Президент киік мәселесіне байланысты министрге сөгіс жариялады

332

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында тағы бір министрге сөгіс берді деп хабарлады turkystan.kz.

Атап айтсақ, Президент киіктерді реттеу мәселесіне байланысты Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевке сөгіс жариялады.

«Салалық министрлікке қатысты айтсақ, министрге сөгіс жариялаймын. Біріншіден, сөгіс жоғарыда айтқан кемшіліктер үшін беріліп отыр. Сондай-ақ, киіктердің келешек тағдыры туралы түсініксіз әуре-сарсаң мен пікірталас қалыптастырғаны үшін сөгіс жарияланады. Мұның бәрін қоғамдық талқылаудың осыншалық деңгейіне шығарудың қажеті не? Бұл мәселеге ұлтымыздың менталитетін ескере отырып, кәсіби тұрғыда келу керек. Шынымен де, киік – қазақ халқы үшін киелі жануар болып есептеледі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент, сондай-ақ, 80 мың киікті ату мәселесі туралы пікір білдірді.

«Табиғи ландшафтан 80 мың бас киікті алып қою, яғни өлтіру туралы ұсыныс енгізіліп отыр. Бірақ, басқа да тәсілдері бар шығар. Мамандармен ақылдасыңыздар. Ал бұл – ең шетін шара ғой. Мен бұл шараға да жүгінуіміз мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Бірақ, бұл – шетін шара, қайталап айтам. Бұл мәселеге кәсіби тұрғыда келу керек», – деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<