Дәні көптің дастарханы бай

453

0

Күрішке орақты ерте салған Жалағаш ауданы Бұқарбай батыр ауылындағы «Байтабын» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жиын-терім науқанын мол табыспен аяқтап, қырманды қызылға толтырды.

«Байтабын» ЖШС биыл 1400 гектар жерге күріш, 700 гектарға жоңышқа және мақсары егіп, еңбекқор жұрттың тынымсыз тірлігінің нәтижесінде егін бітік шықты. Күріштің әр гектарынан 77 центнерден өнім алып, соңғы бірнеше жылда болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Ал қосалқы шаруашылықтардағы егін әр гектарынан 72-73 центнерден айналып, 98 мың тонна астық жиналды. Жоңышқаға үш рет орақ түсіп, ауыл тұрғындары мал азығын да қамдап алды.

Серіктестік төрағасы Сапарбек Мыхановтың айтуынша, күріш жинау науқанына 5 ХТЗ, 5 жатка, 6 комбайн және астық тасуға арналған бірнеше техника жұмылдырылған.

– Соңғы үлгідегі техниканың көмегімен күніне 300 тоннадан астам астық қырманға құйылып, комбайншылардың алды 15000 центнер астық ­бастырды. Атап айтатын болсақ, №1 бригададан Болат Ділдәбеков 83 центнерден, №2 бригададан Тәңірберген Әбілдаев 75 центнерден және шаруа қожалықтардан Асылбек есімді азамат 68 центнерден өнім алды. Қамбаға 460 тонна тұқым құйылды. Қазір бригадалар сүдігер көтеріп, келесі жылғы егіске дайындық жүргізуде. Ауыр техниканы жетік меңгерген күріш озаттары, сушыларға сыйақы тағайындалатын болады. Биыл сушылардың, механизаторлардың айлық жалақысын 45 процентке көтердік. 100 гектарға қарайтын сушылар 114 мың, ал механизаторлар 200 мыңның үстінде жалақы алады. Осы жылы мол өнімге қол жеткіздік. Егін бітік шықса, ел несібесі, диқан қауымының еселі еңбегінің жемісі, – деді серіктестік басшысы.

Күрішті күтіп-баптауға, оны ысырапсыз жиып-теруге 111 тұрғын жұмысқа тартылған. Соның ішінде қырмандағы астық тазалауда 2 ауысыммен 40-қа жуық адам еңбек етеді. Ауыл азаматтарын еңбекке тартқан серіктестік басшысы ынталандыру мақсатында әрдайым сыйақы беріп отырады.

Былтыр байтабындықтар біршама техникаларын жаңалап алды. Германиядан күріш ақтайтын арнайы құрал-жабдық алдыртып, автоматтандырылған «Petkus» зауытын салды. Неміс құрылғысы әлем бойынша тұқым өңдеудегі үздік зауыт ретінде әлдеқашан мойындалған. Серіктестіктің осы заманауи күріш ақтау құрылғысына көңіл бөлуі де содан. Бұл озық технологияны қондыруға, құрал-жабдыққа, оның құрылыс жұмыстарына 48 млн теңге жұмсалған. Әрине аз қаржы емес. Десек те, күріш шаруашылығын дамытып, өнім сапасын арттыру мақсатында осындай іске бел шешіп кіріспесе, тағы болмайды. ­Қырман басындағы мамандардың сөзінше, бұл жабдықтар күрішті қолмен айырғандай өңдейді екен. Алдымен тұқымдыққа арналған күрішті әкеп салады. Бір шетінен таза, сапалы өнім беретін тұқым шығып жатады. Екінші жағынан өнім бермейтін, бірақ пайдалануға болатын күрішті бөлектеп тас­тайды. Тағы бір жағынан күрмекті аршып алады.

Осындай заманауи құрыл­ғылардың көмегімен шаруа­шылықтың шаруасы да ширай түсті. Облыс орталығында өткен «Алтын дән – 2019» салтанатты жиынында облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов күзгі егіс науқанының қорытындысымен Жалағаш ауданын «Үздік аудан» номинациясымен марапаттап, І дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгісін «Байтабын» ЖШС төрағасы Сапарбек Мыхановтың кеудесіне тақты.

Айта кетейік, ел алдында еңбегімен қадірлі «Байтабын» ЖШС басшысы Сапарбек Мыханов – Бұқарбай батыр ауылының тумасы. Жастайы­нан дала жұмыстарының дүбіріне ілесіп, ауыл тірлігінің жай-жапсарын жадына түйіп өсті. Сондықтан болар, еңбек жолында жиған мол тәжірибесін туған ауылының тұрмыс-тіршілігін нығайтуға бағыттады. Бүгінде ауылдың әлеуметтік саласын көтеруге атсалысып, елдегі егін шаруа­шылығының табысын еселеуге аянбай күш-жігерін жұмсап келеді.

Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ.

Жалағаш ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<