Жоғары жауапкершілік пен табанды еңбек

5

0

Кейінгі жылдары өңірдің полиция органдарының материалдық-техникалық базасын жақсартуға облыстық бюджеттен 18 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Жұмыс тиімділігін арттырып, құқықбұзушылықтың алдын алуға, қылмысты жедел ашуға мүмкіндік беретін жаңа технологиялар енгізілуде.

Республикада алғашқы болып барлық ауданда Жедел басқару орталықтары ашылды, бейнебақылау жүйесі кеңейтілді. 2023 жылдан бері полиция қызметкерлеріне заманауи құрал­дармен жабдықталған 228 жаңа автокөлік табысталды. Кәсіби ме­рекеде полицияның жедел салалық қызметтеріне 94 заманауи автокөлік берілді.

 «Өнер орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың қатысуымен өткен Полиция күніне ар­нал­ған сал­танатты жиын алдында аймақ басшысы полиция қызметінің ма­териалдық-техникалық әлеуетін арт­тыру мақ­сатында алынған арнайы техникалар көрмесімен танысты.

Салтанатты шараның ашылуында Әнұран орындалып, Ту көтерілді.

Аймақ басшысы полиция қыз­мет­керлерін кәсіби мерекемен құт­тықтап, құқық қорғау саласында ат­қарылған жұмыстарға тоқталды.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты талабы. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз» деген болатын. Бұл міндеттер Сіз­дерден жоғары жауапкершілік пен табанды еңбекті талап етеді. Құқық қорғау органдарымен бірлескен жү­й­елі жұмыстың нәтижесінде өңі­рі­­­міздегі қоғамдық-саяси ахуал тұ­­­­­рақты. Кейінгі жылдары құқық­бұзу­­­шылық көрсеткіштері едәуір тө­мендеді.Біздің мақсатымыз – тек көр­­сеткіш қуалау емес. Ең бастысы – құ­қықбұзушылықтың алдын алып, оның деңгейін тұрақты төмендету. «Мем­лекет пен азамат – біртұтас» қағи­даты негізінде полиция халықпен ашық әрі сенімді қарым-қатынас ор­натуы қажет. Халықтың сенімі – Сіздерге үлкен жауапкершілік!

Еліміздің тыныштығы мен қо­ғамдық тәртіпті сақтаудағы қыз­меттеріңіз жемісті болсын! – деді облыс әкімі.

Жиында полиция қызметкерлері ҚР Премьер-министрінің, Премьер-министрдің бірін­ші орын­ба­сарының Алғыс хатымен, Қы­зыл­орда облы­сының Құрмет грамотасымен, облыс әкі­мінің Алғыс хатымен, «Құқық тәртібін қам­та­масыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен, «Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен, Ішкі істер министрінің Құрмет гра­мотасымен, Ал­ғыс ха­тымен, естелік қол сағатымен, сон­дай-ақ облыстық полиция депар­таменті басты­ғы­ның грамотасы және Алғыс хатымен мара­патталды.

Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес бірқатар қызметкерге «Поли­ция полковнигі» шені табысталды.