Парижде (Франция) өтетін жазғы Олимпиадаға велосипедпен аттанған маңғыстаулық Рәббім Борашев Түркияға жетті. Бұл туралы KAZ.NUR.KZ.
Маңғыстау облысы қоғамдық коммуникация орталығының Telegram желісіндегі ресми арнасына сілтеме жасап хабарлайды. Велошабандоз сапарын 4 мамырда бастап, кейін 1 айға уақытша тоқтатқан еді. Ол үзілістен соң жұбайы Айзада Борашевамен бірге веложорығын қайтадан жалғастырды. Қазір ерлі-зайыпты Түркия мемлекетінің Хопа қаласына жеткен. «18-23 мамырда III «Ұлы дала» жорығына, маусым айының 6-8 аралығында Сүгір Бегендікұлының 130 жылдық мерейтойына қатыстым. Ал қазір Түркия елінің Хопа қаласындағы қонақ үйдің біріне келіп орналастық», – деді Рәббім Борашев.
Еске салайық, маңғыстаулық азамат Рәббім Байбозұлы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына велосипедпен жолға шыққанын жазған едік. Ол сапары барысында 9 елге баруды жоспарлап отырғанын айтқан болатын. Айта кетейік, Париж Олимпиадасы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында өтеді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<