ҚАЛА ШАРУАШЫЛЫҚТАРЫНЫҢ ҚАРЫМЫ

416

0

Биыл Қызылорда қаласы бойынша 7686 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілсе, соның 3743 гектары – күріш. Шаруашылық құрылымдарының арасынан бірінші болып жуырда қарауылтөбелік диқандар егін оруды бастады. 

Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының осы елді мекендегі алқабында ұйымдастырылған рәсімге қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысты. Ол жиналған жұртты Астана­ның 20, Қызылорда қаласының 200 жыл­дығымен құттықтады.

– Бұл – дала еңбеккерлерінің осы мерейтойлар аясында туған жерге жасаған тартуы. Бұл – еселі еңбектің жемісі. Бүгін, міне, диқандар ақ алтындай тербелген егіс даласына алғашқы орақ салды. Осылайша олар қамбаны қызыл дәнге толтыратынына сенім зор, – деді қала әкімі.

Шара барысында қонақтар институт ұжымы ұсынған бидай, арпа, күріш пен жоңышқаның, «Үміт» шаруа қожалығы ұсынған картоптың жаңа сорттарымен, аграрлық сала мен агроөнеркәсіп кешені жетістіктерінің көрмесімен танысты. Қызылөзек ауылдық округіндегі аталған шаруашылық былтырдан бері 15 гектар аумаққа механикаландырылған тәсілмен картоп егіп келеді.

Ел қамбасын ырысқа толтыруда өңір еңбеккерлерінің еңбегі өлшеусіз. Оның ішінде облыс орталығы диқандарының үлесі зор. Қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Медет Сейілов мәлімдегендей, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары жыл басында межеленген көлемнен 741 гектарға артық егілді. Шаруашылық құрылымдары жаздық бидай мен арпа, сұлыны жинап болды.

– Егін жинау ісіне 795 тонна дизель отыны, 159 тонна бензин, 48 тонна қою май кетті. 22 жатка, 24 комбайн, 58 трактор, 19 трактор тіркемесі, 22 астық тазалағыш, 12 жүк көлігі жөндеуден өткізілді, – деді ол.

Назерке САНИЯЗОВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<