Ғылымдағы әйел бейнесі: қазақстандық нұсқа

316

0

Кәсіби ғылыми ортада болу деген, ең алдымен, үздіксіз білім мен біліктіліктің өсуін талап етеді. Әйелдердің отбасындағы дәстүрлі рөлі менпсихофизиологиялық ерекшеліктері табысты және үздіксіз ғылыми мансап құруды қиындататын факторлар болып табылады. Сондықтан да болар, ЮНЕСКО әйелдерді ғылыми-зерттеулер саласында жеткіліксіз деп санайды. Бүгінде әлемдегі ғалымдардың жалпы санындағы әйелдердің үлесі 29,3% құрайды. Ал 1901 жылдан бері ғылым саласындағы Нобель сыйлығын алған әйелдердің саны 64, осы саладағы ерлердің санынан 13 есе аз немесе жалпы Нобель сыйлығының иегерлерінің 8% жуығын ғана құрайды.

Қазіргі кезеңде әйелдер STEM (ғылым, технология, инженерия, математика) көптеген аспектілерінің алдыңғы қатарында: олар инновациялық ғылыми жаңалықтарды басқарады,медициналық іс-шаралардың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету үшін технологиялар мен саясатты үйлестіреді, жаңа технологиялар мен өнерді біріктіре отырып, ғылыми жаңалықтарды әртүрлі аудиторияға тиімді жеткізеді.

Сондай–ақ, ғылым және гендерлік теңдік БҰҰ-ның 2030 жылға дейінгі Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу процесінің ажырамас элементтері.  Соңғы жылдары әлемдік қоғамдастық әйелдер мен қыздарды ғылымға тарту ісінде айтарлықтай жетістіктерге жетті.

Егер әлемдік тенденцияны талдайтын болсақ, ғылымдағы әйелдердің аймақтар бойынша үлесі әртүрлі.

Дегенмен, ғылым мен технология әлеміндегі әйелдердің саны аймаққа немесе елдің экономикалық дамуына тікелей байланысты емес. Мысалы инженерлік дәрежесі бар әйелдердің ең жоғары үлесі араб мемлекеттерінде, мысалы, Алжирде (48,5%), Мароккода (42,2%), Оман (43,2%), Сирияда (43,9%) және Тунис (44,2%).

Көптеген елдер мұндай есептеулерді жүргізбейді немесе мұндай ақпаратты ашпайды. Олардың арасында Америка Құрама Штаттары, Үндістан және Қытай сияқты ірі мемлекеттер бар. Еуропада орташа көрсеткіштен бірден төрт ел артта қалды: Люксембург (32,5%), Венгрия (30,8%), Финляндия (30,3%) және Германия (27,9%).

Ал енді өзімізге діні де, дүниетанымы да жақын Орта Азия елдеріне келетін болсақ, мұнда алғашқы орынды Қырғызстан алып тұр.

Бұл – Орта Азия елдерінде қыздардың білім алуына, ғылым саласын таңдауда бөгет жоқтығының бір көрінісі. 

Жалпы, ресми статистика бойынша елімізде 18 мың ғалым бар деп тіркелген. 

Еліміздегі әйелдердің үлесі соңғы 17 жылда жалпы ғалымдар санының 50 пайызының шамасында тіркелген.

Мұнда тек 2011 жылы 40,1 % дейін төмендепкеткен, менің ойымша, бұл негізінен 2010 жылдың соңында бұрынғы ғылыми дәрежелер берудің кеңестік жүйесінің тоқтатылып, жаңадан жүйе, яғни докторантура сатысының енгізілуімен байланысты.

Енді жынысы және жас тобы бойынша зерттеуші-мамандардың санына келетін болсақ, әйелдердің үлесі 65-тен жоғары деңгейде күрт төмендеген яғни бұл әйелдердің психофизиологиялық жағдайымен байланысты деп айтуға болады.

Одан әрі талдау жасасақ, ерлер мен әйелдердің ғылым саласындағы дәрежелері бойынша үлесін көруге болады. Бұл жерде  ғылым докторларының үлесі ерлер тарапынан 55,5 пайызға, бейіні бойынша докторлардың үлесі 10,2 пайызға артық екенін көруге болады.

Енді осы көрсеткіштерді санмен баяндасақ, 7-суретте көрсетілген.

Ғалым әйелдердің қызмет етіп жатқан ғылым саласы бойынша үлесі де әр алуан.

Әйелдер мен олардың зияткерлік капиталы болмаса, ел экономикалық даму деңгейінде алға жылжи алмайды. Қай уақытта да жеке тұлғаның да, мемлекеттің де қалыптасуында әйелдер маңызды рөл атқарады. Еліміздегі 112 жоғары оқу орындарынының  оқытушыларының 58 пайызын әйелдер құрайды. 

Жоғары білім беру саласында басшылар арасында ерлер пайдасына айтарлықтай гендерлік теңгерімсіздік байқалады. Соңғы жиырма жыл ішінде білім беруде, оның ішінде көшбасшылық позицияларда гендерлік бөлінуде өзгерістер болды. Дегенмен, бұл салада гендерлік теңдікке қол жеткізу әлі де қиын. 2000-2011 жылдар аралығында басқарушы лауазымдардағы әйелдердің үлесі 7% мен 11%арасында ауытқып отырды. 2012-2018 жылдар аралығында кейбір ауытқуларға қарамастан өсу үрдісі байқалады. 

Яғни, бұл Қазақстанда жоғары білім беру саласында шешімдер қабылдау деңгейіндегі әйелдердің төмен үлесі бойынша арнайы шаралар қабылдау қажеттігін көрсетеді.

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде ПОҚ-ның 70% жуығы әйел адам, қызметкерлердің орташа жасы – 52. 

Штатттық оқытушы әйелдер саны – 330; Оның ішінде 308 әйелде ғылыми дәрежесі бар: 

– ғылым докторы – 4

– ғылым кандидаты – 113

– философия докторы (PhD) – 24 

– ғылым магистрі – 167

2018-2024 жылдар аралығында әйелдердің қатысуымен:- патент -48 – халықаралық патент және куәлік – 2- авторлық куәлік – 30 алынған.

Университетте 2023 жылы 27 жоба орындалған болса, оның ішінде:- ғылыми жобалардың жетекшілері жалпы – 24, оның ішінде әйелдер – 7 (30%);- ғылыми жобаларды орындау үшін жалпы 169 ғалым тартылған. Жоба орындаушы әйел ғалымдардың жалпы саны – 88, оның ішінде 40 жасқа дейінгі әйел ғалымдар үлесі – 44 (50%);- ғылым докторлары – 22, оның ішінде әйелсаны – 6 (27%);- PhD философия докторлары – 23, оның ішінде әйел саны – 9 (39%);- ғылым кандидаты – 42, оның ішінде әйел саны – 20 (50%);- магистрлар – 34, оның ішінде әйел саны – 21 (62%).

Бүгінгі күні қазақстандық ғалым-әйелдердің жан-жақты дамып, өзін-өзі жүзеге асыруда алдында тұрған мәселелер қатарына келесілерді жатқызар едім:

1. Қатысу дәрежесі. Көптеген салаларда және Академиядағы мансаптың әртүрлі кезеңдерінде әйелдер ер әріптестерімен салыстырғанда төмен қатысу дәрежесіне ие, яғни әйелдер көп жағдайда орындаушылық қызмет атқарып, ал соңғы нәтижелер ерлерге тиесілі болып болады. Мұның себебі келесіде деп ойлаймын: көбінесе әйел кез-келген тақырыпты зерттеу және талдау процесіне көбірек көңіл бөледі, ал ер адам үшін нәтиже маңызды. Ғылымда әйел егжей-тегжейлерге көбірек көңіл бөледі, зерттеуді дайындау және жүргізу процесіне көбірек уақыт бөледі, нәтижені егжей-тегжейлі және мұқият зерттейді. Сонымен қатар, ол барлығымен шығармашылықпен қарап, зерттеудің көркемдігі мен дизайнына көп көңіл бөледі. Ал ғылымдағы ер адамдар зерттелетін тақырыптың және оларды қызықтыратын мәселенің жалпы «бейнесіне» көбірек көңіл бөледі, сондықтан олар әрқашан нәтижеге тезірек қол жеткізуге ұмтылады.

Жалпы ғылымда «Матильда эффектісі» деген термин бар, оның мағынасы: әйелдердің ғылымға қосқан үлесін жүйелі түрде жоққа шығару, олардың жұмысының маңыздылығын төмендету және әйелдердің еңбектерін ер әріптестеріне жатқызу. Мұндай құбылысты алғаш рет суфрагист және аболиционист Матильда Джослин Гейдж (1826-1898) «әйел өнертапқыш ретінде» эссесінде сипаттаған. Осындай құбылыс бізде де орын алып отырған сияқты.

2. Ғылымда шешім қабылдайтын әйелдердің санын көбейту керек немесе әйелдер үшін тең жағдай жасау туралы шешім қабылдайтын басқарушы орындарда олардың санын көбейту керек. Ғылыммен айналысатын әйелдердің мәселелерін көтеріп, түсініп, сөзін сөйлейтіндер қатарын көбейту қажет.

3. Әйелдердің ғылымға тең және толық қолжетімділігін қамтамасыз етуді арттыру үшін«шығармашылық күндер», сондай-ақ, жұмыс орындарында бақыланатын балалар бөлмелері, ерте айлардан бастап балабақшалар, сондай-ақ қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі немесе кеңседе жұмыс күнінің жартысын және «қашықтықтан» жартысын қамтамасыз ету сияқты жағдайлар жасау қажет. Бұл басқа елдерде жасалғандай (ғылым дамыған Еуропа мен АҚШ елдерінде мұндай тәжірибе қолданылады).

4. Тәлімгерлік бағдарламалары. Жоғары білім берудегі тәжірибелі әйел көшбасшыларды,мансапқа ұмтылған, ғылымда жетістікке жеткенәйелдермен байланыстыратын ресми тәлімгерлік бағдарламаларын құру көшбасшылықты қолдауғажәне дамытуға айтарлықтай ықпал етеді.

5. Көшбасшылық семинарлар. Жоғары білімі бар әйелдерге арналған семинарлар келіссөздер жүргізу, жанжалдар мен шиеленістерді шешу және тиімді қарым-қатынас дағдыларын үйретуді қамту;

6. Қағазбастылықтан арылу. Цифрлық технологиялар кеңінен қолдану арқылы шешуге болады. 

БҰҰ Бас Ассамблеясы 2015 жылы әйелдер мен қыздардың ғылымға толық және тең қол жеткізуін, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін қамтамасыз етуді, сонымен қатар ғалым әйелдерге демеу көрсетуді, ғылым мен техника салаларындағы ғылыми-зерттеу қызметіне қатысуын қолдау мақсатында 11 ақпанды Ғылымдағы қыздар мен әйелдер күні етіп бекіткен.

Біздің елімізде Елордада «Қазақстандық ғалым әйелдер» энциклопедиясының тұсаукесері өтті. Тұңғыш рет топтастырылып отырған жинаққа ғылымға еңбегі сіңген 84 ғалым-әйелдің есімі енді.  Алғаш рет ғалым-әйелдер үшін Қазақстан және Орта Азия академигі Найля Базанованың атындағы тұңғыш әйел сыйлығы тағайындалды.

Экономиканың өзге салаларындағы секілді, ғылымдағы әйелдер сыйақы алуда, жұмысқа орналасуда теңсіздікке, көрінбейтін кедергілерге кезігеді. Қыз-келіншектердің ғылыммен айналысуына барлық жерде бірдей жағдай жасалмайды. Әйелдердің өзін толық ғылымға арнай алмауына бала күтімі, тәрбиесіне, отбасы жағдайына алаңдауы себеп. Сонда да, қазақ әйелі белсенді, әрі табанды, үнемі біліктілігін арттырып, қосымша білімге ұмтылып жүреді.

Сонымен, мен білетін ғылымдағы әйел бейнесінің қазақстандық нұсқасын былай сипаттар едім:

 – Кішіпейіл, бір қолымен бесігін тербетіп, екінші қолымен компьютердің клавиатурасын тез теруге үйренген, қажетті қағаздарды толтыра жүріп, шәкіртінің жетістігіне балаша қуана білетін, өз мүддесінен отбасының берекесін жоғары қоятын, келешектен үлкен үміт күтетін, жаны – нәзік, мақсаты – биік, өз ісінің патриоты.

 
Алмакул Абдимомынова,

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің доценті, э.ғ.к.

   

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<