«МӘДЕНИЕТ» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ МЕЖЕСІ БИІК

643

0

Жалағаш ауданына қарасты Мәдениет ауылында бүгінде 4  шаруашылық ұйымы жұмыс жасайды. Солардың қатарында он жылдан астам тәжірибесі бар «Мәдениет» шаруа қожалығы егін саласында екпінді еңбек етіп келеді. Шаруашылық өткен жылы егілген 615 гектар күріштің әр гектарынан 58 центнерден өнім алған болса, биыл жалпы аумағы 700 гектар жерге күріш егуді жоспарлап отыр. Шаруашылық төрағасы, аудандық мәслихат депутаты Ақділда Қыпшақбаев еңбектен тапқан табысын елмен бөлісіп, ауылдың әлеуметтік саласын көтеруге де аянбай үлесін қосып келеді.

 Айталық, аудандық мәслихаттың сессияларында ауылдағы көкейтесті мәселелердің біразын көтеріп, олардың өз деңгейінде шешімін табуына қажетті жұмыстарды да ұйымдастыра біледі. Соның бір көрінісі, депутаттың бастамасымен ауыл орталығындағы 4 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, асфальт төселді. Биылғы жылы ауылда балабақша, клуб, спорт мектебінің құрылыстары жүріп жатыр. Бұл жұмыстардың дер кезінде қолға алынып, жүзеге асырылуына да елі сайлаған депутаттың еңбегі бар екені даусыз.

 Осыдан бірер жыл бұрын ауылда аяқсу мәселесі шешімін таппай, тұрғындардың есік алдынан бақша егуіне ешбір мүмкіндік болмаған еді. Осыны ойға алған шаруашылық төрағасы А.Қыпшақбаев ауылдың шығыс бөлігіне аяқсу келтіру үшін «Қорқытбай» каналынан бастау алатын «Жоламан» каналын арнайы техниканың күшімен қаздырды. «Майжарма» каналынан қосымша саға ашып, аяқсу келтіріп, «Қорқытбай» каналына жаяу жүргіншілер өтетін көпір салып берді. Сонымен бірге, осы аумақтан жер ашып, күріш егіп, 200 гектар шабындық жерге су келтірді. Осылайша тұрғындарды толғандырған мәселе түбегейлі шешімін тапты.

   Сондай-ақ, ол ұрпақ тәрбиесіне бағытталған әрбір шараға көңіл бөліп, азаматтық көзқарасын білдіріп отырады. Ауылдағы І.Қабылов атындағы №32 орта мектепте жыл сайын ұйымдастырылатын «Мектепке жол» акциясына тұрақты қатысып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасыларға қаржылай көмек беріп отырады. Мәселен, өткен оқу жылында мектептің биология кабинетін қажетті оқу құралдарымен жабдықтап берді. Сонымен бірге, ҰБТ емтиханынан үздік шыққан түлектерге де ақшалай сыйлықтар тағайындауды дәстүрге айналдырған. Айталық, кәсіпкер А.Қыпшақбаевтың демеушілігімен мектептің екі оқушысы Қытай мемлекетінде шығыс медицинасы және аудармашы мамандығы бойынша білім алып жатыр. Биыл 1-ші курсты тәмамдайды.

– Еліміздегі халықтың тең жартысы елді мекендерде тұрады. Сондықтан ауылдағы шаруашылық ұйымдары негізгі жұмыстарынан бөлек, ауылдың барлық тыныс-тіршілігіне араласып, әлеуметтік мәселелерінің шешілуіне атсалысып отырады.  Осы тұрғыдан алғанда, біздің де алға қойған міндеттеріміз ауқымды, жұрт алдындағы жауапкершілігіміз жоғары,-дейді аудандық мәслихат депутаты.

 Отбасындағы алты баласын, немерелерін жастайынан шаруаға араластырып, шыңдап өсіріп келеді.Соның нәтижесі болар, ұлы Нариман Қорқыт ата атындағы ҚМУ-де оқып, ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандық алды. Бүгінде ол әкесінің сан-салалы тірлігіне қолғабыс етіп, дала жұмыстарына бейімделіп қалған. Алдағы уақытта олар егін жұмыстарымен қатар, мал шаруашылығымен айналысу жайын ойластырып отыр. Осындай еселі еңбегінің өтеуі болар, өткен жылы іскер азамат, аудандық мәслихат депутаты А.Қыпшақбаев Елбасының Жарлығымен, «Ерен еңбегі үшін» медалін иеленді.

Қазіргі таңда көктемгі дала жұмыстарын аяқтаған «Мәдениет» шаруа қожалығы күріш егісіне қызу  кірісіп кетті. Мұнда тұрақты еңбек ететін 22 адам жұмыстың жай-жапсарын жетік біледі. Сондықтан биылғы егістен де мол өнім алуға мүмкіндік бар, меже биік.

                                                                                            Ғазиза ӘБІЛДА,

                                                                                           «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<