Жолсерік болғысы келіп…

1387

0

Үш жылдан бері жолсерік қызметіне орналастырып беремін деген 48 жастағы алаяқ  ұсталды. Бұл туралы Қызылорда қаласы Полиция басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне 26 жастағы қала тұрғыны жүгініп, алаяқтық әрекеттің құрбаны болғанын айтқан. Жәбірленуші азаматшаның арызында, бейтаныс біреу оның 2019 жылдың қаңтар айында Теміржол мекемесіне «жолсерік қызметіне жұмысқа орналастырып беремін» – деп, 400 мың теңге ақшасын алдап алған.

Тәртіп сақшылары жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында күдіктіні ұстады, ол 48 жастағы қала  тұрғын болып шықты. Бүгінгі күні полиция қызметкерлері  күдіктінің тағы да алаяқтыққа  қатысы бар жоғын  анықтауда.

Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасының  Қылмыстық кодексінің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде.

Қызылорда қалалық Полиция басқармасының қызметкерлері алаяқтардың құрбаны болмас үшін, бейтаныс азаматтармен қарым-қатынас барысында сақ болуын ескертеді. Өзін түрлі мекеме қызметкерімін деп таныстырып анықтайтын құжаты болмаса, өз үйіңізге танымайтын адамдарды кіргізе бермеңіз. Ешкімге сенбеңіз және алаяқтың арбауына түсуден аулақ болыңыз.

Гүлбану МАҚАЖАН, «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<