Ірі кәсіпорынның іргелі істерімен танысты

668

0

Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Мәжіліс депутаттары, «Ауыл» партиясының төрағасы С.Егізбаев, төраға орынбасары Ж.Дайрабаев, сондай-ақ Е.Саурықов Қазалы ауданында орналасқан «РЗА» акционерлік қоғамның ұжымымен танысты.

1000-нан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтамасыз етіп отырған, сондай-ақ отандық тауар өндіретін ірі кәсіпорын «РЗА» АҚ – Арал маңындағы импорт алмастыру саясатына өз үлесін қосып келе жатқан өңірдегі ірі отандық тауар өндіруші. 2000 жылы құрылған «РЗА» АҚ – Қызылорда облысындағы тұрақты жұмыс жасап келе жатқан, қуатты техникалық және өндірістік базасы, жоғары дәрежелі инженерлік-техникалық қызметкерлері, бай материалдық ресурстары бар ең ірі компанияның бірі.

Бүгінде компанияда 1200-ге жуық жұмысшы еңбек етуде. Кәсіпорын 2010 жылы ірі инвестициялық жобаны жүзеге асырды: экспортқа бағытталған сүт және ет өнімдерін өндіру бойынша типтік жобадағы тауарлы сүт фермасы және ауысымына 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты салынған.

Серіктестіктің негізгі қызмет түрі – асыл тұқымды мал шаруашылығы, ет және сүт өндіру және өткізу. Венгриядан 660 бас голштин-фриз асыл тұқымды қашарлары әкелініп, қазіргі таңда олардың саны 1600 басқа жеткен. Әрбір сауын сиырдан жылына 9000 литр сүт сауылып, 5 500 тонна сүт өндіріледі. Кешенге қажетті құрал жабдықтар Голландия, Ирландия, Германия мемлекеттерінен алынған.

«Рза-Сүт» ЖШС-нің негізгі қызметі – сүт өнімдерін өңдеу және сату. Тәулігіне 30 тонна сүт өңдейтін сүт зауыты еуропаның озық технологиялық құрал жабдықтарымен жабдықталған. Зауытта пастерленген және ультрапастерленген сүт, айран, қаймақ, ірімшік, сары май, құрт өнімдері шығарылады. Сүт өнімдері Қызылорда облысының аумағымен бірге Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында сатылуда. Кешенде 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<