Қазалының құрылысы қарқынды

511

0

Қазалының құрылысы қарқынды Халықтың тұрмыс-тіршілігінің деңгейін салынған құрылыс нысандарынан аңғару қиынға соқпайды. Бүгінде Қазалы ауданында бұл бағытта атқарылған шаруалар ауыз толтырып айтарлықтай. Аудан орталығы Әйтеке би кентінің ауқымы ұлғайып, көріктене түскен. Кең көшелер, сәулетті нысандар, әсем үйлер кенттің көрікті мекенге айналарын дәлелдеп тұрғандай.

Бұл аталған салаға мемлекет тарапынан жасалған жана­шыр көзқарас, қазынадан бөлін­ген қомақты қаржы, аудан тіз­гінін ұстаған азаматтардың  ұйым­дастыру шараларының же­місі, құрылысшы қауымның төгілген терінің өтеуі  екені анық.

Бір сәт нақты дерекке жү­гінсек. 2018 жылы құрылыс жұмыстарының көлемі 11 млрд 516 млн теңгені құрап, көрсеткіш  153 процентке жеткен. Жұмысы жүргізілген 25 нысанның  19-ы пайдалануға беріліпті. Олардың қатарында, Әйтеке би кентіндегі 300 орындық мектеп, Жанқожа батыр ауылындағы  спорт кешені  бар. Оған қоса, «Қарлан» учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауыз су желісі, кент-қала аралығындағы, 5 кварталда салынып жатқан көпқабатты тұрғын үйлердің ин­женерлік инфрақұрылымы жүр­гізілген. Сондай-ақ, құры­лы­сы басталған мекемелер үйінің ғи­мараты,  мәдениет үйі, 18 пә­терлі көпқабатты үйлер, Қазалы қаласындағы 180,   кенттегі 210 гек­тар жер учаскелерін электрмен қамту, газбен жабдықтау, ауыз су апару жұмыстары жалғасын тапса, мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік негізінде Жанкент ауылынан дәрігерлік амбулатория ел игілігіне берілді.

Аурухананың ашылу сал­тана­тына облыс әкімінің  ар­найы қатыс­қанын атап кеткен жөн. Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақ­тықожа Ізмұхамбетов жаңа ны­сан жұмысына сәттілік тілесе, медицина саласының ардагері Орақ Кеубасовтың ел ағаларына көпшіліктің риза­шылығын біл­діріп, аудан­дық аурухананың бас дәрігеріне жедел-жәрдем көлігінің кілті табысталған болатын.

Жаңа жыл мерекесі қар­саңында Қазалы ауданында бірқатар сәулеттік нысандар бой көтеріп, іске қосылды. Аймақ басшысының ауданға кезекті іссапары кезінде Әйтеке би ес­керткіші, Рәміздер алаңы ашылып, Ақтан батыр ауылындағы абаттандыру жұмыстары көп­шілікке көр­сетілді.

Аудан орталығын кеңейту мақ­сатында жасалып жатқан игілікті істерді күнделікті тіршілікте көріп жүрміз. Оларды жүзеге асыруға биыл бюджеттен 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген. Осы аралықтан жаңа үлгідегі кәсіпкерлік нысандарын салу үшін жоспарланған жер учаскесі белгіленген. Қазалы қаласы Әйтеке би кенті аралығындағы автокөлік жолдары қайта жаңартылып, жоба-сметалық құжаты әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өт­кізілген.

Солардың арасындағы бір­қатар нысандарға тоқтала кетсек. Әйтеке би кентінде құны 889,7 млн теңге болатын мекемелер үйі жобасы іске асырылуда. Аталған ғимаратты салудағы мақсат – тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру үшін аудан әкімдігі мен дербес бөлімдерді бір жерде шоғырландыру. Мұның өзіндік себебі де бар. Дербес бөлімдердің бірқатары кент әкімдігінде болса, кейбірі ескі аурухана ғимараты бөлмелерін жалға алып, пайдаланып отыр. Әйтеке би кентінің түбегейлі жоспарлау жобасына сәйкес мекемелер үйі ғимараты мектеп, аурухана, халыққа қызмет көрсету орталығы, сот, мәдениет үйі ғимараттарымен бір аумаққа орналастырылған. Бұлай жасау тұрғындар үшін аса ыңғайлы болмақшы. Қазіргі таңда аудан әкімдігі орналасқан ғимарат өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бой көтерген. Қанша дегенмен уақыт ағымы өз ізін салған.

Сондай-ақ, аудан орта­лығында көпқабатты 6 тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Алдағы уақытта Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласы аралығынан көпқабатты 12 тұрғын үй салу жоспарлануда.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.

Қазалы ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<