КҮРІШ ЕГУ МӘРЕГЕ ТАЯДЫ

477

0

Әне-міне дегенше жаз жақындап қалды. Сырбойылық диқандар биыл да әдеттегідей дала төсін дүбірге толтырып, қарбалас тіршіліктің қамымен жүр. «Көктемнің бір күні – жылға азық» демекші, еңбеккерлер маңдай терінің өтеуін күні ертең-ақ көретіні сөзсіз. 

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, осы жылы 177,1 мың гектар жерге егiс егу межеленді. Оның басым бөлігін дәнді дақылдар мен күріш егістігі құрап отыр. Сәуірдің соңына таман басталған күріш егу жұмысы бойынша жоспарлы көлемнің 55 976 гектары егіліп, оның 49 230 гектары суға бастырылды. Биылғы егіске 22 695 тонна күріш тұқымы құйылса, соның айтарлықтай үлесі «Янтарь», «Маржан», «Новатор», «Фаворит» сорттарына тиесілі. Қазіргі күні шаруашылықтарда тұқым тазалау шаралары аяқталып, толығымен себу дәрежесіне жеткізілді. Ерте егілетін дақылдарды орналастыру артығымен орындалды. Диқан қауымы бұл күні картоп, көкөніс және бақша дақылдарын егудің қарбаласымен жүр.

Күннің шуағымен жердің тоңы жібіген бойда шаруашылықтар жылда техникасын майлап, басқа да қажетін сайлап алуды дағдыға айналдырған. 2018 жылдың егісіне 54,2 мың тонна минералды тыңайтқыш қажет болса, бүгінде соның 45,3 мың тоннасы  немесе 83,7%-і сатып алынды. Ал ауыл шаруашылығы құрылымдарына қажет 56,9 мың литр гербицидтің әзірге 21,6 мың литрі немесе 37,9%-і қолға тиіп отыр. Сондай-ақ, тиісті құрылымдарға 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны таратылды. Көктемгі дала шаруасына бүгінде 1655 трактор, 450 соқа, 222 тұқым сепкіш, 359 автомашина және 830 трактор тіркемесі белсенді түрде араласып келеді.

Еңбектің өнімді болуы үшін басты қажеттілік саналатын судың да мөлшері қамтамасыз етіліп отыр. Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен биыл  дақылдарды тұрақты суаруға 4,2 млрд текше метр су лимиті бекітілді. Қазіргі күні «Шардара» су қоймасына жоғарыдан секундына 387 текше метр су түсіп жатыр. Қоймадағы су көлемі 4,3 млрд-ты құраса, төменге секундына 400 текше метр су тасталуда. Сондай-ақ, «Көксарайдан» секундына 300 текше метр су жіберілуде. Осылайша аймаққа барлығы 640 текше метр су түсіп, оның 387,5 текше метрі шаруашылықтардың егістік каналдарына жіберілуде.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<