Жұмысшы мамандарға сұраныс жоғары

603

0

Ұлттық экономиканың бірқатар саласында кадр тапшылығы қатты сезілуде. Әсіресе, техникалық және жұмысшы мамандар жетіспейді. Сондықтан осы салаларға қатысты білім берумен мықтап айналысқан жөн.

Мемлекет басшысының Жолдауынан

Жыл өткен сайын жұмысшы мамандарға деген сұраныс артып келеді. Оның бір себебі, заманауи техника мен технологияны игеретін маман тапшы. Мысалы, тұрмыстық қондырғыларды орнатудан бастап, ауыл шаруашылығы, құрылыс, коммуналдық сала бойынша қызмет көрсететін алып техникаларды тізгіндеу сіз бен біз ойлағандай оңай шаруа емес. Сондықтан кейінгі жылдары кәсіптік білім беру ісіне мемлекет тарапынан қолдау шаралары артып келеді.

Іргетасы 1955 жылы қаланған Қызылорда политехникалық колледжіне 2014 жылы мемлекет және қоғам қайраткері Мұстахым Біләлұлы Ықсановтың есімі берілді. Оқу ғимаратының жобалық қуаттылығы – 560  орын, 20 теориялық пән кабинеттері, 6 зертхана, 6 оқу-өндірістік шеберхана, 100 орындық асхана, 200 орындық акт залы, спорт залы, 20 мыңнан астам кітап қоры  бар кітапхана жұмыс жасайды. Колледж директоры Тәшен Оразбекұлының айтуынша, қазіргі уақытта даярланатын мамандықтарға сай облыс төңірегіндегі 20-дан астам өнеркәсіптік мекемелермен алдын ала келісім-шарт жасасып, әлеуметтік әріптестік орнатылған.

Оқу орны кәсіби мамандар даярлауда мемлекеттік тапсырысты (12 мамандық, 24 біліктілік бойынша) лайықты орындап келеді.

– Еліміздегі техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары кейінгі жылдары бірнеше реформа кезеңдерінен өтуде. Соның бірі – 2015-2016 оқу жылынан бастап, «Дуальдық оқыту» әдісі қолданысқа енді. Бұл оқыту әдісі бойынша оқу жоспарлары өнеркәсіптік мекемелермен келісе бекітіліп, талапқа сай үш жақты келісім-шарттар дайындалып, оқу кезеңінің 60 пайызы өнеркәсіптік мекемелерде өткізіледі. Айта кету керек, бүгінде дуальды оқытудың тиімділігі дәлелденіп, оң нәтижесін көрсетіп отыр. Тағы бірі, облыстық білім басқармасының  бұйрығымен 2017-2018 оқу жылынан бастап даярланатын мамандықтардың жұмыстық оқу бағдарламасы модульдік-құзыреттілік әдістемесі негізінде енгізілді. Ал 2018-2019 оқу жылынан ҚР Білім және ғылым министрлігінің  нұсқаулығы бойынша оқу үрдісіне ТжКБ 141 мамандық бойынша өзектендірілген үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламалары қолданысқа енді. Сонымен қатар, 2020-2021 жылдан колледждің оқу жоспарлары «Кредиттік модульдік технологиясы» бойынша дайындалып, уақыт талабына бейімделді, – дейді колледж директоры.

Өндірістік-техникалық база қандай?

Оқу орнында уақыт талабына сай оқу кабинеттері мен шеберханалар, зертханалар толық жабдықталған. Мысалы, 15-ке жуық оқу кабинетін айтпағанда, 17 зертхана бар. Оның ішінде «Тракторларды, автомобильдерді және ауылшаруашылық машиналарын жөндеу», «Жол құрылыс машиналарды пайдалану және жөндеу», «Слесарьлық іс шеберханасы», «Ауыл шаруашылығын электрмен жабдықтау», «Техникалық талдау және өндірісті бақылау» зертханаларында білім алушылармен тұрақты жұмыс жүргізіледі. Сонымен қатар оқу орны атынан біліктіліктеріне сай 13 инженер-педагог, жабдықтаушы мекеме мамандарынан алынған құрал-жабдық және техникалардың сипаттамалары мен қызметтері тақырыптары бойынша арнайы дәріс алып, сертификат иеленген.

Мамандар нарық талабына жауап бере ала ма?

Маман даярлаудағы басты шарттардың бірі – сұранысқа сай болуы. Бұл бағытта оқу орны министрліктің техникалық және кәсіптік білім беру департаментінің ұйымдастыруымен өткен бірнеше жобаларға қатысқан. Айталық, 2014 жылы «Техникалық және кәсіби білім беруді модернизациялау» жобасы аясында Бүкіл әлемдік даму банкі қорынан «Автомобиль крандарының машинисі» біліктілігі бойынша грант жеңімпазы атанды. Сол сияқты, 2014 жылы маусымның 1-12 аралығында, колледждің басқару құрылымының өкілдері, оқытушылар, өндірістік оқыту шеберлері  Германия мемлекетінде болып, халықаралық біліктілік арттыру курсына қатысып, тәжірибелерін байытып қайтты.

Ал 2020-2023 оқу жылында оқу орны министрлік және «Talap» АҚ ұйымдастырған «Жас маман» жобасына қатысып, нәтижесінде бірнеше мамандық бойынша қажетті құрал-жабдықтар алынып, жаңа техникалармен толықтырылды. Оның ішінде «Ұсталық дәнекерлеу» оқу шеберханасы, «Жеңіл  автомобиль  құрылымы зертханасы», «Жеңіл  автокөліктерге  техникалық  қызмет көрсету және жөндеу» шеберханасы жабдықталды.   

Оқытушы білікті болса, маман да мықты

Оқу орнында  бірінші және жоғары санатты, жаңа аттестаттау ережесіне сай модератор, сарапшы, зерттеуші біліктілік санатын алған инженер-педагогтар, ғылым магистрлері, ғылым кандидаты  қызмет атқарады.

Білім берудің жаңа мазмұны – инновациялық білім және тәрбие беру, озық отандық және шетелдік оқыту тәжірибесін қолданысқа енгізу бағытында оқу орнының инженер-педагогтері Беларусь, Германия, Франция, Сингапур, Малайзия сынды мемлекеттерде біліктілік арттырып, тағылымдамадан өтіп, жинақтаған тәжірибелерін оқыту жүйесінде кеңінен қолданып келеді. Жалпы кейінгі 5 жыл көлемінде оқу орнының инженер-педагогтерінің 30-ға жуық еңбегі жарыққа шығып, түрлі байқауларда жоғары жетістіктерге жеткен.  

Тағы бір тың бастама, оқу орнында  «Барыс» әскери-патриоттық үйірмесі жұмыс жасайды. Жетекшісі, запастағы майор А.Қабылов. Үйірменің мақсатына сай  білім алушы  жастардың әскери технологияны жетік меңгеруі  қарастырылған. «Барыс» үйірмесі бүгінде №2019 әскери бөлімімен бірлесіп,  жастарды отансүйгіштікке баулуда жүйелі жұмыс жүргізіп келеді.

Биыл колледжде 16 оқу тобында 336 студент, түзету мекемесінің 2 оқу тобында 30 студент білім алуда.

Жалпы 336 білім алушының 280-і мемлекеттік шәкіртақымен қамтылған. Олардың ішінде әлеуметтік санаттары бойынша тиісті жеңілдіктерді пайдаланатындар бар.

Үздік түлектер бәсекеге қабілетті

Колледж бітірушілерінің соңғы үш жылдағы көрсеткішіне зер салсақ, 2019-2020 оқу жылында 190 маман бітірсе, 154 (81%), 2020-2021 оқу жылында 204 маман бітірсе, 168 (82%), ал 2021-2022 оқу жылы бойынша 135 жас маман (98 %) жұмысқа орналасқан.

Колледж басшысының айтуынша, осындай шәкірттің бірі «Дәнекерлеу ісі» мамандығы  бойынша білім алған үздік түлек А.Тойманов бүгінде өз кәсібін ашып, дәнекерлеу жұмыстарымен айналысады. Ал осы мамандықты иеленген үздік түлек С.Сермаханов қазір Франция мемлекетінің ірі кәсіпорнында  келісім-шарт негізінде жұмыс жасайды.

Қазірдің өзінде колледжге «Мелиоратор», «Вест-авто», «Қызылорда жолдары» ЖШС, «Қызылорда су жүйесі» МКК, «Монтажспецстрой» ЖШС, «ҚазГермұнай» БК» ЖШС, «Қызылорда жылу электр орталығы» ЖШС, Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты, т.б көптеген ірі өндіріс орындары  қажетті жұмысшы мамандарға сұраныс берген.

Ғазиза ӘБІЛДА

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<