КҮРІШТІ СУСЫЗ ӨСІРУГЕ БОЛАДЫ

605

0

КҮРІШТІ СУСЫЗ ӨСІРУГЕ БОЛАДЫ Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары Қазақстанның барлық өңірлерінде күріш өсіруге болатынын дәлелдеді. 
Жаз айларында судың ортасында тұрса ғана өнім береді деп келген дақылды жайылма сусыз-ақ жайқалтып өсірудің мүмкіндігі бар екен. Осы институтқа қарасты «Үшқоңыр» білім тарату орталығының тәжірибелік алқабы қырда орналасқан. Жаңаны көрмекке келгендер осы жерде бас қосты. Жиналғандар алдында сөз алған институт директоры Серік Кененбаев күріш дақылын дәстүрден тыс заманауи технологиямен өсірудің тиімді тұстарына тоқталды.
Күріш – суды өте көп қажет ететін дақыл. Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері болашақта күрішті сулы өңірге жатпайтын жерлерде де өсіруге болатынын, оның тиімді технологиясын өз тәжірибелері арқылы көрсетті. Далалық семинарға жиналғандарға экспериментальды алқапты аралата жүріп, дақылды күтіп-баптаудың жаңа технологиясы жан-жақты түсіндірілді. Мұнда қаз-қатар себілген күрішке 100 күн болған екен. Бір түптен он тал сабақ тарапты. Жап-жасыл болып жайқалып тұр. Ғалымның айтуынша, себуден басталатын, күтіп-баптаудың барлығы басқаша.
Тұқымды әдеттегідей шашып сепкенде, бір гектарға 250-300 келі дән кетеді екен. Ендігі жерде шашпайды, барлығын арнайы агрегат бір жүріп өткенде-ақ атқарады. Агрегат жерді жыртып, әрбір қатарға су тамшылататын таспа тартып, бетіне үлдір-пленканы жауып, екі жағын жел көтеріп кетпес үшін топырақпен қымтап, үлдірді қос қарыс сайын тесіп, тесікке дәлдеп бір-бірден дән тастап кетеді. Техниканың бір жүріп өткені осынша шаруаны бірден тындырады. Бір гектарға 15 келі ғана дән кетеді. Үлдір ауа өткізбейтіндіктен, арамшөпті шығармайды. Тесіктен күріш қана өніп шығады. Арамшөппен күрестің амалы осылайша табылған. Өз міндетін атқарған үлдір жылға жетпей ыдырап, топыраққа сіңіп кетеді. Оның кереметі сол, біріншіден, арамшөпті шығармайтын болса, екінші жағынан аз судың өзін кебуден қорғайды. Нәтижесінде, күріштің түбі көл-көсір сусыз-ақ үнемі ылғалданып тұрады. Тамшылатып суару әдісі су шығынын он есеге дейін азайтуға мүмкіндік береді. Жұмысты атқаруға керекті техника, керек-жарақтар негізінен, Қытай елінде шығарылады. Біздің ғалымдарымыз сол техника мен құрал-жабдықтарды пайдалана отырып, жаңа әдіс-тәсілдер ойлап тапты.
Сол маңда төменгі етекте жерасты суы онша тереңде емес екен. Суды электр қуатымен жұмыс істейтін, бірақ тоқты аз қажет ететін 2,5 киловаттық итальялық сорғымен тартып, қыр басына орнатылған 25 текше метрлік ыдысқа жинайды. Ыдысты бір толтырып алғаннан кейін, кранды ашқанда, күннің қызуымен жылыған, екі сүзгіден өтіп тазарған су жоғарыдан төмен қарай өз екпінімен ағып, суландыру таспалары арқылы тарамдалып, қатарларға жетеді. Қажетті тыңайтқыш та суға керегінше қосылып отырады. Су ешқандай ысырап болмайды, тек күрішке ғана қажетті мөлшерде беріледі. Бұл экспериментке екі жыл болған. Өткен жылы мұнда бір гектардан 48 центнерден өнім алынған. Ал облыс бойынша жалпы күріш алу орта есеппен 41 центнерден айналыпты. Биылғы көрсеткіш 50-60 центнерді құрайды деген сенім бар.
Далалық семинарға Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстары мен Балқаш қаласынан келген фермерлер, ауыл шаруашылығы мамандары қатысып, жаңалыққа қанықты, ой-пікірлерімен бөлісті. Жиналғандар инновациялық технологияның артықшылығына қызығушылық танытып, болашақта бірлесе жұмыс істеуге ниет білдірді.
Республикалық «Айқын» газетінен. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<