Бүгін Жыраулар үйінде облыстық филармония басшысының орынбасары Амандық Бүрлібаев мекеме қызметкерлеріне жиналыс жасап, 2025 жылдың іс-шара жоспарымен таныстырды. Жиын барысында «Руханият» жылына қорытынды жасалып, атқарылған бірқатар жұмыстар талқыланды, деп хабарлады Syrboyi.kz.
– Өткен жылы аймақ басшысының қолдауымен ашылған Жыраулар үйі үшін жыл жемісті әрі нәтижелі болды. Жыл басынан бері жоспарлы және жоспардан тыс 21 концерт, жыр кештері мен шеберлік сағаттарын жасасақ, оған 1515 көрермен қатысып, рухани кештің қонағы болды. Алыс-жақын ауылдарға, елдімекендерге, өзге өңірлерге, көршілес Өзбекстан мемлекетіне түрлі гастрольдік сапарларға шығып, Сыр елінің жыраулық дәстүрін кеңінен насихаттадық. Алдымызда жаңа мақсаттар мен жобалар тұр. Әсіресе, облыс көлеміндегі көзі тірі жыраулардың өмір тарихын жинақтап, дерекнамасын қағаз бетіне түсіру, антологиясын әзірлеу, жыраулардың түпнұсқа дауыстарын таспалау секілді ғылыми бағыттағы жұмыстарды күшейтетін боламыз, – деді Амандық Қуандықұлы.
Сонымен қатар, Жыраулар үйі ғылыми бағыттағы жаңа кадрлармен толығуда. Өнер мекенінде Назерке Жақсығұлова, Марат Сүгірбай, Феруза Оңталап ғылыми қызметкерлер ретінде, ал Райымбекова Гүлзира әдіскер ретінде өз жұмыстарын бастады.
Әріптестерімізге шығармашылық шабыт, қызметтеріне табыс тілейміз!
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<