Жасақ бастығының бір күні

351

0

Жазасын өтеуші азаматтармен жұмыс әртараптандырылған. Топтық және жеке қабылдаулар психолог пен педагогтың қатысуымен жүзеге асырылады. Тәрбие жұмыстарының қорытындысы бойынша олардың тәртіптеріне баға беріледі. Жазасын өтеушілерге рақымшылық пен өтініш беру үшін мекемеде электронды терминал жұмыс жасайды.

Жаза мерзімін өтеушілердің бостандыққа шыққанға дейін басы-қасында қадағалап жүретін жасақ бастығының жұмыс күні өз жасағындағы жазасын өтеуші азаматтарды тізім бойынша таңғы тексеріс жұмыстарын жүргізумен басталады.

Барлығының жасақта екеніне көз жеткізгеннен кейін мекеме бастығы бекіткен күн тәртібіне сәйкес жұмыс жүргізеді. Денсаулық жағдайымен дәрігерге жазылған азаматтарды мекеменің медициналық жұмыс жүргізу аймағына апарады. Кітап оқитын азаматтарды кітапханаға, жақындарымен сөйлесу үшін таксафонға, психолог көмегін қажет ететін азаматтарды психолог кабинетіне қарай, қажеттіліктерін алу үшін дүкенге, ал, күн тәртібінде тазалық күні болса, жасақтың ішкі-сыртқы аймағына тазалық жұмыстарын жүргізеді. Сот отырысы белгіленген жазасын өтеушілерді «Zoom» қосымшасы арқылы байланыстырып, сот орындаушысынан жауап алады.

Түскі уақытта әр жасақ басшысы өз жасағын жинап, түскі ас ішу үшін асханаға қарай беттейді. Содан кейін әлеуметтік сабақтар мен колледждерде білім алатын жазасын өтеушілерді мектеп пен колледжге апарады.

– Жұмыс, шын мәнінде, оңай емес. Отбасымызбен жиі уақыт өткізуге мүмкіндік бола бермейді. Кей кезде мейрамда да жазасын өтеушілермен біргеміз. Өз міндетімізді адал атқаруға серт бергеннен кейін барлығынан жұмысты басты орынға қоямыз. Қызмет атқару барысында жазасын өтеушілердің түрлі мінез-құлқымен, ерекшелігімен танысып, соған қарай жоспар жасаймыз. Түзеу мекемесі болғандықтан мәдени, спорттық іс-шаралар ұйымдастырып, белсенді қатысқан азаматтарды барынша марапаттауға тырысамыз. Бұл олар үшін өте маңызды, – деді жасақ басшысы, әділет аға лейтенанты Олжас Әбдінәбиев.

Содан соң, кешкі тексеріс жұмыстары жүргізіледі. Жасақ бастығы жазасын өтеушілерді кешкі асқа апарады. Кешкі ас ішіп болған соң жасағын өз қапастарына кіруін қадағалайды. Осылай жасақ бастығы бір күнін қорытындылап, келесі күннің жұмыс жоспарымен танысып, дайындық жұмыстарын жүргізеді.

Адина Жомартқызы,

Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<