жат­қан қандастар ана тілін сақтап қана қоймай, қазақ мәдениетін насихаттап келеді. Олар әлеуметтік желілер арқылы қазақтілді аудиторияны кеңейтіп, ұлттық құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқаруда.

Қандастар тәжірибесі тағы бір ақи­қатты көрсетеді. Тілді сақтау үшін мін­деттеу жеткіліксіз, оған қажетті орта қалып­тастыру керек. Қазақ тілі сұранысқа ие болған жерде ғана дамиды.

Қазіргі кезеңде мемлекеттік тілдің ал­дында жаңа сын-қатерлер пайда болды. Соның бірі – жасанды интеллект дәуірі. Егер қазақ тіліндегі цифрлық деректер жеткіліксіз болса, болашақ технологиялар бұл тілді толыққанды игере алмайды. Демек, қазақ тіліндегі ғылыми, танымдық, сараптамалық және медиалық контент көлемін арттыру ұлттық маңызы бар мін­детке айналып отыр.

Қазақ тілінің алдында бұрын болмаған жаңа міндет тұр. Егер өткен ғасырда тіл­дің болашағы мектеп пен отбасыда шешілсе, бүгін оның болашағы цифрлық платформалар мен алгоритмдердің ықпа­лына тәуелді болып барады. Әлеуметтік желілер қандай контентті алға шығарса, аудитория да соны тұтынады. Жасанды ин­теллект қандай тілдегі деректермен оқытылса, ертең сол тілге басымдық береді. Сондықтан мемлекеттік тілді да­мыту мәселесі енді тек гуманитарлық емес, технологиялық міндетке де айналды.

Сарапшылардың пікірінше, әлемдегі ықпалды тілдердің басымдығы бүгін­де олардың цифрлық кеңістіктегі үлесі­мен анықталады. Сондықтан қазақ тілін сақтаудың ең тиімді жолы – оны тех­нологияның, ғылымның және иннова­цияның тіліне айналдыру.

Бұл мақсатқа жету үшін бірнеше нақты қадам қажет. Біріншіден, қазақ тіліндегі сапалы журналистиканы қолдау жүйесін күшейту керек. Қоғамға әсер ететін аналитикалық мақалалар мен зерттеулер көбейген сайын мемлекеттік тілдің беделі артады.

Екіншіден, цифрлық платформалардағы қазақтілді контент өндірісіне жағдай жасау маңызды.

Үшіншіден, жасанды интеллект жүйе­лерін қазақ тіліне бейімдеуге бағытталған ғылыми жобаларды қолдау қажет.

Төртіншіден, әлемдегі қандастарды ортақ ақпараттық кеңістікке біріктіретін жаңа медиажобаларды дамыту керек.

Бесіншіден, қазақ тілін халықаралық деңгейде насихаттайтын мәдени баста­маларға тұрақты қолдау көрсетілуі тиіс.

Кейде мемлекеттік тілді қорғау деген ұғым оны сақтап қалумен ғана шектеліп жатады. Алайда XXI ғасырда тілді сақтау жеткіліксіз. Тіл дамуы үшін ол жаңа білімнің, жаңа технологияның және жаңа мүмкіндіктің тіліне айналуы қажет. Болашақта қазақ тіліне ең үлкен қауіп оны білмейтін адамдардан емес, оны қажет етпейтін ортадан келуі мүмкін.

Қазақ тілінің болашағы туралы пікір­талас әлі де жалғасып келеді. Бірі оны заң арқылы күшейту қажет десе, енді бірі білім беру жүйесіне үміт артады. Алайда цифрлық дәуірдің шындығы бас­қа сұрақ қойып отыр: қазақ тілі ертеңгі тех­но­логиялардың, ғылымның және жаһан­дық коммуникацияның тілі бола ала ма?

Бұл сұрақтың жауабы министрліктердің есептерінде емес, күн сайын өндіріліп жатқан контентте жатыр. Егер қазақ тілінде сапалы журналистика жасалса, ғылыми зерттеулер жарияланса, жаңа медиа өнім­дер дүниеге келсе, жасанды интеллект жүйе­лері қазақ тілінде еркін жұмыс істесе, онда мемлекеттік тілдің болашағына алаң­даудың қажеті болмайды.

Тілдің тағдырын заң ғана емес, қоғам­ның таңдауы шешеді. Сондықтан бүгінгі таңда мемлекеттік тілді қолдау дегеніміз – қазақ тілінде сапалы өнім өндіру, бәсекеге қабілетті ақпарат қалыптастыру және оны әлемдік кеңістікке шығару. Мемлекеттік тіл үшін күрес енді аудитория үшін күреске айналды. Бұл күресте жеңіске жетудің жалғыз жолы – қазақ тілін заманның ең қуатты коммуникация құралына айнал­дыру.

Шынар БЕКБАН,

«Сыр бойы»