Гектарына – 61 центнер

482

0

Күз – береке мен молшылық айы. Ырысты, күрішті Сыр өңірінде егін жинау науқаны мәреге жетті. Қамбаны қызыл дәнге толтырған Сырдария ауданы шар­уа­шылықтарының қатарында «Асқар Тоқмағанбетов – ЛТД» ЖШС да, бар.
«Елде болса, ерінге тиеді» дегендей, ақын атындағы шаруа­шылықтың ауылға жасап отырған қамқорлығы ауыз толтырып айтарлықтай. Биыл ауылдағы мешіт жанынан 150 орындық асхана пайдалануға берілді. Ауыл орталығынан 20 орындық қоғамдық монша салынуда. Жыл сайын мектеп бітіруші түлектер білімге ынталансын деп оларға жоғары оқу орнында пайдалануға қажетті құралдар сыйға беріледі. Ауылдың 80-нен астам тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қарттарға да қамқорлық танытып, ардагерлер бөлмесін жабдықтады. Мұның барлығы шаруашылық директоры Мең­діғали Есжанов­тың іскерлігінің,  көпшілікті ортақ іске жұмылдыра білетін ұйымдас­тырушылық қабілетінің арқасында мүмкін болып отыр.
Ынтымағы жарасқан шар­уа­шылық еңбеккерлері биыл да мол өнімге қол жеткізді.
– Үстіміздегі жылы шаруа­шылық диқандары 900 гектар алқапқа Сыр салысын өсірді. Егін бітік шықты. Серіктес­тік бойынша әр гектардан 61 центнерден өнім алды, – дейді М.Есжанов.
Иә,  «егінші – мәрт, жер – жомарт» дегендей, биыл үшінші мәрте «Қаракөл» алқабы мол өнімге негіз қалады. Мұнда тәжірибелі бригадир Бақыт Жылқыбаев жетекшілік ететін №3 бригада егінжайы орналасқан. Агротехникалық шаралар талапқа сай жүргізіліп, күрішке күтім ойдағыдай жасалғандықтан, егін жинау кезінде 180 гектар алқаптың әр гектарынан 65 центнерден өнім алынды.
Шаруашылық диқандары Нұрлан Жүзтаев, Бейбіт Жақыпов, Жұмағали Сатыбалдиев өздеріне бекітілген алқаптың әр гектарынан 60 центнерден жоғары өнім алды. Сыр салысын орудан жыл сайынғы шаруашылық чемпионы Марал Бекжанов «Енисей» жаткасымен бір маусымда 250 гектар алқапты дестеге салса, бесаспап механизатор Бағдат Жасағанбергенов астық бастыруда шаруашылықтың алды болды. Сондай-ақ, тасымалда Ерлан Жұмабаев тасқынды еңбек етіп, егінжайдан қырманға 7-8 мың центнер астық тасымалдады.
Бүгінде егін жинауды табысты аяқтаған шаруашылық еңбекерлері жыл соңында қомақты қосымшаға ие болады. Бұл – «еңбек етсең ерінбей…» деп ұлы Абай айтқандай, адал еңбек, маңдай тердің жемісі.
Шаһарбек НҰРСЕЙІТОВ.
Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<