ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖОҒАРЫ ӨНІМ НЕГІЗІ

700

0

«Ізденген жетер мұратқа” деген даналықты республика жұртшылығына есімдері танымал ағайынды Абзал, Дархан Ералиевтердің жетістіктеріне қарап айтуға әбден болады. Терең зерттеу, талмай іздену нәтижесінде озық технологияны өндіріске енгізген олар қазір жақын, алыс шетелдермен байланысты нығайтты.
«Абзал және Компания» толық серіктестігі инвестор болып табылатын «Мағжан және К» ЖШС-ның айы бірден оңынан туа қойған жоқ. Мұнан он жыл бұрын бәрі де басқаша болатын. 2003 жылы Н.Ілиясов атындағы ауылдың инженерлік жоспарланған жер қорынан «Абзал және К» ТС-не 15 жыл мерзімге 1838 гектар жер жалға берілген. Алғашқы жылы осы алқаптың 650 гектарына күріш егілсе, келесі жылы Сыр маржаны егісінің алқабы 1000 гектарға жеткізіліп, 300 гектарға жоңышқа егілді. Бұл кезеңде кеңестік шаруашылықтың ізінен құрылған осындағы «Нағи» ЖШС қарызға белшесінен батып, «Тұран Әлем Банкі» АҚ алдындағы несиесін өтей алмайтын болғандықтан 170 млн. теңге қарызды қайтару міндетін «Абзал және Компания» ТС өз мойнына алады. Күріш шаруашылығын жолға қойып, дамыту «Мағжан және К» ЖШС-не жүктеледі.
ОЗЫҚ ТЕХНОЛОГИЯ ЖОҒАРЫ ӨНІМ НЕГІЗІАталмыш серіктесік 2009 жылға дейін тек күріш өндірумен айналысып келсе, осы жылдың екінші жартысынан бастап элиталық тұқым шаруашылығы деген мәртебеге ие болады. Өнімнің шығымды болуы – тұқымнан екендігі ғылыми тұрғыда дәлелденген тұжырым. Қазіргі таңда бұл серіктестік сапалы тұқыммен күріш егетін облыс шараушылықтарын толық қамтамасыз етіп отыр. 
Шаруашылық еңбеккерлері күріш сорттарының барлық түрлері бойынша өнімділікті арттыру және тауарлы күріштің сапасын жақсарту бойынша аянбай еңбек етуде. Осыған орай шаруашылықта соңғы бес жылда күріштің «Янтарь», «Лидер», «Фишт», «Анаит» сорттары жерсіндірілді. Ресейлік «Бальдо», «Османчик», «Виктория», «Диамант», өзбекстандық «Гульжахон», «Ситора», «Истикбол», «Истиклол» күріш сорттары жерсіндірілу сатысында. Мұның барлығы сайып келгенде серіктестіктің Бүкілресейлік күріш ғылыми-зерттеу институтының, Кубань мемлекеттік аграрлық университетінің және Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институтының ғалымдарымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жасауының нәтижесі. Серіктестік күріш саласындағы оңды істерді үйренуден, оң тәжірибелерді қолданудан қаржыны аянып жатқан жоқ. Жыл сайын Краснодар өлкесінің көшбасшы шаруашылықтарынан тәжірибе алмасуға бес-алты маман іссапарға жіберіледі. Өз кезегінде ресейлік мамандар да осы серіктестіктің егіс танаптарына келіп-кетіп, өзара тәжірибе алмасуда.
Биылғы жылы Н.Ілиясов ауылындағы №132 Т.Айтбаев атындағы орта мектепті бітірген екі түлек шаруашылық есебінен Кубань мемлекеттік аграрлық университетінде «Агрономия және топырақтану» мамандығы бойынша тегін білім алуда. Қазіргі таңда жергілікті орта мектептің 45 оқушысын Қызылордадан арнайы фирма келіп, «Ағылшынша сөйлейміз» атты курста оқытып жатыр. Бұл – болашақта ауыл түлектеріне шетелдерде оқуына даңғыл жол ашылады деген сөз. Мұны шаруашылық басшыларының кемел елдің келешегі-білімді ұрпақ екендігін түйсініп отырғаны деу керек. Сондай-ақ, серіктестік мамандары жыл сайын шетелге тәжірибе алмасуға да жіберіледі. Олар бұған дейін күріш өсіру технологиясын зерттеу бойынша Испания, Италия, Түркия, Корея мемлекеттерінде болса, биылғы жылдың қараша айында серіктестік директорының орынбасары Марат Сәрсенбаев пен агроном Кенжебек Әнапияұлы Филиппин елінде болатын «7-ші халықаралық күріш генетикасы» жөніндегі симпозиумға қатыспақшы. Одан әрі мағжандық мамандар тәжірибе алмасу үшін Индонезия, Вьетнам елдерінің күріш шаруашылықтарында болады деп жоспарланып отыр. 
Күріш өсіруден мыңжылдық тәжірибесі бар әлемнің мықты елдерімен іскерлік байланыс орнатып отырған серіктестікте олардың көшіне ілесуге бар мүмкіндіктер жасалып жатыр. Қазіргі кезде серіктестікте қара күріш тазалайтын үш зауыт бар. Олардың алғашқысы кореялық зауыт 2008 жылы іске қосылған. 2010 жылы жұмыс істей бастаған қытайлық зауыттың қуаттылығы сағатына 60 тонна болса, өткен жылы іске қосылған германиялық зауыттың қуаттылығы үш есе артық. 
Шаруашылықта қазіргі заманауи үлгіге сәйкес жоғары технологиялы тұқым тазалайтын екі зауыт бар. Күріш, жоңышқа тұқымдарын тазалайтын германиялық зауыттар іске қосылған. Сондай-ақ, соңғы үш жылда сыйымдылығы 9300 тонна болатын 8 күріш қоймасы салынған. 
Шаруашылықта озық тәжірибелерді қолданудың нәтижесінде күріштің өнімділігі жыл сайын арта түсуде. Сонымен қатар, егіс көлемі де ұлғайып барады. Мысалы, 2008 жылы шаруашылық бойынша 3300 гектар күріш алқабының әр гектарынан орташа 54 центнерден өнім алынса, 2009 жылы күріш егісінің көлемі 3920 гектарға ұлғайтылып, оның әрбір гектарынан 60,5 центнерден өнім алынған. Ал, 2010 жылы егіс көлемі 4050 гектарды құрап, әрбір гектардан алынған өнім 62 центнерге жеткізілді. Соңғы үш жыл көлемінде күріш алқабы 5 мың гектарға ұлғайтылып, орташа өнімділік 63-65 центнерді құрады. Бұл, сөз жоқ, озық технологияларды өндіріске батыл енгізудің нәтижесі. Күрішті ору, бастыру процестеріне шетелдік технологияларды пайдалану да кеңінен жүргізіліп келеді. 
Серіктестіктің машина-трактор паркі жыл сайын жаңару үстінде. Биылдың өзінде екі жаңа «John Deere 6770S» комбайны, төрт «John Deere 6770S» тракторы, бір «Mac Don» жаткасы алынған. Осындай шаруашылықтың жаңару, жаңғыру жағдайы биылғы егінді қысқа мерзімде, ысырапсыз жинап алуға жан-жақты мүмкіндік жасамақ.
– Қазіргі таңда өңірде күріш өсіруге облыс басшысы тарапынан қолдау айтарлықтай болып отыр. Субсидия көлемі 18 мың теңгеден 25 мың теңгеге дейін көтерілді. Күріш консорциумы құрылып, Сыр елінің басты дақылының бағасын өз дәрежесінде ұстауға жұмыс жасалуда. Бұл біздің диқан қауымына үлкен күш-жігер береді, – дейді «Мағжан және К» ЖШС директоры Дархан Ералиев. 
Міне, ел аузында жүрген «Абзал и К» толық серіктестігі мен «Мағжан и К» шаруашылықтары ауылды гүлдендіріп, ел-халықтың әлеуетін көтеріп қана қоймай, ауқымды шаруаны ғылыми тұрғыдан жетілдіріп, зерттеп, маман-кадр дайындау ісіне ден қойды. Өз өнімдерін экспорттауға келгенде, олардың өнімдерін Ресей, Иран, Әзірбайжан тәрізді мемлекеттер сатып алуға ниеттеніп отыр.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<