Жаңашылдыққа бастаған жобалар

1787

0

Өңірлік коммуникациялар қызметі мен облыстық білім басқармасы Жаңақорған ауданында БАҚ өкілдеріне арнап пресс-тур ұйымдастырды. Сапар барысында Білім және ғылым министрлігі бекіткен «Оқуға құштар мектеп», «Дебат», «Мектеп театры», «Мектептегі өзін-өзі басқару» жобаларының жүзеге асырылу барысы таныстырылды.

Алдымен Жайылма ауылындағы №195 мектеп-гимназиясында болдық. Екі мыңға жуық тұрғыны бар ауылда 430 оқушы білім алуда. Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Мақсұтұлы мен «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының бөлім басшысы Гүлбану Имамзадаевамен бірге мектептегі домбыра үйірмесінің жұмысы назарға алынды. Ауылдағы орта мектепте өзін-өзі басқару жүйесі дамыған. Мәселен оқушы Сымбат Ғасыр басқарушы ретінде бізді қарсы алып, оқу орнымен толық таныстырып шықты.  Білім ордасында балалар жылына орай жасалынған оқушылар көрмесіне апарды. Мұнан соң «Дебат және Біз» тақырыбында өтіп жатқан облыстық семинар жұмысын да көрдік. Әр ауданнан жиналған 100-ге жуық мұғалім мектептің жаңашылдықтарымен танысып, тәжірибе алмасуда. Семинар аясында «Ұшқыр ой алаңы» дебат сыныбы ашылды. Сыныпта пікір-сайысқа қажетті барлық жағдай жасалған. Озық оймен, өткір пікір білдіретін аудандық «Алтын ғасыр» оқушылар тобы да құрылды. Зерек оқушылар бұған дейін де республикалық, облыстық сайыстарда үздіктер қатарынан көрінген.  Білім ордасының цифрлық әлеуеті де зор екен. Арнайы жасақталған робототехника кабинеті 2017 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оқушылар жасаған роботтарын назарымызға ұсынды. Бағдарламалау негізінде жасаған туындылар облыстық «Робофест», «Робосумма» байқауынан жеңімпаз атанған. Өнертапқыш балалар жаңа дүниелер құрастырып жатыр. Темірлерге жан бітіріп,  әлі де таңғалдырмақ. Мұнан соң оқушылар министрліктің «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында бук-трейлерден TEDx форматында оқыған кітаптарын талдап, таныстырылым жасады. Мұнан соң, «Мектеп театры» жобасы бойынша 3-сыныптың оқушыларынан құралған «Қуыршақ» театрының өнерін тамашаладық. Бүлдіршіндер  сахнаға төселіп қалыпты. Балдай тәтті тілдері, қызықты қылықтарымен көрермендерін қуанышқа бөледі. Облыстық семинардың осы мектепте өтуінің өзі көпке үлгі ісінен көрінеді.

Жаңақорған аграрлы-техникалық колледжі үлкен бетбұрысқа батыл қадам жасаған. Директоры Жомарт Шауенов заманға сай жабдықтаған білім ордасымен таныстырды.  Колледжде 553 студент 19 мамандық,  24 біліктілік бойынша білім алуда. Өткен оқу жылында оқу орнының ғимараты толықтай күрделі жөндеуден өтіп, жылу қазандығы табиғи газға қосылған.  Оқу орны Республикалық «Жас маман» жобасының шапағатын көруде. Заман талабына сай білікті маман даярлау мақсатында worldskills  стандарттарының халықаралық тәжірибесін енгізген. Мемлекет қолдауына ие болған білім ұясы дуальді және модульді кредиттік оқыту  жүйесіне көшкен.

− Өркениет көшіне ілесудің жалғыз жолы – адами капиталды дамытуда. Ол үшін кәсіптік және жоғары оқу орындарында теориялық біліммен қатар практикалық білімге басымдық беру маңызды. Маман даярлау ісінде оқу орындарының материалдық-техникалық базасын және оқу-әдістемелік кешенді қазіргі заман талаптарына сәйкес нығайту, оны өндіріске лайықтау – басты міндетіміз. Облыстық білім басқармасының қолдауымен қарқынды жұмыс істеп келеміз.  «Дуальді оқыту» жүйесіне көшіп, білім алушыларға теориядан гөрі 60 процент тәжірибеге мән бердік. Колледждің бүгінгі басты жаңалығы – оқу ғимараттары күрделі жөндеуден өтумен қатар, «Жас маман» жобасы аясында 320 млн теңгеге оқу өндірісіне қажетті технология алдық, – деді Жомарт Әбибуллаұлы.

Білім ошағының  дәнекерлеу ісі, автомобиль  көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану, вертуальды дәнекерлеу мамандығының кабинеттеріне халықаралық стандарттарға  сай соңғы үлгідегі құралдар сатып алынған.  Атап өтсек, автокөлікті бөлшектеу, құрастыру құрылғылары, вертуальды автотренажер, 25 планшет, көлік жүргізіп үйренуге арналған оқу орталығы су жаңа техникалармен толыққан. Колледждің көлік жөндеу орталығына кіріп шыға алмай қалдық. Себебі автокөліктердің ақауын анықтайтын, жөндейтін, матор майын ауыстыратын, заманауи техникалармен толық қамтылған. Еуропалық  стандарттарға сай соңғы үлгідегі  дәнекерлеу құралдары  жеткізілген. Қала колледждеріне жетпеген бұл жаңашылдықты аудан жастары тез меңгеріп алыпты. Олардың ертең-ақ техниканың тілін білетін білікті мамандар болып шығары анық.

Колледж директоры Жомарт Әбибуллаұлы Қытайдың «Kingka Mining Construction» компаниясының директоры Дзянг Хайвен және «Шалқия Цинк LTD» АҚ-ның әлеуметтік мәселелер жөніндегі кеңесшісі Ғабит Ғазизқанұлымен кездесіп, меморандум жасалды. Мақсат − колледждегі «Пайдалы қазбалардың кен орындарын жер астында өңдеу» мамандығының студенттерін «Шалқия» кен орнында өндірістік практикадан өткізіп, тұрақты жұмыспен қамту. Сондай-ақ, түлектерге оқуды аяқтаған соң өз қалауы бойынша Қытай мемлекетіне барып жоғары білім алып, тәжірибе жинауға мүмкіндік беріледі.

Сонымен қатар, Қытай компаниясының тапсырысымен тігін шеберханасында ақылы түрде жұмыс киімі мен қажетті жабдықтарын да тігуде. Жас тігінші Аягөз Әбибулла бізді «Тігін цехының» жұмысымен таныстырды. Цехта өндіріс үшін 27 станок жұмыс істеп тұр. Студенттер соңғы үлгідегі тігін машиналарында  жұмыс істеуді меңгеріп алған. Сонымен қатар талапқа сай 160 орындық асхана, 200 орындық АКТ залы, 100 орындық жатақхана,  кітапхана, тренажер залы, фитнес орталығы, мәжіліс залы толық жабдықталып, студенттерге жағдай жасалған. Оқимын, маман боламын деген жасқа керектінің бәрі бар. Аудан халқы үш жылда адам танымастай өзгерген оқу орнының жетістігін еңбекқор, ізденімпаз басшының біліктілігінен деп біледі.

Инклюзивті ресурстық орталық       

М.Қаратаев атындағы №51 орта мектебінде инклюзивті ресурстық орталық қызметі жұмыс жасайды. Өткен жылы ашылған орталықта  логопед, дефектолог, олегофрен және психолог мамандары қызмет етеді.

Соңғы үлгідегі технологиямен жабдықталған. Онда ерекше балалар қабілеттеріне қарай түрлі еңбек дағдыларына машықтанады. Заманауи әдістердің арқасында есту мен көру, тірек-қимыл аппараты функциялары мен эмоционалдық, мінез-құлық және коммуникативтік жағынан диагноздары бар балалар қолдың ұсақ моторикасын, сөйлеу терапиясын дамытуға арналған тренажерларды пайдалана алады. Мұнда жеткіншектердің арт-терапиямен де айналысуға мүмкіндігі бар. Мектеп директоры Жеңіс Ибрагимовтің айтуынша, сатып алынған жабдықтардың арқасында балалар өздерінің тәлімгерлерімен бірге танымдық процестерді, есте сақтауды, ойлауды, қиялды, дикцияны, сөйлеуді дамыта алады. Қазір ерекше білімді қажет ететін 26 оқушы арнайы тәсілдерді қолдану арқылы оқытылуда.

Айта кетейік, Жаңақорған ауданы бойынша 612 ерекше білім беруді қажет ететін бала бар. Олардың ішінде 104 бала мектепте оқыса, 63 бала арнайы психикалық дамуы тежелген сыныпта, 155 бала үйден дәріс алуда. 78 бүлдіршін әлеуметтік қызмет, 30 бала психологиялық-педагогикалық түзету қызметіне тартылған. Сондай-ақ, инклюзивті ортаны қалыптастыру бағытында 38 мектеп арнайы маманмен қамтылған.

Дарынды балалар мектебі

Пресс тур аясында Ж.Өскенбайұлы атындағы дарынды балалар жеке мектебіне бардық. Бұл мектеп өткен жылы 500 орындық болып ашылған. 51 жоғары санаттағы мұғалім, 1-4 сынып бойынша 282 оқушыға білім беруде. Сабақтан тыс уақытта оқушылар үшін би, таэквондо, шахмат, ментальды арифметика, баскетбол секілді үйірмелер жұмыс істейді. Бүгінде үйірме оқушылары түрлі байқауларда жеңімпаз атанып, үздіктер қатарынан көрініп жүр. Оқушылар тасымалы үшін 2 автокөлік те қарастырылған.

− Алдағы жаңа оқу жылына дайындық жұмыстарын бастап кеттік. Қыркүйек айында 1 сыныпқа 100 оқушы қабылдау жоспарланып отыр. Келесі жылы мектепті кеңейтіп, жоғары сыныптар ашу жоспарымызда бар, − деді мектеп құрылтайшысы Елдос Жұмаділлаұлы.

Айта кетейік, бүгінде Жаңақорған ауданында мұнан бөлек тағы 3 жеке мектеп бар. Жаңа оқу жылына орай 1-9 сынып аралығындағы оқушыларға 120 орындық жеке мектеп ашылмақ. Аудандық білім бөлімінің басшысы Болат Ибрагимов жаңадан салынып жатқан 3 мектеп пен 1  балабақша құрылысымен таныстырды.

Гүлбану МАҚАЖАН,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<