Франция –  Еуропа Одағындағы сенімді серіктес

9802

0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Қазақстанға ресми сапармен келген Франция Президенті Эмманюэль Макронмен келіссөз жүргізді.

Келіссөз алдында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылының бастығы мемлекеттер басшыларына рапорт беріп, екі елдің әнұрандары шырқалды. Содан кейін президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізу үшін Шығыс залына барды.

Екіжақты кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмманюэль Макрон екі мемлекеттің ресми делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Мемлекет басшысы Франция Президентінің Астанаға алғашқы сапары екіжақты қарым-қатынасты дамытуға тың серпін беретінін және көпжақты ынтымақтастықты мүлде жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік жасайтынын атап өтті.

– Франция – Қазақстанның Еуропа Одағындағы маңызды әрі сенімді серіктесі. Былтыр өзара тауар айналымы 30 пайызға өсіп, 4 миллиард долларға жетті. Биылғы сегіз айда екіжақты сауда-саттық көлемі өткен жылмен салыстырғанда 21 пайызға артты, яғни 2,7 миллиард долларды құрады, – деді Президент.

Мемлекет басшысының айтуынша, Франция бұған дейін ел экономикасына шамамен 18,7 миллиард долларға жуық инвестиция салған. Энергетика, құрылыс, аэроғарыш, фармацевтика, тау-кен және химия өнеркәсібі, машина жасау салаларында бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр.

Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронның өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуға қосқан жеке үлесін ерекше атап өтіп, екі ел халықтарының игілігі жолындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға Қазақстанның дайын екенін жеткізді.

Келіссөз барысында тараптар жасыл энергетика, логистика, транзит, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, цифрландыру және білім беру салаларындағы алдағы ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындады.

Мемлекет басшысы мәдени байланыстарды дамытуға ерекше назар аударып, француз мәдениеті мен тілін Қазақстанда ілгерілету қажет екенін айтты.

Өз кезегінде Эмманюэль Макрон екі ел арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы келісімнің қабылданғанына 15 жыл толғанын атап өтіп, Францияның өзара мүддені көздейтін түрлі саладағы екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады.

– Екіжақты экономикалық қарым-қатынастар, соның ішінде ауыл шаруашылығы, энергетика, жаңартылатын энергетика салаларындағы байланыстар алдағы уақытта тың серпінмен дамиды деп ойлаймын. Біз бұрынғы жобаларға да, жаңа бастамаларға да инвестиция салуды қолдаймыз. Бүгін өте өзекті мәселелерді талқыладық. Бұдан бөлек мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығымыз да қарқынды дамып келеді. Білім-ғылым салаларында нақты келісім бар. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақ-француз университеті өз жұмысын бастайды, – деді Франция Президенті.

Сонымен қатар екі ел басшылары өңірлік және жаһандық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты тұрақты қарым-қатынастың маңыздылығына назар аударып, халықаралық ұйымдар аясындағы диалогты тереңдету қажет екенін атап өтті.

Екіжақты келіссөздерден кейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен Франция Президенті Эмманюэль Макрон бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері үшін бірлескен мәлімдеме жасады.

Мемлекет басшысының айтуынша, келіссөздер барысында сауда, экономика және инвестиция салаларындағы ықпалдастықтың ауқымын кеңейтуге баса мән беріліп, шикізат, ауыл шаруашылығы, көлік, логистика, жеңіл өнеркәсіп, денсаулық сақтау, инновация, қаржы және басқа да секторларда тың жобаларды қолға алу маңызды екені атап өтілген.

– Бұл, әсіресе, қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық ахуал кезінде аса өзекті. Осы ретте Стратегиялық минералдар саласындағы ынтымақтастық ниеті туралы декларацияға қол қойылды. Сондай-ақ Boehringer Ingelheim,Total Energies, Alstom компанияларымен келісімдерге қол жеткіздік. Оған жаңа ғана өздеріңіз куә болдыңыздар. Бұл  келісімдер екі ел үшін де пайдалы болмақ. Жоспарланған шараларды тиімді іске асыру мақсатында бірлескен инвестициялық жобаларды министрліктер деңгейінде ілгерілету керек. Ол үшін арнаулы жұмыс тобын құруды ұсындым, – деді Президент.

Сонымен қатар екіжақты келіссөздер барысында «жасыл» экономикаға көшуге және климаттың өзгеруіне қатысты мәселелерге назар аударылған. Қасым-Жомарт Тоқаев Эмманюэль Макронға екі елдің мүддесіне сай келетін бірқатар нақты ұсыныс айтқанын, еліміз Францияның «One Planet Summit» бастамасы аясында бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін нақтылағанын мәлімдеді.

– Сіздің еліңіздің рөлі мен географиялық орналасуы, сондай-ақ оның аумағының үлкендігі біз үшін өте маңызды. Сондықтан бүгін экономикалық ынтымақтастығымыз жан-жақты талқыланды. Бүгін қол қойылған құжаттар – осының айғағы. Президент мырза, Сіз Қазақстанда жұмыс істеп жатқан француз кәсіпорындарының маңызына арнайы тоқталдыңыз. Француз компаниялары сауда және энергетика салаларында ұзақмерзімді серіктестік орнатты. Компанияларымыздың басқа да салаларда бірлесе жұмыс істегенін қалаймыз. Ынтымақтастықтың негізгі бағыттары белгілі. Олар – энергетика және аэроғарыш өнеркәсібі салалары, – деді Эмманюэль Макрон.

Сонымен қатар Франция Президенті Қазақстанның әлемдегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<