Аймақ басшысы облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті

422

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова жаңа форматта аймақтағы мәслихат депутаттарымен кездесті. Яғни, Қызылорда қаласынан, аудандардан сайланған депутаттарды үш күн қатарынан қабылдап, кездесу ұйымдастырды.

Аймақ басшысы жарты жыл ішінде елмен кездесіп, мәселелерін жетік білетін халық қалаулыларымен еркін форматта пікірлесіп, өзекті мәселелер бойынша ұсыныс-пікірлерді тыңдады. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті ұсыныстар мен нақты мәселелерді ортаға салды.

Облыс әкімі жақында өткен ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Үкіметтің кеңейтілген отырысында көзделген тапсырмалар мен міндеттемелерді орындау бағытында тиісті жұмысты бірлесе атқару қажеттігін атап өтіп, алдағы кезеңде әрбір мәслихат депутатымен жеке кездесу өткізу жоспарда бар екенін айтты. Әсіресе, депуттатық корпус өкілдері халықтың вакцина алу белсенділігіне ықпал етіп, қажетті түсіндірмені жүргізуге атсалысу қажет деп атап өтті.

– Өздеріңізге белгілі Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев аймақтың дамуы мен қуаңшылық кезінде қабылдайтын шаралардың бағытын айқындап берді. Қиын кезеңнен мәселені бірлесіп шешу арқылы шығамыз. Сіздер бұл тұрғыда халықтың қажеттілігін билікке дер кезінде жеткізетін тұлға ретінде маңызды рөл атқарасыздар. Шын мәнінде, сіздер халық ішінде жүріп, өзекті мәселелерді саралап келесіздер. Сол себепті де аймақ дамуына қажетті ұсыныстарыңызды тыңдау үшін осындай форматта кездесуді жөн санадым.

Бірнеше күннен бері облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттың құрамымен жеке кездестім. Тамыз айынан бастап әр депутатпен кестеге сәйкес жаңа форматта кездесетін боламын, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесулерде халық қалаулылары бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, экономика бағыты бойынша азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әлеуметтік дүкендердің санын көбейту, елді мекендерді ауыз су, газбен қамтамасыз ету, тұрғындарға оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қолдау көрсету сұрақтары көтерілсе, кәсіпкерлік бағыты бойынша бизнес иелеріне қолдау мақсатында коммуналдық мәселелерді шешуге көмек көрсету сөз болды. Сонымен қатар, мемлекеттік бағдарлама арқалы кәсіп ашамын деген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет екені айтылды.

Сонымен бірге депутаттар тарапынан ауылдарды дамыту, тірек ауылдарды көбейту, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарды кешенді түрде қолдау және ауылдық жерлерге инфрақұрылымды жеткізу мәселесі де назардан тыс қалмады.

Ал, әлеуметтік сала бойынша мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен бағдарламаларға қатысуы, бала күтіміне байланысты жәрдемеақы төлеу мәселесін күшейту, көпбалалы аналарды кәсіпкерлікке тарту, қиын жағдайда қалған отбасындағы әйелдерді қоғамдық ортаға бейімдеу және писхологиялық көмек ұйымдастыру мәселесі талқыланды.

Мұнымен қоса, кездесу барысында білім беру ұйымдарында құрылыс жұмыстарының уақытылы бітуі, дәстүрлі оқуға көшуге қажетті жағдайларды жасау, балабақшалар салу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, инклюзивті білім беру мәселелері бойынша қажет деп танылған ұсыныстар ортаға салынды.

Халық қалаулылары Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай аталып өтілетін шаралардың маңыздылығына да тоқталып, Сыр елінің дамуына елеулі еңбек еткен азаматтарды таныту, еңбек адамдарын насихаттайтын тақырыптық хабарлар әзірлеу, жастарға бағытталған әлеуметтік роликтер түсіру мәселесін көтерді.

Депутаттармен ашық пікірлескен аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова елдегі мәселелердің шешілуіне олардың рөлі айрықша екенін назарға салып, бірлесіп жұмыс атқару арқылы нәтиже болатынын қаперге салды. Сондай-ақ, халық атынан түскен мәселелерді саралап, шешілу тетігін кезең-кезеңімен іске асырылатынын қаперге салды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<