Білім мен ғылым қолдау күтеді

1518

0

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен білім мәселесі турасында сөз қозғап, ғылымға қамқорлық жасау туралы пайымдары сала мамандарының баршасының көңілінен шыққаны анық.


Мемлекет басшысы өз сөзінде әр оқушыға казір елімізде 1 мың доллардан кем мөлшерде қаржы бөлінетініне айрықша назар аударып, бұл қаржы көлемі алдыңғы қатардағы шет елдерде 10-14 мың доллар ша­ма­сында екенін де ашық айтты. Осы орайда еліміздегі жоғары оқу орын­дарының бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру міндетін алға тартқан Президент, білім гранттарының орташа құнын 340-420 мың теңгеден 1 миллион теңгеге дейін көбейту туралы шешім қабылданғанын атап өтті.

Демек, мемлекеттік грант құны 3 есеге артып, сол арқылы оқытушылардың жа­лақысын кезең-кезеңмен арттырып, уни­верситеттердің материалдық база­сын нығайтуға да басымдық беріліп отыр.
Кеңес отырысында айтылғандай, ауыл мектептерінде бір мұғалімнің өзі 3-4 пәннен дәріс беруі, әрине, өкінішті жағдай.

Қазақы үрдіс пен ұлттық тәрбиенің көзі ауыл мектептері екенінде дау бола қоймас. Сондықтан, ауыл мектебінің мәртебесін көтеру – ұлт өнегесі мен мәртебесін көтеру деп түсінген абзал.

Өйткені, үлкен өмірге енді араласқан жастың кейде қоғамнан өз орнын таба алмай жататыны – сол мектепте көре алмаған тәрбиенің кемшіндігінен болар деп ойлаймын.


Грант құнын арттыру – уақыты келген маңызды іс. Өйткені «Не ексең, соны орасың» деген сөз бар. Біз Батыстың үрдісін қабылдадық. Бірақ, оның түбірін ескермей жатырмыз. Қазір «ғылым магистрі» мен «РһD докторы» ғылыми атақтары үшін ғылымға бет бұрған жастар ұмтылуда. Өкінішке орай, магистратура мен докторантураға қабылданған үміткердің ғылыми жобаларды өзінің тақырыбы бойынша орындауға арнайы қаржы бөлінбеуі жастардың алғашқы ғылыми талпынысына кедергі болып отырғанын айтар едім. Осыдан соң гуманитарлық мамандықтарды есеп­те­мегенде, әсіресе бұл техни­ка­лық мамандықтарға қатысты зерт­теулер көпшілігінде толыққанды жүр­гізіл­мейді, яғни, ізденуші алдыңғылар ат­қарған зерттеулерді талдап, со­лар­дың төңірегінен алыстап кете алмайды.
Ғылыми жұмыстарды атқаруға грант бөлу ережесінің жақсы да, көлеңкелі де тұстары баршылық. Осыдан болар, мемлекеттің қаржысы шашыраңқылыққа түсіп жатады.

Біз жеке ғалымдардың жоғары қабілеті мен ерекшеліктерін ескеруге қарсы емеспіз. Дегенмен, бүгінгі күні біраз ғылыми-зерттеу институттарының қар­жылық жағдайы қанағаттанарлық емес. Сондықтан, ғылымға грант бөлгенде мемлекеттік реттеуді де іске қосқан дұрыс болатын сияқты. Осы орайда өңірлік үлкен білім мен ғылым ордаларындағы ғылыми әлеуетті барынша тиімді пайдалануға көңіл бөлу керек. Өңірлік университеттер арнайы ғылыми қаржыландыруды күтіп отыр. Солай болғанда, ең алдымен, аймақ экономикасы нығаяды, өңірлік ғылым өркендейді, сол іргелі оқу орнында мамандар даярлау сапасы күрт өседі.
Президенттің қойып отырған талабына сай болашақта әрбір ғы­лыми жұмыстың нақты әлеуметтік-экономикалық, өн­­­діріс­тік және техникалық қайта­рымы болуы қажет. Сондай-ақ, медико-биологиялық зерт­теулер, агро­өндірістік ғылым, “жасыл” тех­нология, жасанды интеллект, энер­готиім­ділік сияқты салаларға көбірек мән беріліп, қаржылай қолдау қажет­тігі тапсырылды.

Серікбай ҚОШҚАРОВ,


Қорқыт Ата атындағы мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының докторы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<