Кәсіптік білім және еңбек нарығы: екеуінің байланысы қандай?

1014

0

«Кәсіп түбі – нәсіп» дейді дана халқымыз.  Сол сияқты «қолы қимылдағанның аузы қимылдайды» деген де өз қарияларымыз. Кәсіп игеріп, игілігін көріп жүргендер  жоқ емес. Бірақ олар тым аз ба дерсіз. Әсіресе, өз жастарымыздың қарапайым жұмысшы болуға деген ұмтылысын байқай бермейміз. Бірақ жұмыссыз жастар жетерлік.

Мәселен, кір жуатын машинаңыз бұзылып, жөндейтін маман іздесеңіз, хабарландырудан қазақ жігітін көрмейсіз. Кілең, Эдик, Сашалар жауап береді. Сол секілді темір тұлпарыңыздың электр жағынан ақау шыға қалса, автоэлектрик таппай шарқ ұратыныңыз анық. Ол кезде де сізге Сережа мен Васялар көмекке келеді. Өз қадірін жақсы білетін олар қызмет ақысын да аспандата түсері белгілі. Амал жоқ, бағасы удай болса да келісесіз. Өйткені қызметіне мұқтажсыз.

Қазір үй жұмысының бәрі техникаға тәуелді. Бұл үшін ешкімді кінәлай алмаймыз. Заман солай. Баяғы сиыр сауып, күбі пісетін,  нан жауып, ошаққа  тамақ пісіретін, су тасып, қолдап  кір жуатын уақыт келмеске кеткелі қашан?! Есесіне үйдегі шаңсорғыш, кондицонер, кір, ыдыс жуатын машиналар, үтік, микротолқынды пеш пен газ плиталар жұмысымызды едәуір жеңілдетті. Тұрмыстық техникаларға деген сұраныстың  артуы олардың тілін білетін, яғни, бұзылса жөндейтін, жаңасын алсаңыз құрып беретін мамандарға деген қажеттілікті де тудырып отырғаны айдан анық.  Одан бөлек,  газбен дәнекерлеуші, токарь, слесарь секілді көптеген мамандарға деген сұраныс та артпаса кеміген жоқ. Сонда басқаның қолынан келген тірлік қандастарымыздың қолынан келмей ме? Әлде сондай кәсіпті үйрететін оқу орындары жоқ па бізде?  Әрине, олай емес. Мәселе неде? Неге бізде жұмыссыз жастар көп?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  Парламент Мәжілісінің отырысында саяси және әлеуметтік-экономикалық салалардағы өзекті мәселелерді шешу бойынша ауқымды баяндама жасап, Үкіметке нақты тапсырмалар жүктегені белгілі.  Президент жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесін сынға алып, оны шешудің жолдарын қарастыруды, жастарға техникалық бағытта білім беруге бетбұрыс жасауды тапсырды. «Жұмыссыздық деңгейін түсіруге ерекше назар аудару керек. Әсіресе, жастар арасында. Жоғары оқу орындарының, колледждердің түлектері, әсіресе, білімі жоқ жастардың тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндігі әрдайым бола бермейді. Мұны біз жақсы білеміз. Кездейсоқ нәпақамен күн көріп жүр. Кейбіреулері табыс іздеп жүріп заңнан аттап кетуі мүмкін» деп қадап айтты Мемлекет басшысы баяндамада.

Жалпы, жастарды кәсіпке үйретіп, маман етіп шығаруда кәсіптік-техникалық оқу орындарының маңызы зор. Біздің өңірде де қаншама жылдық  тарихы бар іргелі  кәсіптік білім ошақтары баршылық. Олардан жыл сайын қаншама маман шығып жатыр. Әйтсе де, жастар арасындағы жұмыссыздық, жоғарыда айтқан мамандарға деген сұраныстың жоғарылығы өзекті күйде қалуда. Сонда біздің жергілікті оқу орындарында даярланған мамандарға сұраныс қандай? Олардың диплом алғаннан кейін жұмысқа орналасуы қай деңгейде? Оқу орындарының материалдық-техникалық базасы қандай?

Облыстық білім басқармасының берген мәліметіне сүйенсек, бүгінде  30 колледжде аймақтың еңбек нарығына қажетті деген 97 мамандық 163 біліктілік бойынша барлығы 19692 студент білім алуда. Колледждерде 2168 инженер-педагог, 418 өндірістік оқу шебері жұмыс істейді. 2020 жылы мемлекеттік тапсырыспен бітірген 4065 студенттің 3549-ы жұмысқа орналасып, көрсеткіш 87,3 процентті құраған. Ал былтыр бітірушілердің жұмысқа орналасуы туралы зейнетақы төлеу орталығының ақпаратын (шілде-қараша айлары бойынша) негізге алсақ, жалпы 5182 бітірушінің 3481-і, ал мемлекеттік тапсырыс бойынша 3477 бітірушінің 2298-і жұмысқа орналасқан. Биыл мемлекеттік бағдарлама бойынша түлектердің 68 проценті жұмысқа орналасуы қажет.

Жақсы маман даярлау үшін оқу орындарының материалдық-техникалық базасы да озық болуы керек.  Бұл бағытта  «Жастар жылы» аясында «Жас маман» жобасы іске асырылуда. Жобаға қатысатын 9 колледж анықталып, кадрлар даярлау бағыты нақтыланған. Олардың материалдық-техникалық базасын заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан жүзеге асырылуда. 2020 жылы 4 колледжді қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджеттен 1 млрд 293 млн теңге қаралған. Былтыр аталған жоба 5 білім ордасында жүзеге асырылған. Бұл мақсатқа республикалық бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. Ал биыл тағы 5 оқу орны жоба аясында қаржыландырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, «Жол картасы» бойынша 5 колледждің оқу ғимараты, оқу-өндірістік шеберханалары мен жатақханаларына күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген.

Сандарды әрі қарай тізбелей беруге болады, әрине. Алайда бұл деректер шынайы өмірдегі сөз бен істің үйлесімін көрсете ала ма? Мәселе осында.

Мақаланы жазу барысында қаладағы іргелі кәсіптік білім ордасының бірі – М.Ықсанов атындағы Қызылорда политехникалық колледжіне арнайы бардым. Колледж әдіскері Самат Бегайдаров  жұмыс барысымен таныстырды. Жалпы оқу орны 1955 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Қазіргі уақытта 435 студент білім алуда. Колледж тек мемлекеттік тапсырыс негізінде маман даярлайды. Оқу орны 2015-2016 оқу жылынан бастап «Дуальдық оқыту» әдісі бойынша «Газбен және электрмен пісіруші» және «Автомобиль крандарының машинисі» мамандықтарын оқытады. 2017-2018 оқу жылынан бастап «Автокөліктерге техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Жылу техникалық жабдық және жылумен қамтамасыз ету жүйелері» мамандықтарының оқу бағдарламалары модульдік-құзыреттілік әдістемесі негізінде эксперименттік режимде енгізілді. Жалпы, колледж 12 мамандық,  24 біліктілік бойынша мамандар даярлап келеді. Атап айтқанда, электр жабдықтарына қызмет көрсету жөніндегі электрмонтер, автомобиль жөндеуші слесарь, техник-механик, автомобиль кранының машинисі, бульдозер машинисі, ауылшаруашылық өндірісіндегі тракторист-машинисі, химиялық талдау зертханашысы, электргаз дәнекерлеуші және тағы басқа мамандықтар бар.

Оқу орны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, «Talap» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан ұйымдастырылған техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын дамыту мақсатындағы «Жас маман» жобасына қатысып,  «Автомобиль көлігіне  техникалық қызмет көрсету,  жөндеу және пайдалану»,  «Ішкі санитарлық-техникалық құрылғыларды, желдеткіштерді және инженерлік жүйелерді монтаждау және пайдалану» (түрлері бойынша), «Жол-құрылыс машиналарын  техникалық пайдалану» (түрлері бойынша) мамандықтары бойынша жалпы сомасы 323 312 000 теңгеге  ұсталық дәнекерлеу оқу шеберханасы, жеңіл  автомобиль  құрылымы зертханасы, жеңіл  автокөліктерге  техникалық  қызмет  көрсету және жөндеу, бұзып-жинайтын   шеберханаларды жабдықтауға қажетті құрал-жабдықтар мен техникалар алған.

– Қазіргі таңда жұмысшы маман кадрларды даярлау бағытында көптеген ірі өндіріс ошақтарымен ынтымақтастық әлеуметтік серіктестік ретінде келісім-шарттар жасалған. Олардың қатарында «Мелиоратор», «DOSSTROY-COMPANY», «Вест-авто», «Қызылорда жолдары», «Қызылорда су жүйесі» МКК, «Монтажспецстрой», «Торғай-Петролеум», «ҚазГермұнай» БК, «КАМ», «Қызылорда жылу-электр орталығы», «Нұрторгстрой», «Мұраптехсервис», «ҚЭТТК» АҚ, «Каис Сервис» ЖШС,  «Энергосервис» ЖШС,  Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты бар, – дейді колледж әдіскері. 

Өткен оқу жылында колледж түлектерінің 81%-і жұмыспен қамтылған екен.

Осы орайда мамандардан жастардың кәсіптік білім алуға құлшынысы қалай екенін сұрадық. Жұмысшы мамандығын алуға ниетті жастар көп пе, аз ба, қандай мамандыққа қызығушылық басым деген ой мазалағаны рас.  Біздің сауалымызға  осы салада 19 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан маман, газэлектрмен дәнекерлеуші мамандығы бойынша өндірістік оқыту шебері Батырбек Жүзбембетов өз пікірін білдірді.

– Қазіргі кезде автокран машинисі, дәнекерлеуші, электрик мамандықтарына сұраныс жоғары. Оның себебі біздің елімізде құрылыс қарқынды жүргізілуде. Бұл мамандықтар құрылыс саласына өте қажетті. Менің шәкірттерімнің ішінде Ресейде жұмыс істеп жүргендер бар. Ал жастардың жұмысшы мамандығына қызығушылығы туралы айтатын болсақ, шыны керек, біздің жастардың қызығушылығы жоқ. Ал білікті мамандарымыз сыртқа кетіп жатыр. Жастардың жұмысшы мамандығына қызығушылығының болмауына отбасы тәрбиесінің, яғни, ата-ананың әсері зор деп ойлаймын. «Мына кәсіпті үйрен, келешек жейтін наның. Қарапайым жұмыс істеп те ақша табуға болады» деп мектепте мұғалім, отбасында ата-ана айтып, балаға бағыт-бағдар беріп отырмаймыз. Керісінше, «менің балам бастық болады, экономист болады, юрист болады» деп кішкентайынан санасына құйып отырамыз.   Өйкені біз баламыздың бастық болғанын қалайтын халықпыз.  Түсінемін, әр ата-ана баласының биікке шыққанына мүдделі. Бірақ уақыттың талабына, нарықтың сұранысына құлақ түріп, соған қарай бейімделу де керек ғой. Жаңа айтып өттім, бізге қарапайым слесарь, механик, электрик, дәнекерлеуші, краншы, автоэлекрик мамандар жетіспейді. Ендеше неге балаларымызға осы мамандықтарды таныстырып, осы кәсіптерге баулымасқа? Екінші мәселе, бізде өндіріс орындары жоқтың қасы. Кәсіптік колледждер жыл сайын қаншама маманды оқытып шығарып жатыр. Бірақ солардың тұрақты жұмысқа тұрып кетіп жатқаны көп емес. Өйткені кәсіпорын, өндіріс орындары жетіспейді. Көбісі– шағын жеке кәсіпорындар. Оларда айлық аз. Ал білікті маман төмен жалақыға жұмыс істегісі келмейді. Сондықтан біздегі мамандардың көбі сыртқа кетіп жатады. Жеке кәсіпорындардың мамандарды жиі іздеп жатуының себебі де осы, яғни, жалақысы төмен болғандықтан, жұмысшы тұрақтамайды. Үшінші мәселе, қазір жаңа технологиялар заманы. Өндіріс орындарында техникалар жыл сайын дамып жатыр. Ал оқу орындарында керісінше, материалдық-техникалық база уақытылы жаңармайды. Жас маман өндіріске барғанда жаңа техникалармен жұмыс істей алмайды. Осыдан барып «колледждер үйретпейді» деген пікір қалыптасады. Ал шын мәнінде, бізден шыққан мамандар теориялық жағынан сауатты болады. Сондықтан кәсіптік білім беретін оқу орындарындағы техникалар өндіріспен қатар дамып отыруы керек. Өзіңіз көріп отырғандай, «Жас маман» жобасы аясында біздің колледжге бірқатар жаңа техникалар алынды. Балаларды оқытуда бұл үлкен көмек болды бізге. Бірақ екі-үш жылда бұл да өндірісте ескіріп қалуы мүмкін. Мәселен, қолымыздағы қалта телефонымыз да жыл сайын жаңарып отырған жоқ па, бұл да сол сияқты. Сондықтан осы жағына мән беруіміз керек деп ойлаймын, – дейді ол.

Маманның сөзінің жаны бар. Егер әр ата-ана отбасында балаға «өзің үшін үйреніп ал, өз кем-кетігіңді өзің жөндейсің әрі табыс көзі болады» деп тым құрығанда дәнекерлеуші, автоэлектрик, сантехник, сияқты мамандықтарды оқып алуға үгіттеп отырса,  күнделікті үйімізде су құбыры жарылғанда  Сашаға, кір машина бұзылғанда Эдикке, темір тұлпарымыздан ақау шыққанда Васяға жүгірмес едік-ау.

Кәсіптік-техникалық білім беру туралы белгілі кәсіпкер Сейітқали Алшынбаевтың да ойын білген едік.

– Жуырда Мемлекет басшысы техникалық білімге басымдық  беру туралы нақты айтты. Сондай-ақ, Үкіметке жекешелендіру жөніндегі мәселені қайта қарау туралы айтты. Жалпы елімізде мемлекетке салмақ салатын, былайша айтқанда, мемлекеттің мойнында отырған нысандар көп. Біздің облыста 30 колледж бар. Соның ішінде бір колледжді бірінші рет пилоттық жоба ретінде жекеге беріп отыр. Мұндай мекемелерді жекенің қолына беріп, талап қою керек деп ойлаймын.  Мен алған С.Ысқақов атындағы кәсіптік колледж кейінгі 20 жылда не ағымдағы, не күрделі жөндеу көрмеген. Ғимарат қаланың орталығында тұрғандықтан, архитектуралық келбетіне нұқсан келтіруде. Балалардың оқуына да мүмкіндік жоқ. Сондықтан жекеге шығарды. Біз тәуекелге барып алдық. Болашақта 2 млрд теңгеге жуық қаржы саламыз деп отырмыз. Жоба-сметалық құжаты жасалды. Өйткені білім мекемелерінің,  әсіресе, кәсіптік білім беретін оқу орындарының материалдық-техникалық базасы мықты болмаса, одан дұрыс маман шықпайды.

Президенттің техникалық маман даярлау туралы айтқанын құптаймын. Кейінгі 15 жылда білім саласы гуманитарлық жүйеге көшіп кетті. Қаптаған экономист, қаптаған юристер соның жемісі. Кәсіптік білім беруде бұрынғы кеңестік жүйенің әдісі дұрыс деп ойлаймын. Мамандықты оқыта отырып, жұмыспен қамтуды қатар алып жүру – басты мәселе. Қазір кәсіптік колледждерді бітіргендердің 80-90 проценті жұмыспен қамтылды деп есеп беріп жүр. Бұл шындыққа жанаса қоймайды. Өйткені өндіріс орындары жоқ. Біздің кәсіпкерлер тойхана ашып жарысады.  Бізге тойхана емес, өндіріс керек. Егер жұмыс орындары көптеп ашылса, жастарымыз да жұмыссыз жүрмес еді. Менің мақсатым – сапалы маман дайындап, 20 баланы болса да тұрақты жұмыспен қамту.

Мемлекеттің негізгі локомотиві – құрылыс. Сондықтан құрылысқа қажетті мамандарды даярлап, сол мамандықтарға жастарды тартуымыз керек. Біздің ата-аналар балаларын колледжге оқытуға құлықсыз. Не болса да жоғары оқу орнына түсіруге тырысады. Осы принциптен арылу керек.

Тағы бір мәселе – білім саласында басқару жүйесіне, әсіресе, кәсіптік білім беру саласына өзгеріс керек. Кәсіптік білім мен жалпы білім беруде айырмашылық көп. Бұрын кәсіптік білім беру бөлек болатын, яғни, кәсіптік-техникалық колледждер білім басқармасына емес, тікелей министрлікке қарайтын. Осы жүйені жойғаннан кейін кәсіптік білім беру саласы жетім баланың күйін кешіп қалды. Осыған назар аударатын уақыт келді деп ойлаймын, яғни, қазіргі кезде жеке болсын, мемлекеттік болсын мектептер мен балабақшалар, кәсіптік-техникалық колледждер білім басқармасына қарайды. Бұл дегеніңіз – басқармаға үлкен салмақ. Басқарма оларға  жалпы білім саласы ретінде қарайды. Ал шын мәнінде кәсіптік білім беру – күрделі сала. Сондықтан кәсіптік білім беретін оқу орындарын білім басқармасынан бөлек шығару керек. Болмаса, оның жұмысын жүргізетін маман осы кәсіптік саланың өзінен шыққаны жөн. Жалпы кәсіптік-техникалық білім беру жүйесінің нормативтік-құқықтық базасы әлі де жетілдіруді қажет етеді, – дейді кәсіпкер.

Кәсіптік білім беру, мамандық алып шыққан жастарды жұмыспен қамту турасындағы мамандар пікірі бұл салада бірқатар мәселенің барын байқатты. Жоғарыда айтылғандай, олар оқытып, маман етіп шығарады. Ал жұмыспен қамту жайы жан-жақты, бірлесе атқарылатын шаруа екені сөзсіз. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, жастар жұмыссыздығын жою бағытында қыруар шаруа атқарылып жатқаны байқалады. Мәселен, былтыр «Еңбек»  бағдарламасының бағыттарына 35037 адам қатысқан. «Бастау Бизнес» жобасымен 3079 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқуды аяқтап, 2873-і грант алған. Бағдарламалардың үшінші бағыты бойынша жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 34941 адам тартылған. Осы бағдарлама аясында 17153 жас халықты жұмыспен қамтудың белсенді іс-шараларына қатысқан.

Президент Үкіметке «Жастар тәжірибесі» және «Алғашқы жұмыс орны» жобаларына қатысудың мерзімін созып, еңбекақысын көтеруді тапсырғаны белгілі. Былтыр «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасына 40 адам, «Алғашқы жұмыс орнына» 100 адам жолданса, «Жастар тәжірибесіне» 2298 тұрғын қатысып, мерзімін аяқтаған 1446 адамның 836-сы жұмыспен қамтылған.

Қарап отырсаңыз, бәрі дұрыс сияқты. Жастар мамандық алып, кәсіп игеріп жатыр, жұмыссыздықпен күрес шаралары жүруде. Бірақ жұмыссыздар жыры бітер емес. Кім кімді алдап жүр өзі?

Айнұр Батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<