АЛҒА БАСҚАН АҚЫН АУЫЛЫ

440

0

Сырдария ауданындағы Асқар Тоқмағанбетов ауылының диқандары көктемгі дала жұмыстарын аяқтадыТәжірибелі басшы Меңдіғали Есжанов басқаратын «А.Тоқмағанбетов ЛТД» ЖШС жылдағыдай жақсы нәтижеге жетуді көздеп отыр

Серіктестік төрағасының орын­ба­сары Бақыт Жылқыбаевтың айтуын­ша, биыл шаруашылық 800 гектар жерге күріш, 550 гектар ескі және 150 гектар жаңа жоңышқа еккен.

– Асқарлықтар еңбекқор халық. Кезінде ауылдан «Ленин» орденді кү­­ріш­­ші Пазылбек Есімов, бірнеше ордендердің иегерлері Бақтияр Жақыпов, Оразалы Оразбаев, Мамай Уайсов секілді даңғайыр диқандар шықты. Бір кездері шаруашылықтың біраз шатқаяқтағаны шындық. Соңғы 3-4 жылда облыс,  аудан  басшылығының қол­дауымен еңсе тіктеді. Өткен жылдан бастап серіктестік тізгінін іскер азамат Меңдіғали Кеңесұлы қолға алды. Жұмыс жолға қойылып, диқандардың, күрішші-механизаторлардың еңбекке деген ынтасы артты, – дейді Бақыт Бердібекұлы.

Иә, айтса айтқандай, ауыл ин­вес­торы өткен жылы жергілікті тұр­ғындардан 90 адамды жұмыспен қамтыса, биыл олардың саны жүзден асып отыр. Ауылға инвестиция салу оңай емес. Тәуекелге барған Есжанов егінге су әкелу үшін «Елтай» арнасының 15 шақырымын, «Айжанкеткен» арна­сының 20 шақырымын «Мелиоратор» ЖШС-нан техника жалдап, қаздырды. Шаруашылықты дамытумен қатар ауылға да қамқорлық танытуда. Ал­дымен мешітті күрделі жөндеуден өткізіп, оюлы қоршаулармен қоршады. Шаруашылық кеңсесіне де көмек көрсетті. Елді мекен орталығына екі бірдей сәнді аялдама тұрғызды. Мәдениет   үйінің, ауылдық ауру­хана­ның жөндеу жұмыстарында жәр­дем берді. Шаруашылық жыл бойына ауылды дамыту мен тұрғындарды әлеуметтік қолдауға 7-8 млн теңге қаржы жұмсап отыр. Осылайша, бұрын көштен қалып келе жатқан ауылдың реңіне қан жүгірді. Елді мекендегі жарқын істер бүгінде де жалғасын тауып жатыр.

 «Сыр күріші –  ел ырысы» дегендей, асқарлықтардың абырой биігінен кө­рі­нуіне диқандар Зейнолла Уайсов, Нұрлан Жүзтаев, Жұмағали Смайловтар елеулі үлес қосты. Шаруашылықта жыл сайын озат атанып жүрген Марал Бекжанов, ағайынды Алмат, Бағдат Жасағанбергеновтер де ел тірлігінің түзеле бастағанын қуанышпен айтады.

– Сыр салысымен қатар жоңышқа да егілді. Атыздар суға толып, се­білген тұқымға енді жан бітпек. Алдағы жұмыс – күріштің бітік шығуын бақылау. Алдағы жылы егістікті ұл­ғайтуды ойлап отырмыз. Сонда ауыс­палы егіс заңдылығы сақталатын бо­лады. Сонымен қатар күріш орып, бастыратын шетелдік «Магдон», «Class» комбайндарын алғымыз бар, – дейді шаруашылық директоры М.Есжанов.

Серіктестік басшысы ауылдың әлеу­­­­­­меттік жағдайын жақсартып, кә­­­сіп­­­­­керлікті дамытуға бағыт ұс­тап отыр. Агроөнеркәсіп кеше­нін дамыту бағдарламасы бойын­ша «А.Тоқмағанбетов АГРО»  ауыл­­­­­ша­­руашылық өндірістік коопе­ра­ти­ві құрылып, 20 адамды жұмыспен қам­тыды.  Ауыл ардагерлеріне ар­нал­ған демалыс бөлмесі, халыққа ар­зан бағамен сауда жасайтын «Ауыл» дүкені ашылды. Шаштараз ашылып, енді шаруашылық күшімен монша салынбақшы. Сондай-ақ, жастар сая­бағын ашу, бес гектар алқапта алма бағын жасақтау да алдағы жылдың ен­шісінде.

Меңдіғали Есжанов туған жерінің өсіп-өркендеуі үшін ештеңе аямақ емес. Жыл сайын тұрмысы төмен отбасыларды қаржылай және азық-түлікпен қамтамасыз етуді жауап­кершілігіне алған. Сонымен қатар, балалардың жоғары оқу орнында білім алуына да жәрдемдесіп отыр. Оның айтуынша, бұл – әрбір азаматтың туған жеріне, халқына жасауы тиіс азаматтық борышы.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ,

«Сыр бойы».

Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<