Илья Ильин университет түлектерімен онлайн кездесуге қатысты

1198

0

83 жыл тарихы бар Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде онлайн форматта «Түлектермен кездесу» шарасы өтті.

Университет ректоры Бейбіткүл Кәрімова еліміздегі іргелі оқу ордасының қабырғасында білім алып, үлкен өмірде жетістікке жеткен, ел игілігі үшін қызмет атқарып жүрген түлектермен емен жарқын сұхбат құрды.

«Біз әрбір түлегімізді мақтан тұтамыз. Жыл сайын университеттен мыңдаған жас оқуын аяқтап, үлкен өмірге қадам басады. Оқу ордасында алған білімдерін пайдаланып, өз саласының үздіктері атануда. Міне, бүгін үздік түлектермен жиналып, алдағы уақытта еліміздің дамуына айрықша атсалысатын өздеріңіз сияқты бәсекеге қабілетті көшбасшы түлектердің жаңа буынын қалыптастыру жоспарын ақылдасқымыз келеді», – деді ол.

Сонымен қатар, университет туралы ақпарат беріп, алдағы жұмыстармен таныстырды.

Кездесу барысында университет түлектері – ауыр атлетикадан Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионы Илья Ильин, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитеті төрағасының орынбасары Шахмардан Байманов, «Хабар 24» телеарнасының Ұлыбританиядағы меншікті тілшісі Ғалымжан Бәйімбет, жазушы, республикалық «Таңшолпан» әдеби-көркем журналының бас редакторы Нұрлыбек Саматұлы, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы концерттік-гастрольдік қызметті үйлестіру республикалық орталығының ресми өкілі Ержан Алданазаров, «Қор» мұнай компаниясының аға инженері, «Социум Қызылорда» қоғамдық қорының директоры Ерлан Мұсаев, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы Қайрат Тоғызбаев, «МБО» жарнама агенттігінің директоры Бақытжан Мәмбетов және тағы басқалар ойларын білдірді.

Кәсіпкер Саят Нұрахмет ұзақ жыл білім ордасында еңбек еткен ғалымдарға соңғы үлгідегі дәрісхана ашуға және дарынды студенттерге шәкіртақы тағайындауға қаржылай қолдау білдіретінін жеткізді. Ал Қайрат Тоғызбаев түлектерді жұмыспен қамтуға ықылас танытып отыр.

Университетте 2005 жылдан бері «Түлектер қауымдастығы» жұмыс істеп келеді.

Сб-ақпарат.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<