Арманға қанат бітірген

1647

0

Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетумен елді мекендердің қажеттілігін қамтамасыз етуде мейірбике мамандығының рөлі зор. Науқастың саулығына дәрігерден кем қарамайтын осы денсаулық жанашырларының қатарында Салтанат Қалиева бар.

Салтанат Қызылорда жоғары медициналық кол­леджін тәмамдаған. Қазір қала іргесіндегі Махамбетов ауылының дәрігерлік амбулаториясында қызмет етеді. Туған ауылында «денсаулық сақшысы» атанған жас маман еңбекке етене араласып, көпшілікпен тез тіл табысып кеткен. Әлі күнге дейін осы саланы барынша меңгеруге көмек көрсетіп, бағыт-бағдар берген ұстаздарына алғысы шексіз екенін айтады.

– Мейірбике – техникалық сарапшы, тыңдай алатын және кеңес бере алатын психолог. Біз науқастың күнделікті ахуалын бақылап, тезірек жазылып кетуіне мүмкіндік жасаймыз. Дәріні егу кезінде мөлшер қателіктерін жіберіп алмау маңызды. Сауаттылық қажет. Бұл – мейірбикелерге қанша ізденсе де артық етпейді деген сөз. Өйткені, адам жанына араша түсу білім мен біліктілікті талап етеді. Сондықтан мен өз бетімше де біліктілігімді жетілдіріп, тәжірибелі дәрігерлер ұсынатын онлайн вебинарларды қалт жібермеймін. Әріптестерім еңбектің жемісін күнде көреді деп айта аламын. Себебі, дертінен сауыққан жандардың жүректен шыққан жылы сөзі мен лебізі кез келген марапаттан артық, – дейді Салтанат.

Кейіпкеріміз адам өзін жақсы көруі керек деп есеп­тейді. Өзін жақсы көру – әдемі киіну, жұртқа жақсы болып көріну емес, денсаулығын күту деп біледі. Гиппократ антын қабылдап, міндетін мінсіз атқарып жүрген жас маман елімізде мейірбике ісін дамыту үшін ауқымды шаралар қолға алынғанын да алға тартты. Бұдан бөлек, мемлекет тарапынан жас маман­дарға қолдау артқан. Салтанат оны қа­жетке жаратты. Ауыл-аймақтардағы кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуге ба­ғыт­талған «Дипломмен – ауылға!» бағдар­ламасы аясында бас­паналы болды. Айтуынша, бұл бағдарлама жастар үшін маңызға ие.

– Жоба жақындарымның жанында қалып, ойдағы армандарымды өз өлкемде іске асыруға көмектесті. Таңдауыма еш өкінбеймін. Ең бастысы, жастарға берілген осындай мүмкіндікті қалт жібермегеніме қуанамын. Осы бағдарламаның арқасында баспанаға қол жеткіздік. Ал, ол біз секілді жастар үшін, жас отбасы үшін пайдалы, – дейді Салтанат.

Жалпы, Қызылорда қаласында «Дип­ломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында арманын жүзеге асырған жас көп. Мәліметке сүйенсек, 2009-2018 жылдар аралығында облыс бойынша 4406 маманға 1,3 млрд теңге біржолғы көтерме жәрдемақы төленіп, 3511 маманға 9,1 млрд теңге тұрғын үй сатып алуға несие берілген. Ал, биыл қала бойынша 110 адам 29 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақыға қол жеткізді. Бұл уақыт өте келе бағдарлама тиімділігін түсініп, оның жемісін көруге асыққан мамандардың көптігін байқатады. Олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласының мамандары бар.

Мөлдір Қалымбет,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<