АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ малдың артықшылығы көп

586

0

АСЫЛ ТҰҚЫМДЫ малдың артықшылығы көп Үлкен жолдың бойымен жүйткіген көлікте бара жатқан адам Қармақшы мен Жалағаш аудандарының шекарасындағы Моншақты асарға көз тоқтатары анық. Аты қалай тауып қойылған, шынымен де ­алыстан қарағанда қыз мойнындағы моншаққа ұқсайды. ­Жолбастаушымыз Қармақшы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Жағыпар Төлегенов мал тұқымын асылдандырудағы ең өзекті мәселелерді, бұл шаруаны қолға алғандардың кезігетін қиындықтарын жол бойы айтып келеді. Бағытымыз –  Моншақты асар маңына қоныс тепкен «Тиышбай» шаруа қожалығы. 

– Қазір ауданда 40-тан астам шаруашылық ірі қара бағып отыр.  Мал бағуға ниеттенген кәсіпкер азаматтарға оның тұқымын асылдандыру арқылы әдеттегіден молырақ табысқа жетуге болатынын түсіндіреміз. Тұқымды түрлендіру үшін уақыт создырмай аталықты ауыстырып отыру керек, – дейді Ж.Төлегенов.  

Сыр өңіріндегі агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2020 жылға дейінгі агрокартасында ішкі нарықты молықтыру мен экспортқа өнім шығаруға негізделген екі бағыт бар. Агрокартаны жасау барысында ауыл шаруашылығы өнімдерін тарату нарығына маркетингтік зерттеулер жүргізілді. Жылдар бойы Қызылорда облысы мал етін экспортқа шығаруға тыйым салынған аймақтар қатарында болды. Соңғы жылдары мал шаруашылығын дамытудағы осы кедергі де жойылды. Бұл – төрт түлік мал өргізген малшы қауымының бастамаларына қолдау көрсету үшін жасалған еді. 

«Тиышбай» шаруа қожалығының басшысы Бақытжан Ержанов мал бағуды 2016 жылы қолға алыпты. Ағайынды жігіттер өздеріне тиесілі жайылымдық жерді алып, жұмысты бастап кеткенде оларға қосылып жұмыс істеуге талаптылар да табылды. Қожалыққа әкелері, Ақжар ауылының негізін қалаған, «Ленин» орденді Тиышбай Ешмұратовтың атын берді.  Қазір 1000 гектарға жуық жайылымдық бар. Алғашқыда шаруашылықта 30 бас жылқы болды. Бүгінде жылқы басы екі есеге өсті, сиырдың басы 70-ке жақындады. Сиыр сүтін өткізіп, бие байлап, қымыз ашытуға әзірлік жүріп жатыр.

– Былтыр ет бағытындағы қазақтың ақбас сиыры тұқымының 2 бұқасын әкелдік. Биыл  одан төл алдық. Енді бұқаны айырбастап, Қостанайдан ет бағытындағы жаңа тұқым алдыруды жоспарлап отырмын. Оған қоса жыл басында қазақтың жабы тұқымды жылқысынан 2 айғыр алып келдік. Енді биылғы төлдерді біртіндеп жемге байлаймыз. Негізі етті экспортқа шығарудың талаптарына бейімделіп келеміз, – дейді шаруашылық басшысы.

Қазір мұнда 4 адам тұрақты, 7-8 адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Мал азығын дайындау үшін бірталай техникалар сатып алынған. Шаруашылықтың малшыларға арнап салған көк шатырлы үйі «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» көлік дәлізі бойынан көзге түседі. Жақындап барғанда үйдің іргесіне күнделікті ас-ауқатқа пайдаланатын картоп, жуа, сәбіз, қызанақ, қияр егілгенін, отырғызылған жас көшеттердің бойын тіктей бастағанын байқадық. Мұнан өзге шаруашылық басшысының құс өсіру, алма бағын егу жоспарлары бар.

Мал тұқымын асылдандыру, өнімін экспортқа шығару машақаты мол шаруа болғанымен, нәтижесі көңіл толтырып, табыс көбейтеді. Жақында Жаңақорғанда өткен дәстүрлі облыстық малшылар слетінде «Тиышбай» ШҚ төрағасы Б.Ержанов ірі қара мен жылқы тұқымын асылдандырғаны үшін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталды.

– Марапат немесе мақтан үшін емес, балаларымыздың болашағы, өзіміздің және қарамағымыздағы адамдардың тұрмысының оңалуы үшін әрі қарай жұмысымызды жалғастыра береміз, – дейді Б.Ержанов.

Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА,

“Сыр бойы”,

Қармақшы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<