АСЫЛ ТҮЛІК – ТАБЫС КӨЗІ

582

0

АСЫЛ ТҮЛІК – ТАБЫС КӨЗІ «Божбанбаев» шаруа қожалығы – Жаңақорған ауданындағы іргелі құрылымдардың бірі. Қауық елді мекенінде орналасқан қожалық иелігінде 120 гектар жер бар. Қожалық басшысы – Жасұлан Божбанбаев. Алда әлі атқарылатын толымды тірлік көп екенін айтып өтті.

Отбасылық кәсіпке айналған шаруашылық  үш адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.  Қожалықта 60 жуық  ірі қара бар.  Өткен жылы 26 сиырдан 18 бас бұзау алынған. Малдың жайын жасап, бабын табу да оңай шаруа емес. Бірақ шаруа әулеті ала жаздай малдың жем-шөбін даярлап, қораларын жөнге келтіреді. Тиісті мал ауруларына қарсы салынатын екпелерді уақытылы жасап, Зеңгі баба тұқымын көбейтіп отыр.

Ет бағытындағы мүйізді ірі қара малының экспорттық әлеуетін дамыту мақсатында қабылданған «Сыбаға» бағдарламасы – ауылдағы мал өсіріп отырған  ағайынға берілген зор мүмкіндік. Осы орайда өткен жылы Жасұлан Божбанбаев  бағдарлама демеуімен мүйізді ірі қараны асылдандыруды қолға алды. Ол «Қамқоршы» несие  серіктестігінен 3500000 теңге алып, шаруасын одан әрі дөңгелетуге жұмсайды. Алматы қаласынан арнайы  асылтұқымды бұқа алынды. Сонымен бірге ақбас сиырлардың санын көбейтті.  Жасұланның әкесі Сабырхан Божбанбаев  бұл кәсіпті алғашында өзі жандандырады. Баласын қасына ертіп жүріп, шаруашылықтың қыр-сырын үйретеді. Кейін ұлына осы ісін табыстаған екен.

– Елімізде «Сыбаға» бағдарламасының арқасында көптеген шаруа қожалықтары ірі қара малдың басын көбейту үшін жеңілдетілген процентпен несие алып келеді. Бұл біздерге жасалып жатқан зор мүмкіндік. Аталған бағдарлама игілігін көрдік. Енді алдағы кезде де мал басын тағы да көбейтсек деген ниетіміз бар, – деді Сабырхан аға. 

Қыстың қытымыр аязынан ешқандай мал шығыны болмаған. Қайта селекциялық жұмыстардың нәтижесінде асылтұқымды бұзаулардың саны артқан. Қазақтың ақ бас тұқымдары елімізде көп жылғы селекциялық-асылдандыру жұмыстарының жемісі.  Сүйек бітімі берік әрі мықты келеді. Сиырлардың салмағы шамамен 500-550 кг, ал, 3-4 жастан асқан бұқалары 850 кг тартады. 

Қожалықта бұзаулар табын санын көбейту үшін шаруашылықта қалдырылып, ал өгізшелер етке өткізу үшін жеке бағылып жатыр. Етті аудан орталығына өткізеді. Шешілмеген мәселе жоқ емес. Кәсіпкер алдағы уақытта мал азығын дайындауды қолға алғалы жатқанын да жеткізді. Егістікке жер дайындау мақсатында құжаттар әзірлеп, тиісті орындарға жібермек. Бұл іс оңтайлы шешілсе, шаруа малдың шөп-азығын өзі өсіреді. 

– Қай істе болмасын еңбектену керек. Сонда нәтижесі болады. Қиындығы жоқ жұмыс болмайды. Табыс бар жерде шығыс бар дегендей… Бірақ мойымаймыз. Кейбір өзім қатарлы жастарға таңғаламын. Тепсе темір үзетін жігіттердің екі қолға бір күрек таба алмай қалаға ағылатынына қайранмын. Ал, нағыз тіршілік ауылда. Өздерінше  мал бағуды місе тұтпай, мұрын шүйіретіндер де бар, – дейді Жасұлан.

Расында, жас кәсіпкердің сөзінің жаны бар. Ол өзінің маңдай тері мен адал еңбегінің арқасында шаруасын дөңгелетіп отыр. Бұдан бөлек шаруа үй құсын өсіріп отыр. Жұмыртқасы мен етін күнделікті тұтынады. Алдағы тағы бір жоспары –жылқы өсіруді қолға алмақ. Еңбегімен ел алдынан көрінген азаматтың бұл жобасының да жүзеге асарына сенеміз.

Сара АДАЙБАЕВА,

“Сыр бойы”.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<