ТҰТЫНУШЫ ТАҢДАУЫ – «ҚАРАКЕТКЕН ТҰШПАРАСЫ»

452

0

Біздің қазақ отбасындағы берекені дастарханға қарап бағалайды. Десек те қандай да бір тауардың көптігі тұтынушының талғамын арттыратыны тағы рас. Сондықтан көпшілік осы күні сырттан тасымалданатын өнімдерден гөрі жергілікті өндірушілердің қолынан шыққан тағам өнімдерін көбірек тұтынады. Айталық, Аралдың балығына, Жаңақорғанның жеміс-жидегіне, Жалағаштың күрішіне сұраныс жоғары.

Жақында қала орталығындағы «Сәлем» деп аталатын сауда орта­лығына барған едім. Сонда байқа­ға­ным, сауда жасаушылардың дені «Қаракеткен тұшпарасын» сұрап жатты. Бұл кәдімгі Жалағаш ауда­ны­ның Қаракеткен ауылында өн­ді­рі­летін дайын тағам. Расында, дәмді, әрі мол. Бір қалтасын алсаңыз, екі рет ас дайындауға жеткілікті.

«Иә, бір заманда Қаракеткен қойды мыңдап өсірген, көлінде балығы тулаған, ырысты да ынты­мақты елді мекен еді»-деседі қария­лар. Ал, бүгінде ауыл өмірінің ағымы өзгерген. Ауылдық округте 1500-ден астам тұрғын бар. Осы халықтың 400-ден астамы тұрақты жұмыспен қамтылған. Яғни, жалпы жұртты алаңдатқан жұмыссыздық мәселесі мұнда да бар. Сондықтан қолынан іс келетін азаматтар қарекет қылып, кәсіпке бет бұрған. Ауыл әкімінің есебіне көз жүгіртсек, қазіргі таңда ауылда 55 кәсіпкерлік нысан жұмыс  жасап тұр.

Ауыл тұрғыны Жанат Мыр­за­құлова алғашқыда көп ойланды. Өзі мұғалім болып еңбек етеді. Алайда тапқан табысы тұрмыс қажеттілігіне жеткенімен, көңіліндегі көптеген жос­парын іске асыруға мүмкіндік бола бермейтін. Сондықтан кә­сіп­пен айналыссам деген ойға тоқ­талды. Десек те қазір кәсіптің түрі көп. Қайсысы қолайлы? Ауыл тұр­ғын­дарына қан­дай өнім өтімді, оны өндіру жолдары қандай? Бәрі­нен бұрын оған қаражат қажет. Қара­жат­тың қандай көзі бар? Осындай оймен жүргенде «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдар­ла­­ма­сынан хабардар болды. Сонымен құ­жаттарын әзірлеп, 2014 жылы атал­ған бағдарлама бойынша ауыл кәсіп­керлеріне арналған жеңіл­де­тіл­ген несие алды.

Жаңа жұмыс орнын ашып, Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылында, тұшпара өндіретін цех және төсек жабындыларын тігетін цех жұмысын қолға алды. Бүгінгі күні жеке кәсіпкердің өндірген өнімдері – «Қаракеткен тұшпарасы» және «Ақ-керім» жабындысы ауыл, аудан орталығынан асып,  Қызылорда қаласындағы сауда орындарында сатылуда. Кәсіпкердің айтуынша, тұшпара дайындауға қажетті еттің 30 процентін өздері өндіріп, 70 про­центін жергілікті мал сою пункт­терінен алады. Сол секілді төсек жабындысына қажетті матаны да тұрақты сауда орнынан сатып алады. Ісі ілгері басқан кәсіпкер Жанат Мырзақұлова жылына 7-8 млн тенгенің өнімін өндіріп, ел қазы­на­сына 250 мың теңгеге дейін салық төлемдерін төлеп отыр.

– Біздің цехтарымыз – ауылдық жерде орналасқанымен, осындай өнім түрлерін дайындайтын облыс көлеміндегі бірден-бір өндіріс орны. Аталған өнімдер бойынша санитарлық талаптардың бар­лығы сақталып, арнайы сертификаттары алынған, – дейді кәсіпкер келіншек. Сондай-ақ, кәсіпкердің ай­туынша, ауылда кәсіп ашып, өнім өндірушілердің өзіндік қиын­дық­тары да бар. «Біріншіден,  өнімді өткізуге байланысты жұмыстар жүйе­­ленсе, яғни ауыл тауар өнді­ру­шілері үшін  арнайы «Дайындау орталықтары» құрылса, осы орталықтың жоспарлы тапсырысымен  өнім өндіріліп, уақытылы есептесу жүйесі енгізілсе тиімді болар еді. Әсіресе, ауылда өнім өндірушілер үшін арнайы жеңіл­детілген қаржылық көмек беру жолдары қарастырылғаны жөн. Сондай-ақ,  өндірген өнімнің 80 процентке дейін тұтынушылары қала тұрғындары болғандықтан, грант­тық көмек есебінде ауылда өнім өндіру­шілер үшін арнайы тасымал көліктері берілгені дұрыс болар еді», – дейді ол. 

Иә, ыстық ықыласпен әзірленген ауыл дәміне сұраныс артып келеді. Сондықтан кәсіпкер Ж.Мырзақұлова бүгінде қала орталығындағы «Әмина» дүкенінен жалға тұшпара асха­насын ашып, қызмет көрсете бастады. Жалпы, өндіріс орны отбасылық кәсіпке бағытталған. Болашақтағы жоспарлары да ауқымды.

Ғазиза ӘБІЛДА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<