Әр салада серпін бар

485

0

Жаңа жылдың алғашқы айын да аяқтап, екіншісінің ортасына жетіп қалдық. Әр жылдан үміт, жақсы жаңалық күту – адамзатқа ортақ сезім. Өткен жылдың өзіне тән ерекшелігі, қиындығы да болды. Жұмыр жер пандемиямен алысып, әбігерге түсті. Қазақ елі де бұл сынақтан сырт қалмады. Адамның тағдыры, денсаулығы мен өмірі –бәрінен де қымбат екені белгілі. Осы ұстаныммен елімізде жедел қолға алынған сақтық шаралары өз нәтижесін берді.

«Қоғамның басты байлығы – адам» қағи­дасы қашан да өзекті­лігімен назарда тұр. Соған орай әңгімеміздің кіріспесін Қазалы ау­данындағы медицина саласы туралы қысқаша мәліметтен бас­тасақ. 2019 жылы мемлекеттік-жеке­шелік әріптестік негізде «Өр­кендеу» ауылдық дәрігерлік амбулаториясы салынды. Алдағы уақыт­та Бозкөл, Қызылқұм елді ме­кен­дерінде дәрігерлік амбулатория салыну жоспарланса, Водокачка, Тасөткел, Ажар елді мекендерінде медициналық бекеттер салуға ұсы­ныс берілді. Өткен жылдың со­ңын­да Қазалы ауданаралық ауруха­на­сы­нан демеушілік есебінен оттегі станциясы ашылды. Заманауи қон­дырғылармен жаб­дықталған стан­ция Қазалы ауданымен көр­шілес Арал, Қармақшы ауданы мен Бай­қоңыр қаласын оттегімен қам­тамасыз етуге қауқарлы.

Ауданда бала туу көрсеткіші 2019 жылмен салыстырғанда 196 жағдайға көбейді. Сондай-ақ, «Болат жолы» дәрігерлік амбулатория­сына жаңадан флюроқондырғы алынып, іске қосылды. Былтыр про­филактикалық флюро­байқаудан өтуге тиіс халықтың 92,7%-і өт­кізілді.

Қолдағы дерекке сүйенсек, ау­­дандағы эпизоотиялық ахуал тұ­рақты. Аса қауіпті жұқпалы ауру­­­ларға қарсы ветеринариялық-про­фи­лак­тикалық және 3 түрлі ауру бойын­ша диагностикалық тексерулер жүр­гізуге бюджеттен 127,6 млн теңге қаржы бөлінген. Бекітілген жоспарға сәйкес вакциналар мен ветпрепараттар уақытында жеткізіліп, тиісті жұмыстар атқарылған.

Ауданда типтік жобадағы 8 мал қорымы бар. Барлық мал қо­рым­­дары облыстық ветеринария басқармасының теңгеріміне өткі­зілген. Ауру малды санитарлық сою­ды ұйымдастыруға 1,5 млн теңге бөлініп, анықталған 27 бас уақ мал сойылып, иелеріне өтемақылары төленген. Құтыру, лейшманиоз, эхинококкоз, т.б. аурулардың көзі – қаңғыбас ит-мысықты аулап, жоюға облыстық бюджеттен 3,4 млн теңге қаржы қаралған.

Биылға аудан бойынша 11 түрлі аса қауіп­ті жұқпалы ауруға қарсы ветеринариялық-профилактикалық және 3 түрлі ауру бойынша диагнос­тикалық тексеру жүргізуге бюджеттен 165,3 млн. теңге қаржы қаралған. Қазір іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы жылға энзоотиялық ауруларға қарсы іс-шаралар жүргізуге 9,6 млн теңге қаржы қаралыпты.

Үйің болмай, күйің болмас. Бұл тұрғыда Қазалыда бірқатар игі істер жүзеге асқан. Өткен жылы ауданда 51119 шаршы метр тұрғын үй (272 үй) салынған, яғни, 2019 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,8%-ке орындалды.

Бүгінгі күні тұрғын үйге мұқтаж 1359 адам кезекте тұр. Олардың ішінде 1 Ұлы Отан соғысының ар­дагері, 190 ата-анасының қамқор­лығынсыз қалған бала, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын 688 адам, 262 көпбалалы отбасы, 218 бюджеттік сала қызметкері бар.

– Тұрғын үй мәселесін шешу күн тәртібінен түскен емес. Қазіргі уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Әйтеке би кентінің 5-квартал аумағында 1 қабатты 4 пәтерлі 10 жалдамалы тұрғын үй құрылысы аяқталып, қабылданды. Жоба құны – 382 млн теңге. Ендігі кезекте 10 жалдамалы тұрғын үйді инженерлік инфрақұрылыммен қам­ту жұмыстарына республикалық бюд­жеттен қаржы бөлініп, мемле­кеттік сатып алу процедуралары жүргізілуде.

Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан 2 қабатты 12 тұрғын үй құрылысын қаржы­лан­дыру республикалық бюджетке ұсы­нылды. Сонымен қатар, Әйтеке би кентінен және Қазалы қала­сы­нан 2 пәтерлі 20 жалдамалы тұрғын үй құрылысын салу жобасын әзір­леуге аудандық бюджеттен 30,6 млн теңге қаржы бөлініп, жоба әзірленді. Қазір жоба мемлекеттік сараптамадан өткізілуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында аз қамтылған көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйді сатып алуға республикалық бюджеттен 294 млн теңге қаржы бөлініп, жыл соңына дейін 35 тұрғын үй сатып алу жоспарлануда, – дейді Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев.

Ел азаматтарымен тілдесу ба­ры­сында осы жылы ауыл ша­руашылығы дақылдарын 17685 гектарға орналастыру межеленгенін естідік. Таратыңқырап айтсақ, дәнді дақылдар 7232 гектар, малазықтық дақылдар 8073 гектар, картоп, көкөніс, бақша 2250 гектар, майлы дақылдар 125 гектар, басты дақыл – күріш егісінің көлемі 6637 гектарды құрайды. «Сыр маржаны» ЖШС 200 гектар жерге күріш дақылының жергілікті «Сыр сұлуы» сортын егуді жоспарлап, қажетті 54 тонна тұқым сатып алу жөнінде Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен келісім жасау­да.

«Елде болса, ерін тиеді» деген. Реті келгенде қазалылық ағайын­дардың жанкешті еңбегіне тоқтала кетсек. Көктемі шұбалыңқы, жазы аптап келетін ауданда диқан қа­уымының татар бейнеті аз емес. Оған су тапшылығын қосыңыз. Анау-мынау жан болса қолын бір сілтері даусыз. Алайда жастайынан еңбек қазанында піскен дала перзенттері жаз бойғы төккен терінің өтеуін өнімнен күтеді. Ерте көктемнен сарыала күз аралығына дейін үмітін үзбейді әрі бұл жыл сайын қайталанады.

Өткен жылдың 11 айында ауыл шаруа­шылығы саласына 906,3 млн теңгенің инвестициясы тартылған. Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан, Украина, Түркіменстан, Польша, Қырғызстан, Әзербайжан мемлекеттеріне 3051,5 тонна ақталған күріш және күріш ұнтағы экспортталды. Мұнан бөлек, 1062,8 тонна балық өнімі Ресей Федерациясы, Дания, Германия, Грузия, Қытай мемлекеттеріне экспортқа шығарылды.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<