Аудандық полиция бөлімінің жаңа басшысы таныстырылды

8

0

Фото: Арал ауданы

Кеше аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың төрағалығымен аудандық полиция бөлімінде орын алған кадрлық өзгерістерге байланысты жиын өтті.

Актив жиынында аудан әкімі Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығына сәйкес Құдайберген Бектөре Қасқырбайұлы Арал аудандық полиция бөлімі бастығының бірінші орынбасары қызметінен босатылып, Арал аудандық полиция бөлімінің бастығы лауазымына тағайындалғанын айтып, Бектөре Қасқырбайұлының жаңа қызметіне сәттілік тіледі.

Жаңа басшыны аудан активіне таныстыру мақсатында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұрсұлтан Әлтай арнайы іссапармен келіп, жаңа басшының қызметіне қатысты және алдағы мақсат-міндеттері жайлы айтып, аудан активіне ресми таныстырды.

Жиын барысында аудан әкімі жаңадан тағайындалған полиция бөлімінің басшысына бірқатар міндеттер жүктеді. Аманжол Сақыпұлы Мемлекет басшысының құқық қорғау органдары алдындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және азаматтардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттерге ерекше тоқталды.

Сондай-ақ, ауданда алаяқтық, интернет-алаяқтық, мал ұрлығы және бөтеннің мүлкін ұрлау деректерінің алдын алу, қоғамдық тәртіпті күшейту, бірлескен рейдтік іс-шараларды жүйелі жүргізу мен республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жандандыру қажеттігі айтылды.

Актив отырысында аудандағы кадрлық өзгерістерге байланысты ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері өздерінің ізгі лебіздерін білдіріп, басшылық қызметке тағайындалған Бектөре Қасқырбайұлына сәттілік тіледі.

Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы сала басшылары және ардагерлерімен бірге облыс әкімдігінің қолдауымен Арал аудандық полиция бөліміне берілген 7 жаңа қызметтік автокөліктермен танысты.

Аудан басшысы бұл – полиция қызметкерлерінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайтуға бағытталған маңызды қолдау екені жеткізіп, жаңа көлікпен жасақталған бөлімнің жұмысына сәттілік тіледі.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі