Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай салтанатты кездесу өтті

4

0

Фото: Шиелі ауданың әкімдігі

Аудан әкімдігінің мәжіліс залында Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күніне орай салтанатты кездесу өтті. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен сала ардагерлерін арнайы қабылдап, кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтады.

Өз сөзінде аудан басшысы журналистиканың қоғамдағы орны мен маңызына тоқталып, бұл салада еңбек ету үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететінін атап өтті.

– «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Журналистер қауымы – ең алдымен қоғамның жаршысы әрі шынайы жанашыры» деп атап өткен болатын. Бұл сөз ақпарат саласы мамандарының қоғам алдындағы жауапкершілігі мен мәртебесін айқындай түседі.

Ақпарат – қоғамның қозғаушы күші, ал журналист – сол ақпаратты ел игілігіне қызмет еткізетін алтын көпір. Сіздер ауданымыздың тыныс-тіршілігін тұрғындарға дер кезінде жеткізіп, ел мен билік арасындағы байланысты нығайтуға сүбелі үлес қосып келесіздер. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтап, шығармашылық табыс, шалқар шабыт және толайым жетістіктер тілеймін», – деді аудан әкімі.

Шара барысында аудандық зиялы қауым өкілдері Тілеубек Бабасов, Нәйла Палымбет және Нұрмахан Елтай құттықтау лебіздерін білдіріп, ақпарат саласында еңбек етіп жүрген қаламгерлер мен журналистерге жүрекжарды алғыстарын жеткізді.

Кездесу барысында бұқаралық ақпарат құралдары саласында сүбелі еңбек етіп жүрген бірқатар журналистер мен сала ардагерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталып, шығармашылық табыс пен сарқылмас шабыт тілінді.

Айта кетейік, аудан көлемінде «Өскен өңір» және «Шарайна-Сейхун» қоғамдық-саяси газеттері өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоғамдық-саяси өмірі мен өзекті мәселелері жөнінде халықты тұрақты түрде ақпараттандырып келеді.

Тағылымды кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, сала өкілдерінің қоғамдағы рөлі мен жауапкершілігін тағы бір мәрте айқындай түсті.

Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі