Тастандыға айналған колледж еңсесін қайта тіктемек

1322

1

Қызылорданың қақ ортасында, Абай даңғылы мен Ғ.Мұратбаев көшесінің оң қиылысында орналасқан екі қабатты үй көңілге кірбің ұялатады. Көбіміздің мұны тастанды ғимарат деп ойлайтынымыз жасырын емес. Себебі, ол көзімізге көрікті қаланың ішіне әкеліп қойған кенеуі кеткен бір ескі үй есебінде көрінеді. Бейнелеп айтсақ, Қожанасырдың шапанындай.

Бұл – 1956 жылы іргесі қаланып, №26 Қызылорда құрылыс мектебі болып құрылған ғимарат, қазіргі С.Ысқақов атындағы Қызылорда құрылыс және бизнес колледжі.

Соңғы отыз жылда ғимарат тіпті жеңіл жөндеу көрмеген, қабырғасына біреу бір алақан батпақ жапсырмаған. Есіктерінің сыры көбелектің қанатындай көтеріліп, едені баланың ақыл тісіндей айқасып жатыр. Бұл сөзді бейнелеп айтып отырған жоқпыз, оған өзіңіз де көз жеткізе аласыз. Кеңестік заманда кәсіптік училище болып дәуірлеп тұрған оқу орнының қосалқы ғимараты тәуелсіздік жылдары ұжымның жалпы жиналысының қорытындысына сай сатылып кеткен. Тәжірибе жасау шеберханасынан айырылған училище балаларды теория жүзінде оқытумен шектелген немесе практикалық сабақ алу үшін қаладағы өндіріс орындарына апарып отырған. Олардың еншісінде қалған бұрынғы тігін машиналарынан іс үйренген оқушылар «Далатекс» секілді заманауи шеберханаларға барғанда өздері бұрын көрмеген жаңа тігін машиналарымен жұмыс істеуді меңгеріп кете алмай қиналған. Сондай-ақ, бұл оқу орнына соңғы 12 жылда бірде-бір компьютер алынбаған. Өзге жұрт интерактивті тақтаға әлдеқашан көшкенде біздің оқушылар ағаш тақтаны шүберекпен сүртіп жүрген. Осыған қарамастан колледжде 186 қызметкер есепте болып, оның 136-сы ғана жұмыс істеген, қалғаны декреттік демалыста болған. Олардың біразы даярланатын мамандықтар бойынша біліктілік талаптарына сай келмейтін өндірістік оқыту шеберлері болып шыққан, аз ғана педжүктеме сағатымен жұмыс істегендер де бар.

Ұзын сөздің қысқасы, осы айтылғандардың бәрі бір жыл ішінде қалпына келтіріліп, заманауи талапқа сай жетілдірілмек.

Мұны түсініктірік айту үшін жаңа бір әңгіме бастауға тура келеді.

Бұрынғы сала басшылығы сегіз жыл бойы осы оқу орнына инвестор келтіре алмапты. Ақша салатын кәсіпкерлер «дайын асқа тік қасық» болғысы келеді не іске пайдасын есептеп кіріседі. Ал, сонда балаларымыздың жай-күйіне жанашыр кім?

Осыны електен өткізіп көрген білім меценаты, кәсіпкер, «Нұрай» ЖШС директоры Сейітқали Алшынбаев бұл істі қолға алуға тәуекел жасады.

Дамыған елдерде өндіріс үшін кадрлардың негізгі провайдері –техникалық және кәсіптік білім беру жүйесі болып табылады. Біздің елімізде де кәсіптік білімді жетілдіре түсу, оған барынша көңіл бөлу мәселесі мемлекет тарапынан қолға алынған. 

2019 жылы елордада өткен дәстүрлі тамыз кеңесіне қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Лайықты азамат – өз білімін Отанымыздың игілігі үшін жұмсайтын адам. Алдымызда тұрған құбылмалы заманда жастарымыз еңбекқор болмаса, ешқандай бәсекеге түсе алмайтынын терең түсінуі керек» деген еді. Бұл сөз баланы еңбек пен білімге қатар үйрететін – кәсіптік білім саласы дегенді ұқтырады.

Үздіксіз білім бағдарламасымен жұмыс істеп келе жатқан білім жанашыры С.Алшынбаев осыған дейін Қызылорда қаласында 4 балабақша және «Зерде» интеллектуалды мектебін ашқан болатын. Алдымен баланың мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленіп, сосын мектепте, сосын колледжде оқитын жүйесі бойынша еңбек етуді көздеген кәсіпкер сол үдеден шығуды шындап қолға алды.

Ең бірінші оқу мен тәрбие мәселесіне атүсті қараған бұрынғы кадрлар ауыстырылды. Колледж басшылығына педагогика ғылымдарының кандидаты Әлия Досмаханова келді. Өткен қыркүйек айынан бастап колледждің жалпы оқу-тәрбие процесінің жай-күйіне, инженер-педагог кадрлардың біліктілік талаптарына сәйкестігіне талдау жасалып, бүгінде осы шығарылған қорытындылар мен шешімдердің негізінде жұмыс жүріп жатыр.

Сол кезде білім алушылар саны 535 болған. Олардың күнделікті сабаққа қатысуын бақылау нәтижесінде 100-ге жуық оқушының тұрақты түрде сабаққа қатыспайтындығы анықталған. Белгіленген нормативтік-құқықтық актілер негізінде оқушыларға жіберілген сағаттары көрсетіліп, сабаққа қатысуға ниетті болмаған жағдайда оқудан шығарылатындықтары ескертіліп, хабарланған. Нәтижесінде оқуды жалғастыруға ниетті оқушылар сабаққа келіп, жалғастырғысы келмеген 46 бала оқудан шығарылған.

Оқу ісіндегі тәртіппен қоса инвестор тарапынан колледжге жаңа компьютерлер, интерактивті тақталар, заманауи тігін машиналары, спорт жабдықтары, оқу құралдары алынған.

– Біз осы колледжді аяққа қайта тұрғызу үшін оған өз қаржымызды салып отырмыз, сондай-ақ, оның жұмысы бізге бес жылға сенімді басқаруға берілді. Бұрын білім саласында мұндай жағдай болған жоқ, сондықтан, бұл – облыстағы пилоттық жоба.

Мұнда материалдық-техникалық база тұралаған, оқу үдерісіне бақылау босаңсып кеткен. Мысалы, бұрын электр мамандығы бойынша оқыған балалардың іс-тәжірибеден өтетін орны болмаған. Олардың теориялық біліммен бірден өндіріс орындарына жұмысқа тұруы қиын соққан. Енді біз осыған орай арнайы жабдықтар құрамыз, онда оқушылар жоғары кернеулі тоқ көздерімен қалай жұмыс жасауды іс жүзінде көріп, өндіріске дайын маман болып барады. Сондай-ақ, колледждің өз тігін цехы, шаштаразы, дәмханасы болады. Сол мамандықтарды оқып жатқан балалар осы жерде бір мезгіл жұмыс атқарып, өздеріне пайда табады, яғни, оқу мен еңбек қатар жүргізіледі. Жұмысқа білікті мамандар тартып, жаңа мамандықтар ашатын боламыз. Бұған қоса спорт залы мен алаңы салынады.

Биыл ескі оқу ғимаратының сыртын түгел қайта әрлеп, қосымша үш қабатты оқу ғимаратының құрылысын бастаймыз.Оқу жүріп жатқан осы кезде ішкі жұмыстарды кейінге қалдыра тұрамыз. Қаланың ортасында мұндай ескі көрініс тұрмау керек. Қызылорда – соңғы жылдары тазалық пен әдемілікке ерекше көңіл бөлген қала. Біз сол үрдіске үлес қосамыз. Колледждің жаңаша келбетінің сызба жобасын «Vera group» серіктестігі жасады.

Биыл пилоттық жобаға 1 миллиард теңгенің үстінде қаржы салатын боламыз. Алдағы бес жыл ішінде 3 млрд қаражат салынады, – дейді «Нұрай» ЖШС директоры С.Алшынбаев.

Колледж негізінен «Ғимараттар мен құрылыстарды салу және пайдалану», «Жиһаз өндірісі», «Дәнекерлеу ісі», «Электр жабдықтары», «Тігін өндірісі», «Сандық техника», т.б. мамандықтар бойынша жұмысшы кадрларды дайындайды.

Біздің білетініміз ішкі мазмұны мен сыртқы келбеті үйлескен керемет оқу ғимаратын көретін күн алыс емес әрі ол туған қаламыздың орталығына көз қуанатын сән беріп тұратын болады.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<