Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Айтбай Жандарбеков білім беру саласында атқарылған жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
Бүгінде Шиелі ауданында 37 мемлекеттік мектеп, 1 жекеменшік мектеп, 18 мемлекеттік және 65 жекеменшік балабақша жұмыс істейді. Ауданда үш ауысымды мектептер жоқ, бұл оқушылардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік беріп отыр.
Білім сапасының негізгі көрсеткіші саналатын Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындысы бойынша ауданның орташа балы 85,7 болып, Шиелі ауданы облыс көлемінде 3-орынға көтерілді. Өткен жылы бұл көрсеткіш 84,3 балл болып, аудан 4-орында болған еді.
Биыл аудан мектептерін тәмамдаған түлектердің 109-ы «Үздік аттестат», ал 93-і «Алтын белгі» иегері атанды. Сонымен қатар, Шиелі тарихында тұңғыш рет №127 мектеп-лицейдің егіз түлектері Кәусар Алтынсары – 140, Гауһар Алтынсары – 139 балл жинап, ауданның білім саласындағы жаңа тарихи жетістігін тіркеді.
Аудан әкімі халық санының артуына байланысты білім беру инфрақұрылымын дамыту, балаларға қолайлы әрі сапалы білім беру ортасын қалыптастыру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын атап өтті.
Шиелі ауданы әкімінің баспасөз қызметі






