Жаңаөзенде оқушылар шетелдік ЖОО-ға грантқа түскен қатарласын соққыға жыққан – БАҚ

490

0

Фото: ©️ yandex.kz

Жаңаөзенде «Білім-инновация» лицейінің 11-сынып оқушысын қатарластары соққыға жыққан, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Басылым мәліметінше, оған себеп – бозбаланың шетелдік жоғары оқу орнынан грант жеңіп алуы, бұл жетістігі кейбір сыныптастарының көреалмаушылығын тудырған.

Оқиға 16 сәуірде кешқұрым зардап шеккен оқушының үйінің маңында болған. Жергілікті басылым дерегіне сүйенсек, шабуылды лицей президенті бастаған бір топ жасөспірім жасаған. Көмекке жүгіріп шыққан жасөспірімнің әкесі де жарақат алып, аяғы сынған.

Қазір әкесі мен баласы Жаңаөзен қалалық көпбейінді ауруханасында ем қабылдап жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, оқушы жабық бас-ми жарақатын алған, миы шайқалған, беті мен маңдайы көгеріп, тізесі жарақаттанған. Ал әкесінің аяғы сынған.

«Ең сорақысы – лицей әкімшілігі бұл жағдайды жасыруға тырысуы. Шағымданушының айтуынша, мектеп әкімшілігі бұл жағдайды жабулы қазан күйінде қалдырғысы келеді. Оқушыларға зардап шеккен баланы көруге және болған жайтты айтуға тыйым салынған. Тіпті жәбірленушіге оқиғаны жария етпеу үшін ақша ұсынылған. Оқу орны басшылығы мен қалалық білім бөлімі лицей беделін түсірмес үшін оқиғаны жасырып отыр деген де мәлімет бар», – деп жазылған ақпаратта.

Басылым бұл мәселеге қатысты Полиция департаментіне және Маңғыстау облыстық білім басқармасына сауал жолдаған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<