Саланы цифрландыру жұмысы қарқынды

516

0

Саланы цифрландыру жұмысы қарқынды   Шиелі ауданында күріш егісіне алғашқы дән себу рәсімі өтіп, «Дала күні» дәстүрлі семинар-кеңесі аясында сырбойылық шаруалар агросекторды цифрландыру, дамыту мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев «Аkmaya Smart Farm» ақылды ферма» жобасының жүзеге асу барысымен танысты.

Аймақтағы «Ақмая» шаруа қожа­лығы FMIS – «ақылды ферма» зият­керлік геоақпараттық форманы қол­данатын пилоттық шаруашылық. Ол жедел навигацияны, өріс деректерін толық талдауды және өндірістік процестердің мониторингін қамтиды. Семинар-кеңесте аталған шаруа қожалығының егіс алқабында ауыл шаруашылығы саласын цифрландыру, агродрондарды егіншілікте пайдалану ерекшеліктері, ауыл шаруашылығының жаңа техникалары мен технологияларын өндіріске енгізу мәселелері қарас­тырылды. Сондай-ақ, «Ақылды ферма» технологиялары бойынша арнайы көрме ұйымдастырылып, 10 кәсіпорын сырбойылық шаруаларға ауыл шаруа­шылығы техникалары, гербицид, тың­айт­­қыштың жаңа түрлерін таныстырды.

Жиынға аудан, қала әкімдері мен орынбасарлары, облыстық басқармалар мен тиісті салалық мекемелер, қоғамдық ұйымдар, шаруашылық басшылары қатысты.

Семинар-кеңесте облыс әкімі су үнемдейтін суару технологияларын бел­сенді енгізуді және басқа елді­ ме­кендерде «ақылды фермаларды» құру тәжірибесін қабылдау керегін ерекше атап өтті.

– Биылғы дән себу рәсімін өткізуде Шиелі ауданындағы Ақмая ауылын бекер таңдаған жоқпыз. Себебі, күріш өсіру тарихына үңілсек, осы ауылдың топырағы – кезінде 16 Еңбек ерін шы­ғарған қасиетті мекен.

Биыл да күріш тұқымын сауық­тыру, әртараптандыру бағытында майлы, малазықтық, картоп, бақша дақыл­дарының өнімділігін жоғарылату және суармалы жерлерді қалпына келтіру бағытында бірқатар жобаларды қаржыландыруды қолға алдық. Агро­өнеркәсіптік кешенді дамытудың мем­­лекеттік бағдарламасы бойынша елімізде маңызды жобалар іске асы­рылуда. Осы орайда, Сыр өңірінде де ауыз толтырып айтатын жұмыстар жүзеге асырылуда. Бір ғана мысал, мемлекеттік қолдауларды ұтымды пайдаланған облыс егіншілері соңғы жылдары, ақ күріштің молшылығын жасауда табысты еңбек етіп, жыл сайын ел қамбасына жарты миллион тонна астық құйып келеді. Сонымен бірге, өткен жылы орын алған су тапшылығын болдырмау үшін ар­тық егілетін күрішке суармалы су жеткі­зіп беруді әкімдік өз мойнына алмайтындығын шаруашылық бас­шы­ларына тағы да ескерткім келеді, – деді аймақ басшысы.

Саланы цифрландыру жұмысы қарқынды Бекітілген ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру сызбасына сәйкес биыл аймақ диқандарына тұрақ­ты суаруға 4,2 млрд текше метр су қажет. 2019 жылғы 18 сәуірдегі жағдай бо­йынша, «Шардара» су қоймасында 5,1 млрд текше метр, «Көксарай» су рет­те­гішінде 2,1 млрд текше метр су жи­налуда.

«Дала күнінде» көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы және әртараптандыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ауыл шар­уа­шылығы басқармасының және жауап­ты мекемелер мен ұйымдардың басшылары, аудан әкімдері баяндады.

Биыл облыста 178,6 мың гектар ауыл шаруашылығы дақылы, оның ішінде 93,5 мың гектар аумаққа дәнді дақыл, 7,2 мың гектар майлы дақыл егіледі. Азықтық дақылды 60,7 мың, картоп, көкөніс, бақша дақылдарын 17,2 мың гектарға егу жоспарланған. Сонымен қатар, 83 мың гектардан астам күріш егіледі.

Шиелі ауданында 27372 гектарға егіс егу жоспарланса, оның ішінде дәнді дақылдар 13127, майлы дақыл­дар 2100, малазықтық дақылдар 8564, картоп, көкөніс, бақша 4581 гектарды құрайды. Аудан әкімі Әшім Оразбекұлының айтуынша, негізгі дақыл күріштің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1047 гек­тарға қысқарып, әртараптандыру бағ­дар­ламасы аясында бидай, жо­ңышқа, мақсары дақылдарының көлемі кө­бейтілген.

Ал, саланы цифрландыруға ден қойған «Ақмая» шаруа қожалығы биыл  1333 гектар алқапқа егін егеді.

– Ақылды технология шаруа­шы­лықты жүргізуге айтарлықтай тиімді болатын секілді, себебі жерге талдама жасап, калий, фосфор, сульфаттың көлемін анықтау мүмкіндігіне ие болдық. Жаңа технология арқылы өнімді жоғары деңгейде алу жоспар­ланған. Бұрын әр гектардан 58-62 цент­нерден өнім алсақ, биыл 70-72 центнер өнім жинаймыз деген ойдамыз, – деді шаруа қожалығының төрағасы Дәулет Жұмбеков.

Жиында өзге аудан әкімдері де биылғы жылғы егістің жайына тоқ­талды. Бекітілген сызбаға сәйкес биыл Жалағаш ауданында 36465 гектарға егіс егу жоспарланса, оның ішінде негізгі дақыл – күріш алқабының көлемі 21600 гектар. Сондай-ақ, су тап­шы­лығының болу қаупіне байла­нысты ауданда күріш алқабының кө­лемі қысқартылған.

Ал Қазалы ауданында 17 329 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру межеленген. Аудан әкімі Мұрат Ергешбаев егіс егуде әрта­рап­тандыру бағытына ерекше мән беріл­генін атап өтті.

Далалық семинардың мақсаты өнімділікті көтеруде қазіргі заман талабына сай заманауи цифрлық техно­логияларды қолданып, өндіріске енгізу мәселелерін талқылап, таныс­тыру бола­тын. «Ақылды ферма» жобасын жүзеге асыру барысында нақты егіншілік элементтері, цифр­лан­дырылған егістік жерлер, агродрон­дарды қолдану, шағын дербес метео­с­тан­цияларды пайдалану арқылы шығындарды барынша азайтып, өнім­­­ділікті арттыруға болатыны нақ­тыланған.

– Облыстың табиғи-климаттық жағ­­дайында егін шаруашылығының тиімділігін арттыру үшін ғылыми-зерттеу институттарының жетістіктерін өндіріске енгізіп, инновациялық жоба­ларды іске асыруымыз қажет. Бұл –заманның, уақыттың талабы, – деді облыс әкімі. 

Жиында  Ы.Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Бақытжан Дүйсенбеков ауыл шаруашылығы ке­шенін дамыту бағытында 7 жоба қол­да­­нылып, 7 шаруашылықта жаңа тех­но­логиялар енгізілетінін атап өтті.

Аймақта мал азығының мол қорын жинау мақсатында ылғал сақтайтын жаңа технологияларды (аквасорбент, агрогель) пайдалана отырып, құнарлы жерлерде малазықтық дақылдар өсіру жобасы іске асырылуда. «Бес­арық» шаруашылық базасында аква­сор­бент­терді қолдану арқылы 3 гектарға бидай және 2 гектарға мақсары егілді. Жоба Ы.Жақаев атындағы «Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының» ЖШС ғалымдарымен бірлесіп жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта олардың тәжірибесі облыстың басқа шаруашылықтарына да тара­тылатын болады.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<