Ауылда бар жағдай жасалған: Президентпен кездескен жас маман (Видео)

628

0

Барлығы бірдей ауылдан кетсе, бабамыздан қалған берекеге кім ие болмақ!? Мұндай ойын «Шаған жер» ЖШС-ның жас механизаторы Айбек Уәлиев Қызылордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесуде айтты.

Бүгін Мемлекет басшысы өңірге сапары барысында «Еңбек аллеясында» еңбек адамдарымен кездескенін жазған болатынбыз. Жүздесудің видеосы Aqorda-ның Telegram арнасында жарияланды.

«Шаған жер» ЖШС механизаторы Айбек Уәлиев ауылда еңбек етудің артықшылықтарын айтып өтті. 

«Атам да, әкем де осы шаруашылықта қызмет атқарған. Мен де солардың ізімен еріп, қазір ауылда қалып, еңбек етіп жүрмін. Бүгінде жастардың көбі ауылдан жыраққа кетіп, табысты сырттан тапқысы келеді. Бірақ, барлығы бірдей ауылдан кетсе, бабамыздан қалған берекеге кім ие болмақ!? Оның үстіне қазір ауылымызда жағдай жасалған. Ауызсу 24 сағат ағып тұр. Мектеп, аурухана, балабақша бәрі бар. Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс көзі де табылады», – деді Айбек Уәлиев.

Президент өз сөзінде жастарға көңіл бөлу қажеттігін атап айтты.

«Мен әр уақытта да жастар туралы айтып келемін. Жастарымыз – еліміздің болашағы. Жастарымыз еңбекқор, ұқыпты, отансүйгіш болуы керек. Жастарымыз өте жақсы. Сен сияқты жастарымызды әрқашан да қолдаймын. Ауылда (Сырдария ауданы Нағи Ілиясов ауылы) өмір сүруге, жұмыс істеуге жағдай жасалған екен. Осындай ауылдарды көбейтуміз керек. Шамамыз бар, қаражат жетеді. Қалталы азаматтарға, кәсіпкерлерге ауылдарға көмектесу қажеттігін қайта-қайта айтып жатырмын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ жүздесуде «Ақмая» шаруа қожалығының бригадирі Гүлсім Дәрібаева өзінің еңбек жолы туралы мәлім етті. 

«Шиелі ауданы Ақмая ауылындағы «Ақмая» шаруа қожалығында 40 жылдан бері ауыл шаруашылығы саласында еңбек етемін. Еңбек жолымды қарапайым қол жұмысымен бастап, кейін трактор, комбайн айдадым, агроном-есепші болдым. Қазіргі таңда күріш бригадасында бригадир болып жұмыс істеймін. Дала академигі Ыбырай Жақаев атамыз «Еңбектің көзін тапқан, байлықтың өзін табады» деген екен. Міне, сол еңбектің арқасында талай жетістіктерге жеттім», – деді ол.

Мемлекет басшысы осы орайда, ең алдымен, еңбек адамдарын сыйлау қажеттігін атады.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<