«СЫБАҒАНЫҢ» СЫБАҒАСЫ МОЛ

527

0

«СЫБАҒАНЫҢ» СЫБАҒАСЫ МОЛЗаманында қазағымның малсыз күні болмаған. Жаз жайлауда, қыс қыстауда төрт түлігін өргізген бабалардан қалған ата кәсібіміздің бертін келе құрдымға кете барғаны да ащы да болса ақиқат. Ал, бүгінде Елбасымыздың тікелей нұсқауымен мемлекет тарапынан мал шаруашылығын өркендетуге көп көңіл бөлініп, қаржылай қолдау жасалып жатыр. Ел-халыққа берер сыбағасы мол «Сыбаға» бағдарламасы – ата кәсібімізді өркендетудегі бірден-бір қолайлы жоба.
Айталық, биылғы жылы осы бағдарлама бойынша Сырдария ауданында 350 бас мүйізді ірі қара малын сатып алу жоспарланса, бүгінгі күнге 400 бас мүйізді ірі қара сатып алынды. Қазіргі таңда аудан аумағындағы төрт шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасы негізінде 66400 мың теңге көлемінде несие алып, мал басын көбейтуге бетбұрыс жасауда.
Ауданда мал басын көбейту ғана емес, одан алынатын өнімдерді де молайту бағытында игілікті істер атқарылуда екен. Яғни, мал бордақылау алаңдары мен мал сою пункттерін салу қолға алынып жатыр. Ал, асыл тұқымды мал басын көбейту күн тәртібінде тұр.
Биылғы жылы мүйізді ірі қара малына селекциялық жұмыстарын жүргізуге бетбұрыс жасаған жеке кәсіпкерлер Рахметов пен Шағырай және «Мырзабек», «Нұрсерік», «Оспанов» шаруа қожалықтары 61460 мың теңге субсидия алса, мал өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыру мақсатында «Алиакбар Ата Агро», «Алижанниет», «Сарғали» шаруа қожалықтары 4102200 теңге субсидия игерген. Бүгінде «Мастер-план» жобасы аясында мал шаруашылығымен айналысып отырған шаруа құрылымдарының жай-күйі зерттеліп, аудан аумағындағы мал жайылымдықтарының жағдайы, су құдықтарының саны мен сапасы нақтылануда.
Тағы бір айта кететін жағдай, мал өнімдерінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету бағытында ветеринарлық-профилактикалық шаралар жоспарлы жүргізілуде. Нақтылай айтар болсақ, эпизоотияға қарсы іс-шараларға республикалық бюджеттен қаржы қаралып, 15 түрлі індетке қарсы егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Яғни, өткен алты айда диагностикалық зерттеулер мен ветеринарлық шаралар дер кезінде асыра орындалып, жоғарыдағы қаржының 19 млн. 365 мың теңгесі игерілген.
Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы төрт түлік малға конго-қырым геморрагиялық қызбасы ауруын таратушы кенелер көп болды. Бұл ауданда малдың осы ауруына қатысты 14 елді мекен қолайсыз ретінде есепке алынып, кенелерге қарсы залалсыздандыру жұмыстарына қаржы қаралып, игерілген. Сондай-ақ, кенеге қарсы күресу мақсатында жоғарыдағы 14 елді мекенге 16 мал тоғыту хауызының құрылысын салуға жергілікті бюджеттен 28 млн. 720 мың теңге қаржы қаралып, бүгінде жер телімдері бөлініп, құрылыстың жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде екен. Ауданда төрт түлік мал бірдейлендіру және компьютерлік дерекқор базасына енгізілген.
Қыс қыр астында. Демек, мал басын жем-шөппен толықтай қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс күн тәртібінде тұр. Биылғы жылғы меже бойынша аудан аумағында 46,6 мың тонна шөп дайындау қажет болса, 27 мың тонна табиғи шөп, 7 мың тонна жоңышқа шөбі дайындалып, қыстауға жеткізілген.
Қорыта айтқанда, мемлекет тарапынан қабылданған «Сыбаға» бағдарламасының берер сыбағасы мол. Содан да ата кәсібімізді өркендетуге жасалып отырған бетбұрысымыздан бұра тартпауымыз керек-ақ.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Сырдария ауданы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<