Мектеп бітірушілердің білім жарысында ең жоғары ұпайды еншілеген талапкерлер Сыр өңірінен де шығып, ел мерейін үстем етті. Ең қызығы, олар егіз. Кәусар және Гаухар Алтынсары Шиелі ауданындағы Ш.Уәлиханов атындағы №127 орта мектеп-лицейді бітірді. Тестілеу нәтижесінде Кәусар 140, ал оның сыңары Гаухар 139 балл жинады. Сонымен қатар IELTS халықаралық емтиханынан 7.5 балл жинап, халықаралық сертификат иегері атанды. Облыстық білім басқармасы бұл жетістік табандылықтың, тынымсыз еңбек пен білімге құштарлықтың жемісі екенін атап өтті.
Сүйінші жаңалықты жеткізуге асығатын қалпымызбен біз де алғыр оқушылардың өзімен сөйлесіп, жоғары ұпайға қол жеткізуінің сырын білгіміз келді. Кәусар мен Гаухардың таңдау пәні – дүние жүзі тарихы және ағылшын тілі пәндерінің комбинациясы, екеуінің де мақсаты – ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болу.
– ҰБТ-ға дайындықты біз 10-сыныпта өз бетімізше бастағанбыз. Одан кейін IELTS емтиханын тапсырып, 11-сыныпта курсқа барып, дайындықты күшейттік. Ағылшын тілін үйренгенде ең бастысы сол тілмен өзіңді барынша қоршауға тырысу керек. Бұл дегеніміз – барлық әлеуметтік желіні сол тілге ауыстыру, күнделікті тек ағылшын тілінде контент көру. Менің жетістігімнің сыры – тәртіпке құрылған кесте. Қосымша білім берген IELTS мұғалімім Диана апайға ақпаратты жүйелі түрде бөлісіп, бастан-аяқ дайындағаны, үнемі моральдық қолдау көрсеткені үшін алғысым шексіз, – дейді Кәусар Алтынсары.
Егіз түлектердің ата-анасы білім мен тәрбиені қатар ұштастырған. Әкесі Қанат Әмзе Шиелі ауданындағы Ш.Есенов атындағы №153 мектеп-лицейдің директоры, құқық пәнінің мұғалімі, ал анасы Индира Тоқсанбаева – «Айналайын» бөбекжай-балабақшасының әдіскері.
– 139, 140 балл жинағанымызды білгенде Гаухар екеуміз қатты таңғалдық дей алмаймыз. Өйткені өзімізге өте сенімді болдық. Ең бірінші әкеме айтқан едім, ол бірден сенген жоқ. Әкемнің қуанғанын көргеннен кейін ғана менің де көңіл-күйім көтеріліп сала берді. Осы орайда ата-анамызға, сондай-ақ ұстаздарыма білім берумен шектелмей, бойымызға адами қасиеттерді дарытуға ықпалын тигізгені үшін ризашылық білдіремін. Олар қандай балл алсақ та әрдайым қолдау көрсетіп, алға ұмтылуға жігерлендірді, – дейді кейіпкеріміз.
Кәусар да, Гаухар да білімге құштарлығының арқасында бастауыш сыныптан бері үздік оқушылардың қатарында болды.
– Өте ізденімпаз, қандай пәннен болса да ең жоғары нәтиже көрсетіп келді. Екеуі де – ағылшын тілі пәнінен облыстық олимпиада жүлдегерлері. Оқушыларымыздың үздік нәтиже көрсетуінде ұстаздарының, атап айтқанда, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ақнұр Есенбаева, тарих пәнінің мұғалімі Жанат Оңалбаева, математика пәнінің мұғалімі Дина Дүйсекованың еңбегін атап өтуге тиіспіз, – деді Ш.Уәлиханов атындағы №127 орта мектеп-лицей директорының бейінді оқыту жұмысы жөніндегі орынбасары Қарлығаш Әбілқайырова.
Кәусар Алтынсары ҰБТ-ға дайындықтағы ең басты нәрсе тұрақтылық екенін жеткізді.
– Талапкер шаршау, мотивация, көңіл-күйдің жоқтығы секілді факторларға тәуелді болмау керек. Еріншектігіңді жеңе алмасаң, ҰБТ-да ғана емес, өмірде де арман-мақсатыңа жете алмайсың. Адамды мақсатқа жетелейтін – тәртіп, ал мотивация уақытша. Екі жылда түйгенім – осы. Болашақ түлектерге айтқым келетіні, кез келген еңбек ақталады. «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» деп Абай атамыз айтқандай, тек еңбекпен нәтижеге жете аласың, – дейді ол.
Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»





