Оқулық түзелмей, олқылық орны толмайды

1602

0

Балаға ерте жастан білім берубүгінгі күннің басты талабының бірі. Дегенмен, білім беруде баланың жас ерекшелігін ескеріп, сол берілген білімді қабылдай алатын мүмкіндігіне де назар аударған жөн. Мәселен, аузынан ана сүті кеппеген балабақша қабырғасындағы бүлдіршіндерге үш тілді үйрету ақылға қона бермейді. Рас, әу басында тәжірибе ретінде қолданысқа енген бағдарлама осы күні қарқынды жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұрғыда тәрбиешінің еңбегі зор, әрине. Оған талас жоқ. Алайда ойын баласының ойсанасына салмақ түсіріп жатқанымызды да жасырмаған жөн.

2015-2020 жылдар аралығында елімізде білім берудің барлық деңгейлерінде бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін үш тілде білім беруді кезең-кезеңмен енгізу бағытында арнайы жол картасы әзірленіп, оның аясында жүзеге асырылатын мақсатты индикаторлар да бекітілген болатын. Айталық, бағдарламаға сәйкес ағылшын тілінің сөздік қорын меңгерген мектеп жасына дейінгі балалардың үлесі 2015 жылы 7% болса, 2020 жылы  30%-ке жетуі тиіс, ал  қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген мектеп бітіруші оқушылардың үлесі 2020 жылы 90%-ті құрауы қажет болатын. Сондай-ақ, 2015 жылы үш тілде білім беретін мектептер саны  100-ден астам болса, 2020 жылы 700-ге жетуі міндеттелген еді.

Бұл туралы «Orda School» жеке мектебінің ағылшын пәнінің оқытушысы Ләззат Есалиеваның өзіндік пікірі бар: 

– Білім жүйесінде ерте жастан шет тілдерін оқыту бағдарламасы жолға қойылғанына бірнеше жыл болды. Жеке тұлғаны қалыптастырып, дамытудың перспективалық міндеттерін жүзеге асыруда шет тілдері – маңызды және әлеуметтік мәні бар пәндер. Мәселен,  бастауыш сыныптарда, тіпті балабақшаларда бірінші шет тілі – орыс тілі, екінші ағылшын тілі пәндері оқытылуда.

  Шет тілдерін оқытудың тікелей міндеті – түрлі халықтардың мәдениетіне, дәстүріне құрметпен қарауға және мәдениетаралық ынтымақтастыққа дайын болуға тәрбиелейді. Сондай-ақ коммуникативтік құзыреттілікті қалыптастыратыны анық. Бұл үдеріс неғұрлым ерте басталса, оқушыда  соғұрлым есте сақталады. Дегенмен, бұл қағидаға қарсы пікірлер де көп айтылуда. Бастауыш сыныптарға ағылшын тілін беретін ұстаз есебінде ерте жастан ағылшын тілін оқытуды қолдаймын және келісемін. Ағылшын тілін баланың жас ерекшелігіне қарай түрлі әдістермен меңгертеміз, ұстаздар бір-бірімізбен үнемі тәжірибе алмасамыз. Оқыту барысында оқулықпен келіспейтін тұстарымыз бар. Дегенмен оқулықта жіберілген қателіктер жылдан-жылға дұрысталып келе жатыр.

Біз – ағылшын тілі пәні мұғалімдері шетел тілінде өз ұлтымыздың салт-дәстүрін үйрету мен насихаттауды, сол арқылы патриоттық тәрбие беруді басты назарға аламыз, – дейді ол.

Енді мектеп оқушылары пайдаланып жүрген оқулықтар жайына келейік. Оқулықтардың сапасына қатысты сын айтылғалы қанша жыл өтті. Ата-аналардың айтқаны өз алдына, ұстаздар да осы мәселені өзара талқыға салып, оқулықтардағы олқылықты түзетуге барынша ынталы.

Қаладағы И.Әбдікәрімов атындағы аграрлық-техникалық жоғары колледждің оқытушысы Рахия Әбуова:

– Мемлекет басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің үшінші отырысында еліміздегі оқулықтардың сапасы сын көтермейтінін айтқалы мұғалімдердің, зиялы қауым өкілдерінің пікірлері ескеріле бастады. Сең қозғалды. Мектеп оқулықтарында, оқыту бағдарламаларында көптеген қателіктердің, менталитетімізге сай келмейтін мысалдардың болуы, т.б ұстаздар қауымының да, ата-ананың да наразылығын тудырған еді. Кейінгі жылдары оқытылып жүрген оқулықтағы тақырыптар, оның ішінде өзім сабақ беретін тарих пәні тіптен шатасып кеткен. Жалпы тарих пәні хронологияға, күнтізбеге негізделеді. Ал біз оқытып отырған Қазақстан тарихы, Дүниежүзі тарихы (10-11-сыныптарға арналған) мүлде жүйесіз жазылған. Мәдениет пен өркениетке көп тақырыптар берілген. Бір кезеңді оқытып келесің де, бірнеше ғасырға я алға, я артқа кетіп қаласың. Қазіргі заманауи жаңартылған білім беру тек фактілерді білуді ғана емес, одан гөрі тарихи оқиғаларды, процестерді, құбылыстарды сыни талдау және бағалау дағдыларын қалыптастыруды көздейді. Сондай-ақ өткеннің қандай да бір кейіпкерлерінің отандық тарихқа әсер етуі контекстінде қызметін талдап, бағалауды талап етеді. Осылайша, оқушыларда Қазақстан тарихы туралы білім емес, тарих туралы түсінік қалыптасады. Бұл дұрыс емес, еліміздің жарқын болашағын қалайтын әрбір азамат өз тарихын білу керек. 

Қазақ мемлекеттілігін қалыптастыру  жолындағы  тарихи  кезеңдер, ұлт азаттық қозғалыстар, батыр, билерімізге ерекше мән беруіміз керек. Бұрынғы оқулықтарда солай болатын, ал қазіргі оқулықтағы тақырыптар хронологияға негізделмеген. Оқулық жөнделу үшін оқу бағдарламасы дұрыс болуы керек. Оны құрастыруға тек ғалым-тарихшылар ғана емес, тарих пәнінің оқытушылары да қатысуы тиіс. Жақында болған тарих пәні оқытушыларының съезінде министріміз оқу бағдарламалары мен оқулықтардың қайта жазылатынын, шәкірттердің тек бір ғана оқулықпен жүретінін баса айтты. Енді тек нәтижесін күтеміз, – дейді.

Шынында, тарих пәніне қатысты түйіні тарқатылмай келе жатқан мәселелер баршылық. Бұл туралы Жалағаш ауданы, Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейі директорының орынбасары, тарих пәнінің оқытушысы Дархан Ілиясов былайша түсіндіреді:

– Наурыз айында Петропавл қаласында М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде Мектептегі тарих пәні: тың тұжырымдама, ашық сана, заманауи көзқарас» тақырыбында тарих пәні мұғалімдерінің съезі өтті. Онда бес бағыт бойынша секциялық тақырыптар талқыланды. Соның біріншісі – Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында тарихи білім беруге қойылатын талаптар. Үлгілік оқу жоспарларында тарихты оқытуға бөлінген сағат саны, тарихи білім беру мазмұны, оқу    пәні    бойынша  5-11 сыныптарға арналған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендердің, оқу құралдарының және басқа да қосымша әдебиеттердің, оның ішінде электрондық тасымалдау құралдары туралы үлгілік оқу жоспары талқыланды. Бағдарлама ерекшеліктері және  тарих оқулығы мәселелері  сөз болды. Сонымен қатар, білім алушыларды  бағалау критерийлері, «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы» емтиханы бойынша материалдар мазмұны, кейінгі үш жылдағы емтихан қорытындысы талқыланды. Мектеп оқушыларының тарих пәні бойынша ғылыми-жобалық зерттеулері, ЖОО-да тарих пәні мұғалімдерін  дайындау мәселелері бойынша нақты атқарылатын жұмыстар айқындалды.

ҰБТ емтиханы кезінде оқушылардың тарих пәнінен қиналып қалатынын жасыра алмаймыз. Оның себебі,  базадағы сұрақтар жыл сайын 30-50 процентке өзгеріп кетеді. Сонымен қатар, сұрақтар күрделеніп бара жатыр. Жыл бойы дайындаған оқушыларымыз осылайша өз білімін ақтай алмай қалады. Съезде осы мәселені министрдің алдына қойып, базалық сұрақтарды кемі бес жылға дейін өзертпеуді ұсындық. Бұл ұсынысымызды министр де құптады, – дейді.

Оқулықтар сапасына қатысты сөзіміз дәлелді болсын, бір-екі мысал келтірейік. Қолыма 1-сыныптың «Ана тілі» оқулығы түсті. Мұқият қарағаным жоқ, жәй ғана шолып шықтым. Кітапта бәріміз бала күнімізден жаттап өскен тақпағымыз:

Нан қиқымын шашпаңдар,

Жерде жатса баспаңдар.

Теріп алып, қастерлеп,

Торғайларға тастаңдар, – деген Ө.Тұрманжановтың өлеңі берілген екен. Сонда «нан қиқымы» дегеннің орнына «нан қоқымы» болып жазылыпты. Бұл – әрине, қате, талдап жатпай-ақ түсінікті деп ойлаймын.

Сосын «Оқығанның көзі ашық» (С.Шәймерденов) деп аталатын әңгімеден үзіндіде соңғы абзацы, яғни мәтіннің қорытындысы басында тұр. Ересек адам үшін түсінікті, әйтсе де баланы шатастыратыны анық. Мына бір жаттығу: «Ол – өнерлі адам. Менің анамның аты Назгүл. Анам бізді ісмерлікке баулып келеді» Балалар сөйлемді дұрыстап құрап жазуы керек екен. Тағы да тапсырмасына келейік, «Меңзер бағытымен тігіншінің ережесін тауып жаз» депті. Ал, керек болса! «Меңзер» деген не сөз? Өз басым осы уақытқа дейін естіген сөзім емес. Сосын 1-сынып оқушысына тігіншінің ережесін табу қажет пе? Иә, көріп отырғаныңыздай, оқулықтағы сөйлемдердің құрылысы күрделі.

Ал, 3-сыныптың «Дүниетану» оқулығындағы бір тапсырмада «Інің сенен Қазақ хандығы қалай құрылды?» деп сұраса қалай жауап берер едің? – деген сауал жүр. Ойлап қараңыз, сонда 3-сынып оқушысына 1-2 оқитын інісі Қазақ хандығы туралы сұрақ қоятын болғаны ғой… Егер мұғалім сұрақты түзетіп қоймаса, бала  ештеңеге түсінбей қалатыны белгілі. Тіпті сол 3-сынып оқушысының өзі бұл тақырыпты бірден жадына тоқып алуы мүмкін емес.

Тағы бір мысал, 7-сыныптың әдебиетін қарап отырсақ, М.Жұмабаевтың «Батыр Баян» поэмасы бойынша мынадай тапсырма берілген: «Мағжанның ақындық, азаматтық бейнесі туралы қосымша мәліметтер жинақтайық. Қосымшада ақпарат құралдарын пайдалана отырып, М.Жұмабаев шығармаларының өзге тілге аударылуы туралы мәліметтер жинап, салыстырмалы зерттеулер жасап көрейік. Бұл – меніңше, 7-сынып оқушысы көтере алатын жүк емес. Бір сабақтың аясында мұнша мәліметті  қайдан жинақтайды? Сосын оқушы үшін поэмаға салыстырмалы зерттеу не үшін қажет? Тым артық жүктеме сияқты…

Иә, бұл – тек мұғалім, ата-ана тарапынан байқалған кемшіліктер. Ал,  оқушының жайын айтпай-ақ қояйық. Осының өзінде оқулықтар сапасына қатысты мәселенің бар екенін дәлелдегендей болдық.

Енді жақсы жағын айтайық, сала мамандарының айтуынша, қазіргі оқулықтардың сыртқы мұқабасы, ішкі безендірілуі жақсара түскен. Атап айтқанда, тапсырмалар өмірден алынған, ұлттық нақышқа сай безендіріліп, мәтіндердегі адам есімдері де біршама қазақшаланған. Сонымен қатар, елімізде 2018 жылдан бастап мектеп оқулықтарының электронды нұсқасы да шығарыла бастаған. Оны қалай пайдаланады? Айталық, кез келген кітаптың соңғы бетінде аудио-видео диск жүреді. Ал оны компьютерге салып, ашқан уақытта сол кітаптағы сабақтардың тапсырмалары мен жауаптары қоса берілген. Электронды оқулықтарды қолдану арқылы оқушы біріншіден, ауыр сөмке көтеруден құтылады. Сонымен қатар, оқушының сабақ барысында ізденуі де жеңілдей түспек. Бүгінде елімізде бірнеше баспа электронды оқулық шығарумен айналысады. Әлбетте, нәтиже уақыт еншісінде.

Бет қатталып жатқанда әлеуметтік желіден мынадай ақпаратты көзіміз шалып қалды:

«Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Ирина Смирнова білім саласындағы қордаланып қалған мәселелерді көтерді.

– Мектепте болып жатқан жағдай өте маңызды. Егер мектептегі білім сапасыз болса, мемлекеттің болашағы жоқ. Бұл туралы айтудан шаршамаймын. Бұрынғы министр Аслан Сәрінжіповтың кезіндегі оқу бағдарламасына біз қарсы шықтық. Осы жерде сол адамдар отыр.

Ол министр болып тұрғанда «Қазақстан географиясын» мектеп бағдарламасынан алып тастағысы келгенін айтып, қоғамдағы резонанстан кейін қалдырылған болатын. Қазір де оқу бағдарламасында жаңартулар болып жатыр. Ал шын мәнісінде не болып жатқанын бәріміз білеміз. Кітаптарда қате көп. Өзара байланыс та жоқ. Осыған қарамай балаларына білім беріп жатқан ата-аналарға алғыс айтамыз.

Қазіргі оқушылар стахановшылар сияқты мектептен кейін репетиторлардан, шетелдік интернет-мектептерден дәріс алатынын айтты. Өйткені жақсы білім алу үшін бәрі қосымша сабақтарға баруға мәжбүр. Интернет арқылы шет елден білім алады. Ал білім саласына бөлініп жатқан қаржы балалардың, халықтың мүддесіне жұмсалмай отыр», – деді Мәжіліс депутаты.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<