МАРЖАН ДӘН МОЛШЫЛЫҒЫ

630

0

МАРЖАН ДӘН МОЛШЫЛЫҒЫБерекелі күз келіп, ел несібесі – егін-терінді ысырапсыз жинап алу жұмысы қарбалас іске көшкен.
Сыр бойында күріш деген дақыл бар,
Соны жырлап, соны айтыңдар ақындар, – деп арқалы Асқар ақын жырға қосқан сол күріш егісін Сыр аймағында ең көп егетін Сырдария ауданы. Биылғы жылы аудан бойынша 29603 гектар жерге егін шаруашылығы дақылдары орналастырылса, осының 17920 гектарына Сыр маржаны егілген. Шаруашылық құрылымдарының берген мәліметтеріне жүгінер болсақ, күріш егісінің 95,0 пайызы жақсы деп бағаланып отыр.
Бүгінде егіс даласы еңбек дүбіріне бөленген. Егін жинау науқанына 420 трактор, 231 астық комбайны мен 115 жатка, 77 жүк автокөлігі мен 200 трактор тіркемесі қатыстырылып, қырман басын қызылға толтырып, күн сайын астық тауларын биіктетіп барады.
Егін орағының көш басында «Мағжан и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келеді. Бұл шаруашылық 2002 гектар жерге күріш ексе, бүгінгі күнге осынша егістік жердің 983 гектарын орып, 712 гектар жерін бастырып та болған. Әр гектардан 53 центнерден Сыр маржаны жиналып, қызыл қырманда тазаланып жатыр. Сондай-ақ, «Мәди қажы» ЖШС мен «Абзал и К» толық серіктестігі егін еккен 1075-2550 гектар аралығындағы жерлерінің әр гектарынан 45-45,5 центнер аралығында өнім жинап, қамбаларына құюда. 667 гектар жердің әр гектарынан 51 центнерден Сыр маржанын жинап жатқан «Ақжарма и К» шаруа қожалығының егінші-механизаторларының да ертеңгі несібелеріне деген бүгінгі сенімдері айтарлықтай.
Айта кететін бір жағдай, кезінде күріш дақылынан несібелерін тауып отырған С.Сейфуллин ауылы соңғы бір-екі жылдықта тоқырауға ұшырап, егін егуден қағажу қалған еді. Абырой болғанда, ағымдағы жылдың ерте көктемінде ауылға облыс әкімі Қ.Көшербаев іссапармен ат басын бұрып, ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігімен етене танысып, ашық әңгімелесті. Сонда байырғы күрішші А.Баймұрат өткен жылы шаруашылықта бір гектар жерге де егін егілмей, ауыл адамдарының күйзеліске ұшырап отырғанынан хабардар еткен болатын. Шаруашылықтың мән-жайын жіті түсінген аймақ басшысы өз ұсынысын көпшілік ортасына салып, қолдау жасайтындығын мәлім еткен еді. Айтқандай, облыс басшысының тікелей нұсқауымен «Қызылорда Агро Даму» ауыл шаруашылығын қолдау қорынан 10 млн. теңге қаржы бөлініп, осы ауылдың «Қамқор» СТК-сі қайта шаңырағын көтерді. 700 гектар алқапқа кеш те болса күріш дәнін сепкен «Қамқор» СТК-сінің биылғы жылы ел несібесін молайтатындықтарына сенімдері мол. Бүгінде бұл шаруашылық егілген 700 гектар жердің 121 гектарын орып, 91 гектарын бастырып та болды. Әзірге әр гектар жерден 30 центнерден өнім жинап жатқан диқандардың ертеңгі күні алар өнімдері мұнан да мол болмақ. Бұл шаруашылықтың көш басында күрішші Қанат Бейіс келеді. 
– Жоғарыда айтқандай, – дейді бізбен әңгімесінде аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Н.Нұғыман, – биылғы жылы 29603 гектар жерге егін шаруашылығы дақылдары егілсе, бүгінде астық жинау қарқынды жүргізілуде. Айта кетейін, ауыл шаруашылығы құрылымдарына өнім шығымдылығы мен сапасын арттыруға облыстық бюджеттен 452 млн. теңге қаржы қаралды. Облыс әкімінің тікелей қолдауымен «Қызылорда Агро Даму» ауыл шаруашылығы қаржылай қолдау алған «Қамқор» СТК мен «А.Тоқмағанбетов ЛТД» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «БАҚ» шаруа қожалықтары да 500-800 гектар аралығында жерге күріш егіп, тіршілік тыныстарын қайта бастандырды. Сондай-ақ, биылғы жылы күріш егісінің әр гектарына берілетін субсидия көлемінің 25 мың теңгеге көтерілуі – өте құптарлық жағдай. Бұл дегеніңіз – диқан қауымы үшін үлкен қамқорлық, мол мүмкіндік. 
Ал, біздің айтарымыз, диқан қауымы, өнімдеріңіз мол болсын, қырмандарыңыз қызылға толсын.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<