Ақтөбеде \»Таблиғи жамағат\» өкілдері сотталды

664

0

Ақтөбеде \"Таблиғи жамағат\" өкілдері сотталды 25 шілде күні Ақтөбе қалалық сотының «Таблиғи жамағат» ұйымының жеті мүшесіне қатысты үкімі күшіне енді. Бұл туралы Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлады.

Тергеу материалдарына қарағанда, сотталушылар бұл діни ұйымға 2000 жылдан бастап мүше болған. «Осы бағытта уағыз тыңдап, білімдерін жетілдіру үшін Үндістан мен Пәкістанға барып келген. Соңғы кездері уағыз-насихатты облыс тұрғындары арасында белсенді түрде жүргізе бастаған. Яғни, арнайы топ құрып, үй аралап, уағыз айтқан».

«Таблиғи жамағат» халықаралық ұйымын сот экстремистік деп танығаннан кейін оның қызметіне ел аумағында тыйым салынған. «Сотталушылар ол туралы біле тұра «Таблиғи жамағат» идеологиясын таратумен айналысқан» деп хабарлайды облыстық сот.

Соттың мәліметінше, «Таблиғи жамағат» ұйымына мүше болған жеті ақтөбелікті ҚР ҰҚК өкілдері 2018 жылғы мамыр айында қамауға алған. Олардың үстінен ҚР ҚК 405 бабы бойынша (“Экстремистік ұйымның әрекетіне қатысу”) іс қозғалған.

Сотталушылардың бесеуі Ақтөбе қаласының тұрғындары, екеуі Хромтау ауданынан. Барлығы да көпбалалы, әйелдері жұмыссыз, өздері бұрын-соңды сотталмаған. Осыны және айыпталушылардың тергеуге көмектескенін ескеріп, сот олардың бас бостандығын бір-үш жыл аралығында шектеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<