Саусақ ұшындағы жарық

1196

0

Тифлопедагог тапшылығын қалай толтырамыз?

Адам баласы айналадағы дүниені, ақпараттың 90%-ін көру арқылы қабылдайды. Алайда тағдыр жазуымен кейбір жандар туабітті зағип немесе өсе келе көру қабілетінен айырылады. Мұндай адамдар әлемді басқаша таниды, өзгеше сезеді. Алла тағала олардың жанарын алғанымен, есту қабілетін дамытып, саусақ ұшындағы сезімтал нүктелерінің жұмысын арттырып қояды. Осындай жандарды өмірге бейімдеп, оларға әріп үйрететін маманды ғылым тілінде  тифлопедагог дейді.

Ол нашар көретін немесе зағип балалардың қоршаған әлем туралы барлық ақпаратты алуына, айналамен танысуына көмектеседі. Сондай-ақ олардың өзіне-өзі қызмет ету дағдыларын қалыптастырады.

Осыдан біршама уақыт бұрын қаладағы №5 «Шаттық» балабақшасындағы тұз шахтасы туралы жазған болатынбыз. Сол мекеменің жұмысын көру барысында арнайы мамандармен сөйлестік. Мектепке дейінгі білім беру мекемесінде арнайы мамандар жұмыс істейді. Бізді қырық жылға жуық тифлопедагог болған Багира Бақытжанқызының еңбегі қызықтырды.

Неге дейсіз бе? Себебі көзі нашар көретін және зағип балаларға арнап өзі ертегі, шағын мәтіндер жазып шығарған. Мұндай өз ісінің білгір мамандары қазір өте аз. Тіпті зейнетке шыққанына 5 жылға жуық уақыт болса да, осы салада тер төгіп келеді. Өйткені, тәжірибелі маманды алмастыратын жастар әзірге табылмай тұр.

Негізгі мамандығы орыс  тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болғанына қарамастан Багира Бақытжанқызы Мәскеуге барып, осы сала бойынша қайта даярлау курсын 6 ай, Алматы қаласында бір жыл оқып келген. Қырық жыл тифлопедагог болған ол көру қабілеті нашар баалалардың көбейіп бара жатқанын айтады. Оның себебі, әрине гаджеттерге тәуелділік. Сағаттап телефонға телмірудің зардабын  айтқан дәрігерлердің  дабылына құлақ асып жатқан ешкім жоқ. Соның салдары көру қабілеті нашар балалардың көбеюіне әкелуде. Мәселен, өткен жылғы дерек бойынша, республикада арнайы кітапханаларға көзі нашар көретін 18128 адам, 13545 зағип оқырман тіркелген. Көру қабілеті бұзылған оқушылардың саны – 8532. Зағип балаларға арналған 11 арнайы мектепте 1439 бала білім алады.

Бүгінде тифлопедагогика дефектология мамандығының бір тармақшасы ретінде оқытылады. Бұл саланың қыр-сырына қырық жыл қанық болған білікті маман Багира Аденова қазір түрлі курстарды 7-8 сағатта оқып тифлопедагог атанып жүргендер жетерлік дейді. Алайда саны бар сапасы жоқ мамандар баламен жұмыс барысында жоғары нәтижеге қол жеткізе алмайтынын алға тартады.

– Өзім зейнетке шықсам да әлі күнге дейін жұмыстан қол үзбей келемін. Қазір №5 «Шаттық» балабақшасында жұмыс істеймін. Мұнда 15 шақты көру қабілеті нашар және зағип бала бар. Әрқайсысымен жеке бекітілген оқу бағдарламасы арқылы сабақ өтемін. Қазақстан Республикасының стандарты бойынша негізгі үш бағыт бойынша жұмыс жүргіземіз. Олар – көріп қабылдауды, әлеуметтік-тұрмыстық, кеңістікті бағдарлауын дамыту. Мәселен, көріп қабылдауды дамытудың негізгі міндеттерінде біз балаларға қоршаған орта заттарын салыстыру, ажырату, тану қабілеттерін дамыту, түс, көлем, пішін, кеңістік жайлы қарапайым ұғымдарын қалыптастыру, сақталған анализаторларды пайдалана білуге үйретеміз. Кеңістікті бағдарлауда өз денесіне қатысты бағдарлана алуы, айталық, оң қол, сол аяқ, менің алдымда, менің оң жағымда секілді микро және макро кеңістікте икемделуге баулимыз. Ал әлеуметтік-тұрмыстық бағдарлау бойынша түрлі мамандықтар жайлы түсінік беріп, еңбек тәрбиесіне, қоршаған орта заттары мен құбылыстарының мәнін, ұқсастығын, айырмашылығын түсіндіру, өз аты-жөнін, мекен-жайын, ұлтын, жасын, келбетіне қатысты өзін сипаттай білуге жетелейміз. Көру гимнастикасына көз қимылдарын нығайтатын түрлі тренажерлар, жаттығулар пайдаланылады. Сонымен қатар таяқпен көшеде, балабақшада, үйде қалай жүріп-тұруды үйретеміз.

Бізде Брайль әріпімен басылған әдеби кітап пен оқулық аз. Болса да тозығы жеткен. Әрі басым бөлігі орыс тілінде. Өйткені, нүктелі-бедерлі әдіспен жазылатын барлық басылым Ресейден алдырылады. Ал, қазақ тіліндегі оқулық аз. Оның себебі – арнайы баспахана жоқ. Брайль әдісімен өзім де балаларға арналған ертегі, шағын мәтіндер құрастырып жаздым. Сол еңбектерімді жұмыс барысында қолданамын, – дейді тәжірибелі тифлопедагог.

Қолданыстағы зағиптарды оқыту жүйесінің авторы Л.Брайль. Ол алты нүктелі тіркесімдерге негізделген және тек әріптік, математикалық емес, басқа да белгілерді қамтиды. Нәтижесінде зағиптар еркін оқи алады және жаза алады. Брайльдің өзі үш жасынан бастап көзі суқараңғы болып қалған. Алдымен ол Париждің көру қабілеті нашар адамдарға арналған ұлттық институтын бітірді, содан кейін оның жұмысы тифлопедагогтың жұмысына айналды. Францияда Брайль шрифті бар алғашқы кітап 1852 жылы басылды, ал Ресейде ол біраз уақыттан кейін  1885 жылы пайда болды. Ресейде зағиптарға арналған мектептер 1807 жылы, ал ХIХ ғасырда осындай бірнеше оқу орындары ашылды. Ол кезде білім алу үшін көп ақша сұралатын.

Бұл мәселе елімізде оң шешім тапқанымен, оқулықтар мен кітаптар жоқтың қасы. Басқа елдерден Брайль оқулықтарын сатып алуға мәжбүр. Мәселен, ресейлік «Чу ипо Чтение ВОС», «Логос» және «МИПО Репро» баспаханаларынан орыс тілдегі кітаптар қымбат бағада сатып алынуда.

Елімізде зағип және көзі нашар көретін азаматтардың білімге қолжетімділік мәселесі біраз уақыттан бері көтеріліп келеді. Әріпті саусақ ұшымен танитын азаматтарға арналған бедерлі-нүктелі қаріпті кітаптарды қазақ тілінде шығаратын (Брайль жүйесіндегі) баспахананың болмауы да кедергі болып тұр. Көзі көрмейтін зағип жандарға жалпы жабдықталған білім мазмұнына сәйкес арнайы индивидуалды қажеттіліктерді өтейтін білім беру бағдарламасын әзірлеу де кезек күттірмейтін мәселелер қатарында. Жоғары оқу орындары мен колледждерде зағип жандармен жұмыс жасайтын тьютр, куратор, кітапханашы, яғни арнайы педагогикалық мамандарды даярлау бағдарламасын және оларға мемлекеттік тапсырыс механизмін енгізу қажет. Арнайы кітапханаларда мемлекеттік тілдегі Брайль жүйесімен бедерлі-нүктелі қаріптегі әліппе, кітаптар, тағы да басқа оқу ресурстарымен қамтамасыз етуді де қолға алатын да уақыт жеткен тәрізді.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<