Алтынның сынығы

812

0

…Қызмет еттім, мұғалімдік еді кәсібім,

Теріп те жедім, Алланың берген нәсібін.

Қиянат етпей ешбір жанға өмірде,

Еңбегім жанып, қуандым талай тасыдым.

…Иә, мен сол баяғы Әбілқасыммын,

Ойлаған жоқпын қамын қара басымның.

Арманым сол, ендігі қалған өмірде,

Сынығы боп қалсам деймін асылдың…

Бұл жиырма жылдай облыстық білім бөлімінде қызмет еткен Әбілқасым Әбдікәрімұлының 2010 жылы жарық көрген «Пәк пейіл, ақ таңдарым» атты жыр жинағындағы «Өзім жайлы бірер сөз» деген өлеңінен үзінді. «Әбекең өзгеріп кетіпті» дегендерге берген жауабы екен. Өлеңді оқи отырып, сол баяғы Әбілқасыммен сырласқандай болдым. Айтып тұрғанының бәрі де рас, оның адами қадір-қасиеті, үлкен-кіші демей көрсетер құрметі, кішіпейіл мінезі бір өзгерген жоқ. Ең алғашқы кездескендегі Әбілқасым қандай еді, сексеннің сеңгіріне шыққан Әбілқасым да сол қалпы. Тек бұрынғы ақ жарқын, әзілқой Әбілқасым салиқалы да салмақты Әбекеңе айналды.

Иә, уақыт деген неткен жүйрік еді. 1979 жылы облыстық оқу бөліміне алғаш қызметке келгенімде Әбілқасым сонда еңбек тәрбиесі жөніндегі инспектор болып істейді екен. Ұзын бойлы, толқындаған бұйра шашы өзіне жарасып-ақ тұратын. Сол кездегі басшы Уәли Төрәлиев: «Біздің білім бөлімінің сұңқары» дейтін. Оның сыр-сымбаты мен адами болмысын осыдан-ақ тани беруге болар. Мінезге бай, үнемі күліп, айналасына нұрын шашып жүретін. Әбілқасым күнделікті жұмысын Тәрбие Сербайқызы екеуміз отыратын кабинеттен бастайтын. Жылы сөзін аямаушы еді, көңілімізді көтеріп, мақтап та алатын. Кей жандардың мақтауы жасанды шығып, құлаққа ерсілеу естілетін-ді. Ал Әбілқасымның өзіңді көтере мақтағанын сезіп тұрғаныңмен оны сол қалпымен қабылдаушы едік. Себебі, ол не айтса да шын пейілімен, таза жүрегімен айтатын. Оның үлкенді-кішілі отырыстарда өлең оқығанын көрсеңіз. Орыс-қазақ ақындарын екі тілде жатқа оқитын. Ара-арасында өз өлеңдерін де қосып жіберуші еді. Е, заман-ай… Талай жыл бірге, қызығымыз бен қуанышымызды бөлісе жүріп, оның жаны таза, пейілі ақ, көңілі түзу жан екенін бағамдадым.

Әбілқасым Сырдария ауданы «Қоғалыкөл» ауылындағы №44 орта мектепті үздік бітіріп, Қызылорда пединститутының жаратылыстану факультетіне түседі. Одан кейін өзі бітірген мектепте ұстаздық жолын бастады. Жас ұстаз өзінің сабақ беру әдістемесі, тынымсыз ізденісі арқасында өз тұстастарынан ерекшеленіп, білім саласы басшыларының назарына ілікті. Осылайша ол 25 жасында облыстық білім басқармасының кадр жөніндегі инспекторы, кейін мектеп инспекторы қызметін абыройлы атқарды. Сыр өңіріндегі орта мектеп оқушыларына сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне бел шеше кірісті.

70-80-жылдары орта мектептегі тәрбие жұмыстарына үлкен мән берілетін еді. Балаларды еңбекке бейімдеу бағыты басты назарда болып, оқушылардың еңбек тәрбиесі мен кәсіптік бағдар беру жұмыстарына баса назар аударылды.

Сол жылдары аудандарда жазғы демалыс және еңбек лагерьлері, әрбір ауылдық мектеп жанынан оқу-өндірістік бригадалары ұйымдастырылып, оларды шаруашылықтар тегін техникалармен, әртүрлі жабдықтармен қамтамасыз етіп тұрды. Сөйтіп орта мектептің жоғары сынып оқушылары техника тілін меңгеріп, өздеріне арнайы берілген жер телімдерінде күріш, бақша өсірудің қыр-сырын меңгеріп, жұмыс істейтін еді.

Орта мектептердегі арнайы фрезерлік, токарьлық станоктармен, тігін машиналарымен жабдықталған шеберханаларда оқушылардың дағдыларын қалыптастыруға жағдай жасалды. Олардың оқу-өндірістік бригадаларда, шеберханаларда шығарған өнімдері жылда күзде облыс орталығында ұйымдастырылатын жәрмеңкеге ұсынылып жататын.

Ә.Әбдікәрімұлы 1984-1998 жылдары қаладағы №7 оңалту мектеп-интернатының директоры, одан кейінгі уақытта №9 кәсіптік мектепте кадр бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды. Ол қай істе де өзінің жоғары жауапкершілігі мен талапшылдығын көрсете білді, асығып-аптықпады, асып-асымады. Осындай біртоға қанағатшыл еңбекқорлығы оның абыройын асқақтатып, беделін көтерді.

Әбілқасым Әбдікәрімұлының өлшеусіз еңбегі еш кетпеді. «Қазақстан Республикасы оқу ісінің үздігі» атанды, үш рет ҚР Білім министрлігінің «Құрмет грамотасымен» марапатталды, білім саласының жергілікті басқару органдары берген марапаттары өз алдына бір төбе.

Әбілқасымның мен атап айтар тағы бір ерекшелігі ақынжандығы еді.

– 14-15 жасымнан бастап өлең жаздым, бірақ оны еш жерге жариялау үшін ұсынбаппын, – деп еске алатын Әбілқасым. – Ішкі сезімдерімді, ойыма оралған шумақтарды ақ қағаз бетіне түсіріп қоямын, егер нағыз поэзия болса бір күні өзі-ақ жалт етіп, жарыққа шығар деймін…

Иә, оның өмір бойы жазған дүниесі шындығында да поэзия болғаны ғой, 2010-2020 жылдар аралығында «Пәк пейіл, ақ таңдарым», «Жүрекпен тербеп өмірді», «Өлеңім-өнегем» атты кітаптары жарық көрді. Онда мен білетін жайсаң мінезді, адамгершілігі мол, пейілі ақ Әбілқасым жанашыр дос, махаббатқа берік сүйікті жар, қамқор атаға айналыпты. Қай өлеңін алсаң да оның пәк көңілі мен таза жүрегі, ақеден тілегі менмұндалап тұрады. Өмір мектебінен шыңдалып шыққан жүрек толғанысын білдіретін өлеңдері бағалы дүние, арнаулары қандай, кейіпкерді айна-қатесіз танисың, еріксіз езу тартып, жылы жымиясың. Ең бастысы, Әбекеңнің, ұзақ жылдар бойы сыйласқан әріптесімнің өз кейіпкеріне деген ақ ниеті мен пәк көңілін танығандай болдым.

Әбекеңді өмірден өз жартысын жаңылмай тапқан жан деп айтуға толық негіз бар. Жан жары Тынышкүл Ұзақбаева да – жоғары санатты математика маманы, талай шәкірттің осы пәнге деген ықыласын оятып, қияға қанат қағуына себепкер болған жан. Ол өмір бойы Әбекеңнің сенімді серігі болды, қуанышы мен қайғысына ортақтаса білді. Өмірге бес бала әкелген ерлі-зайыпты ұстаздардың балаларының бәрі де жоғары білімді, бірқатары әке-ана жолын қуып, ұстаздықты таңдады. Ұлы Нұрлан мен келіні Қарлығаш – орыс тілі, қызы Эльмира – химия-биология, Гүлмира – орыс тілі мамандары. Демек, атасы Алданазар, әкесі Әбдікәрім салған, өзі жалғастырған ұстаздық жол жарасымды жалғасын тапты деген осы емес пе?!

Өмірде өзі армандағандай асылдың сынығы болып қалған Әбілқасым Әбдікәрімұлының өмірі көпке үлгі, ол артына досқа тірек, ағайынға үлгі, ұрпаққа өнеге боларлықтай жазба қалдырды. Оның есімі білетіндердің есінде мәңгі сақталатыны айқын.

Күләй ЕРМАҒАМБЕТОВА,

облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<