Ауыл ұстазының әлемдік жетістігі

2075

0

Ғылым-білімге ыждағат танытып, қолда бардан құнды дүние шығару – құр кетпейтін іс. Әсіресе, білімді насихаттап, жасқа жол көрсету құндылықтың төресі десе де болатындай. Бүгінгі кейіпкеріміз де білгенімен бөлісуді парыз санап, зерек ұрпақтың зердесін ашуға талпынған жан. Қармақшы ауданындағы №80 мектеп-гимназияда география пәнінің мұғалімі болып қызмет атқаратын Серік Ниязов әлемдік ғылыми ортада бой көрсетіп, онлайн білім платформасын әзірлеген. Сол арқылы аймақтағы білім беру ісіне үлес қосып, тәжірибесін бөлісуге құмар. Ғылымсүйер азаматтың қос биігін аласартпай айтсақ, тұлғаның танымы мен тағылымының мәні сабақтасары анық. Сондықтан ғылым-білімге қосқан олжаны тарқата түселік.

Серік Ұзақбайұлы – ғылыми ортада сыйлы азамат. Ерлігі сол, білімге құштар жасты ұшпаққа шығарамын деген ниетпен арнайы платформа әзірлеген. Атауы да адам тартады. «Әлемді таны. Серік ағаймен бірге оқы». Мұнда елтану бағытының түп-тамырына дейін тәптіштеп түсіндіріп, оқушылардың қабылдауына жатық тілде айтылған. Платформаны мектепте де, үйде де еркін пайдалану үшін қосалқы функциялар әзірленіп, толықтыру енгізілген екен. Ал «Педагогикалық идеялар-2023» байқауында платформа үздік жоба қатарынан көрінді.

Ұстаздың айтуынша, аталған жоба есте сақтау қабілетін жақсартуға, елдер туралы деректі дер кезінде табуға жәрдемдеспек. Тіпті, сабақтан тыс  қосымша оқу-құралы ретінде пайдалануға да мүмкіндік мол. Ол үшін телефон болса, жеткілікті.

– Білім беру жүйесі үздіксіз жаңарып, дамып келеді. Заман талабына сай құбылу кезек күттірмейтін қадамға айналды. Қазақстанда білім беруге арналған көптеген бағдарлама, сайт, платформа әзірленгенімен, басым бөлігі орыс тілінде. Сондықтан елтану бағытын қамтитын платформаның қазақша нұсқасын әзірлеу идеясы келді. Жылдар бойы жүргізген зерттеу, сынақ нәтижесінде платформа дайын болды. Бұл тек білім алу мүмкіндігі емес, әлемге саяхаттауға серпіліс беріп, өзге халықты тануға құштарлық сыйлайды, – дейді мұғалім.

Мұнда 200-ге жуық ел туралы мәлімет жинақталған. Мемлекет атауы, басқару формасы, валютасы, халық санына дейін толыққанды мәлімет бар. Көрген-білген ақпаратты есте сақтау үшін қорытынды тест түріндегі «шегелеу» әдісі де тиімді қолданылған.

Ауылдан шығып, әлемге танылған азамат тек білім беру ісін ғана емес, ұлттық болмыс, таным тарихын насихаттауға бет бұрған. Әсіресе, түрлі халықаралық жиында аймақ тарихы мен тұлғаларын таныстырып, өңір туризмін ілгерілетуге күш салуда.

Соның бір мысалы Түркия елінде орын алды. Жуырда Серік Ұзақбайұлы Анталия қаласына табан тіреп, Акдениз университеті өкілдері мен әлемнің әр бұрышынан жиналған ғалымдарға баяндама оқыды. Ол «V Powerful Geographical Education, Powerful Future» («Қуатты географиялық білім, қуатты болашақ») конгрессінде қазақстандық делегация құрамында болып, туған жер – Қармақшы ауданының тарихи тұлғасына айналған Қорқыт мұрасын дәріптеуге күш салды. Конгресс барысында «Қорқыт баба түркі әлеміне ортақ тұлға» тақырыбындағы тұжырымын қорғап, ғылыми ортаның оң бағасын алғанын айта кеткен жөн.

Бұл ауыл мұғалімінің жалғыз жетістігі емес. Бұған дейін әлемнің бірнеше университетінде география ғылымының қайнаған ортасында болды. Ғаламдық білім беру үрдісін зерттеп, ғылыми айналымдағы жаңалықтарға қанықты. Елге жасаған еңбектің жемісі болар, туған жер де ұстаздың қадіріне жетіп, құрмет төріне шығара білді. Мысалы, 2020 жылы Серік Ниязов Қызылорда облысы әкімдігінің білім беру саласының қызметкерлеріне тағайындалған біржолғы сыйақы иегері атанса, биыл республикалық «Үздік педагог-2023» атағын иеленді.

Кейінгі буынға білім үйрету жанкештілік пен табандылықты қажет етеді. Бұл ұстаным Серік Ұзақбайұлына отбасы, өскен ортадан дарыған қасиет болса керек. Жастайынан елге пайда тигізуді ата-анадан үйреніп, ұстаздары жақсыға серік қылып, еңбекқорлыққа баулыған. Мұны бүгінгі биікке шыққан ғылымсүйер азамат былайша тарқатады.

– Ұстаздық жолға түсуіме бастауыш сыныптағы табиғаттану сабағы себеп болды. Нағи Тәжиева апайым оқиға ортасында жүргендей әңгімелеп, әрбір құбылыстың сырын көркем сипаттайтын. Осы таным таңдауыма септесіп, тағдырымды шешті десем, артық болмас, – дейді ол.

Иә, ұстаз үшін білім жолындағы ұйқысыз түн мен мазасыз шақ зияткер оқушының нәтижесі арқылы өтелері белгілі. Берген білім жетер жеріне жетіп, баланың танымына сүрлеу салса, шәкірт шамшырағының шаттықты сәті сол болмақ. Серік Ұзақбайұлының өмірлік ұстанымы мен кәсіби көзқарасы да осы ұғымнан екеніне көз жетті.

Ақтілек БІТІМБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<