ТАБЫС ТАБАНДЫЛЫҚТА

505

0

Аслан Қармақшы ауданының, дәлірек айтқанда, ІІІ Интернационал ауылының түлегі. Жастайынан сурет салуға құштарлығы мен бейімділігі оны Қорқыт ата университетінің бейнелеу өнері мамандығына оқуға түсуге алып келді. Университетті бітіріп шыққаннан кейін ауылындағы мектепте балаларға бір жылдай сурет сабағынан дәріс берді. Осыдан кейін Қызылордаға қоныс аударып, өндіріске араласты. Ел қатарлы нәпақасын тауып жүрді.

Жазым деген аяқ астынан. Аслан техникалық қауіпсіздік шараларының сақталмауы салдарынан жұмыс учаскесінде өндірістік жарақат алып, ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Бұл 2011 жылдың желтоқсан айы  болатын. Ес-түсінен айырылып, төсекте таңулы жатқан 26 жастағы тепсе, темір үзетін жігіт алдында қандай қиындықтар күтіп тұрғанын білмеді.

Бұл өте ауыр кезең болды. Жарақат алғаннан кейінгі екі-үш жыл ішінде төрт рет отаға түсті. Алайда, аяғын басып жүріп кете алмады. Мүгедектік арбаға таңылды. Сол уақыттары әркез жанынан жан жары Назерке табылды және мектепте бірге оқыған достары қолдау көрсетті.

Аслан өндіріс апатына түскеннен кейін жеті ай өткенде ұлдары Нұрислам дүниеге келді. Бұл үлкен қуаныш сыйлады. Дегенмен, мүгедек арбасына таңылғанды мойындау оған қиынға соқты. Сондағы ішкі күйзелістерін сөзбен айтып жеткізу қиын. Ол уақытта армандарыма жететін мүмкіндік жабылды деп те ойлаған еді. Бірақ өмір сүруді жалғастырып, барлығын қайта үйренуге тура келді.

Қиналған сәттерде сурет салуды әдет қыла бастады. Әсіресе, табиғат көріністері мен жыл­қының суретін сала отырып жан күйзелісін баса алды. Ол салған   суреттерімен     облыс орта­лы­ғын­да мүмкіндігі шектеулі жандар үшін ұйымдастырылған бірқатар шараларға қатысып, жеңімпаз атанды. Соның бірі ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізілген «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» атты байқау еді. Қазылардың жоғары бағасына ие болған Аслан «Үздік жасампаз» номинациясында  жүлделі І орын иегері. Келесі жылы да осындай байқау жеңімпазы атанды. Бұл жетістіктер оған қанат бітіріп, жігерлендіре түсті.

Мектепте мұғалім болып істейтін келіншегіне қолдау көрсету жөн деген ой оны үнемі мазалайтын. Есесіне, мүгедектігі үшін берілетін азғантай жәрдемақыға қарап отырудың және жөні жоқ.  Міне,  осындай ойлар  оны кәсіппен айналысуға алып келді. Саудасын өрістете келе канализация желісіне қажетті металл өнімдерін жеткізіп беру жүйесін жолға қойды. Қазір  Қызылорда қаласында осы тауарларды сататын оншақты орынмен келісімде жұмыс жүргізіп келеді. Осындай орындар Арал мен Қазалыда да бар. Кәсіпкер жігіттің қасында өз істерінің шебері  деп атауға лайық үш жігіт еңбек етуде.

Жуырда Кәсіпкерлер үйінде өткен «Өзіңе сене баста!» көрме-байқауы өзіндік мазмұнымен ерекше әсер сыйлады. Осы байқауға «Кәріз жүйелері өнімі, темір және сурет бұйымдары»  жобасымен қатысқан Аслан үшінші орынды иемденіп, 500 мың теңге сыйақымен марапатталды. Енді ол сол қаржыға ақша қосып, токарьлық станок алып, сырттан келіп жатқан металл өнімдерді осы жерде дайындауды жоспарлап отыр.

– Адамның еңбекке деген ынтасы болса, оған мүгедектік кедергі бола алмайды. Ең бастысы, алға қойған мақсатқа табандылық жеткізеді, – дейді Аслан Ертоқаев.

Айтпақшы, Аслан мен Назеркенің Нұрисламы биыл мектеп табалдырығын аттап, болашаққа қадам басып отыр.

 

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<